Жылусыз қалған Тараз қаласындағы ықшам аудан тұрғындары облыс әкімінен көмек сұрайды

1016

Тараз қаласындағы жаңадан бой көтеріп жатқан, құрылысы әлі толық аяқталмаған "Ұлы дала" ықшам ауданының басынан дау арылмай-ақ қойды. 

Жылусыз қалған Тараз қаласындағы ықшам аудан тұрғындары облыс әкімінен көмек сұрайды Фото: Тұрғын Жасұлан Бақытбекұлынан

2019 жылдан бері ықшам аудан тұрғындардың арқасына аяздай батқан мәселелер әлеуметтік желілерде, жергілікті, республикалық БАҚ беттерінде аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Алайда, мәселелері шешілудің орнына, қордаланған үстіне қордалана түсуде. Бұл туралы inbusiness.kz сайтының тілшісі хабарлайды.

Әсіресе, қылышын сүйретіп қыс келгелі "Ұлы далалықтардан" тіпті маза қаша бастайды. Мазалары қашпай қайтсын, қыстың көзі қырауда жылусыз қалып, дірдек қағып отырса. Мәселен "Ұлы дала" ықшам ауданы, №1023 үйдің тұрғындары жылу мәселесімен екі жылдан бері арпалысып келе жатқанын, алайда қуантарлықтай нәтиже жоқ екенін айтады. Тұрғындардың айтуынша, жергілікті атқамінерлер жұртшылықтың жанын жегідей жеген мәселемен жақсы таныс. Солай бола тұра биыл тағы да жылу мәселесімен бетпе-бет келіп отыр.

Фото: Тұрғын Жасұлан Бақытбекұлынан

"Тараз қаласында "Ұла дала" дейтін ықшам аудан бар. Облыс басшысы Ербол Қарашөкеев жақсы біледі. Әкім болған күннің ертесінде жаяу аралаған. Осы "Ұла даламыз" ауы мен бауы байланбаған адам сияқты алқам-салқам жатыр. Басқа проблемаларын кейін жаза жатармыз. Алдымен дәл қазір күйіп тұрған жылудың жайын қозғасақ.

Бұл жақтың жылуы батареяның секциясы сияқты: жоғары жағындағы үйлерде – бар, төменгі жағындағыларда – жоқ! Магистральдің шамасы жетпеген соң құрылыс компанияларын қинап жатып, әкімдік амалын тапқан. Қазір әр үйдің астында бірден, екіден мотор тұр. Сол мотор бізде де бар. Бірақ күші жетпейді. Мердігер компания басшылары істі болыпты деп естідік. Дәл қазір олардың біздің проблемаға басы қатып жүрген жоқ.

Біз жаңа үйге кіргелі екі жылға жуықтады, жылудың жырымен екінші жыл алысып келеміз. Өткенде жаңа насос әкеліп орнатты. Ол 400 ваттық қана, шамасының жетпейтінін техникалық сипаттамасының өзі-ақ айтып тұр. Болмаған соң бұрынғы тұрған ескімізді қайта жалғаттық. Ол 2100 ваттық. Мұның өзі зорығып, шаруасы біткелі тұр. Даусы дарылдап, әр жерінен су да тамып жатыр.

Қысқасы, бұл мәселемен қала әкіміне де, орынбасарларына да кіргенбіз. Тараз қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрбол Қалдыбаев та мәселемен жақсы таныс. Қазіргі орынбасары Қайрат Исмайл да келіп, көріп, тұрғындарды сабырға шақырып, "Бәрі жақсы болады" деп кеткен.

109-ға қоңырау шалған сайын құрылыс бөлімінің, басқа да тиісті мекемелердің мамандары келіп, кетіп жүр. Бірақ айтарлықтай нәтиже жоқ. Ол жігіттерге рақмет. Түнде болсын жетіп келеді. Жақында тағы бірнәрсе шұқылап кеткен, содан бері элеватордағы есептеуіштердің барлық көрсеткіші нормаға сай көрсетіп кетті. Бірақ пәтерлердің іші даладай суық. Алғашқы батареялар жылы, соңғы бөлмедегілер тастай.

Енді облыс әкімін ғана шақыру қалды. Үйде жаңа туған нәрестелер бар. Көбі тоқ пешпен жылынып отыр. Онымен қашанғы отырмақпыз. Қос-қос көрпе жамылғанымыз тағы бар.

Осы орайда, аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевке, қала әкімі Бақытжан Орынбековке, орынбасары Қайрат Исмаилға қояр сұрағым бар. Сіздер тұрып жатқан үйде дәл біздікіндей жағдай болып жатса, не істер едіңіздер? Әрине, шамамен болсын не істейтіндеріңізді ішіміз сезеді. Соны бізге де ертерек қолға алыңыздаршы. Бұл – тұрғындардың өтініші.

Жауабы да, әрекеті де болар деген үміттемін. Қанша дегенмен "Халық үніне құлақ асатын Үкіметі" бар елміз ғой", - дейді №1023 үйдің тұрғыны Жасұлан Бақытбекұлы.

Айта кетейік, бұған дейін де аталған ықшам аудандағы №4,11 және басқа да тұрғын үйлердің тұрғындары жылусыз қалған болатын. Әйтеуір әкімдік сорғы (насос) орнатып, мәселені шешкендей болған. Өкінішке қарай, байқағанымыздай сорғыдан да ешқандай қайран болмай тұр. "Ұлы далалықтардың" ендігі жалғыз үміті – Жамбыл облысының әкімі Ербол Шырақпайұлында.

Фото: Тұрғын Жасұлан Бақытбекұлынан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу