Зілзаладан Ерзін ауданы қалай аман қалды?

2713

Жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Хатай қаласынан 110, Османиеден 20 шақырым жердегі Ерзін ауданында ғимарат та қирамады, адам шығыны да болмаған.

Зілзаладан Ерзін ауданы қалай аман қалды?

Елдімекеннің апаттан қалай аман қалғаны жайлы Inbusiness.kz сайтының Анкарадағы тілшісі мәлім етті.

Хатай қаласына 15 аудан кіреді. Соның бірі – Ерзін. Соңғы күндері бұл ауданның аты БАҚ-тан түспей тұр. Себебі Түркиядағы зілзала болған аймақта аман қалған жалғыз елдімекен. 42 мың тұрғыны бар Ерзін қалашығының тұрғындары ауылшаруашылымен айналысады. Негізгі табыс көзі цитрус өнімдерін өсіруден түседі. Ол Ресей, Англия және Еуропалық Одақ елдеріне экспортталады. Ал соңғы жылдары астық және көкөніс өсіру қарқынды дамып келе жатқанға ұқсайды. Сонымен қатар, Искендерун темір-болат зауытының да аудан экономикасына әсері бар. 

Ал аудандағы ғимараттарға келер болсақ қалада көпқабатты үйлердің саны аз. Оның өзі 4 қабаттан аспайды. Ең биік ғимараттар әрі кетсе 6-8 қабатты. Жеке үйлердің саны айтарлықтай көп. 

Жақында Түркиялық БАҚ-қа Ерзін ауданының әкімі Өккеш Елмасоғлұ сұхбат беріп, тұрғындар зілзаланы қалай жеңіл өткергенін баяндап берді. Оның сөзіне сүйенсек, бүгінге дейін бірде бір заңсыз құрылысқа жол бермеген. Туған-туыс, дос-жарандары алдына келсе де айтқанынан қайтпаған. Кейде олар "Осы Түркиядағы ең дұрыс адам сен бе?" деп кекететін-мыс. Алайда әкім дегенінен қайтпаған. Нәтижесінде "Халық алдында жүзім жарық",- дейді ол. 

Өккеш Елмасоғлұ Ерзін ауданының әкімі болып осыдан 4 жыл бұрын тағайындалған. Ал тұрғын үйлер мен ғимараттардың жасы төрттен асады. Мұндағы ең ескі кешендердің 60 жылдық тарихы бар екен. 

Қала тұрғындары Аманос таулары да жер сілкінісінің әсерін азайтты деген ойда. Сондай-ақ олар жеке баспана тұрғызатын кезде жердегі құмның бетін тасқа толтырып барып құрылысты бастайтынын айтты.

 

Ал Түркиялық ғалым Наджи Гөрүрдің жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында: "Бұл жерде әкімдіктің ықпалынан бөлек геологиялық ерекшеліктерді атап өту керек", - дейді: 

"Біз өмірімізді осы елмен байланыстыратын болсақ, апатқа төзімді елдімекендер салыну керек. Өйткені жер сілкінісі үнемі қайталанып отыратын құбылыс. Бұған мысал ретінде Ерзін қаласын айтуға болады. Жер сілкінісі қай кезде болатынын білмей қалсақ та, ең үлкен дайындық - ғимараттарды салатын кезде апатты жағдайға төзімді болуына мән беру керек. Әкімнің сөзінің жаны бар. Алайда тек бұл ықпал етті деуге де болмас. Аймақтың геологиялық құрылымы, ерекшеліктері және тектоникалық жағдайы да жер сілкінісіне әсер етті деп айтуға болады", дейді түркиялық ғалым Наджи Гөрүр.

Ал профессор Окан Түйсiз Жаңа Ерзін шөгінділерге қарай жайылғанын, сондай-ақ, Ерзiн маңындағы жарылымдарда қозғалыс болмағанын айтты.

"Ерзiн маңындағы жарылымдарда қозғалыс жоқ. Ерзіннен 30-40 шақырым жерде жарылымдар бар, бірақ арасында Аманос деген үлкен тау жотасы бар. Сірә, жер сілкінісі онша үлкен болмады. Ауданның орналасқан жері әлсіз. Ерзін Аманостардан келетін үгінділердің, өзендер алып келетін шөгінділердің үстінде орналасқан. Ескі Ерзін тауының етегіне қарай. Қазірдің өзінде ол жақтың үйлері аз қабатты әрі шашыраңқы орналасқан. Жаңа Ерзін шөгінділерге қарай жайылған", дейді профессор Окан Түйсiз.

Кім не десе де ең бастысы Ерзін ауданында адам шығыны болмады. Құлаған қимарат қалпына келер, ал қайтыс болған адамдардың орнын ешкім де, ешнәрсе де толтыра алмас. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу