Time Out басылымы 18 бен 29 жас аралығындағы жастар үшін өмір сүруге ең қолайлы әлем қалаларының рейтингін жариялады. Тізімде бірінші орынды Токио иеленсе, үздік жиырмалыққа Еуропада орналасқан 10 қала енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Euronews-ке сілтеме жасап.
Сауалнамаға 18-29 жас аралығындағы жастар қатысты. Олардан өмірге жалпы қанағаттану деңгейі, күнделікті өмірден алатын қуанышы, мейрамханалардың сапасы мен бағасының қолжетімділігі, түнгі өмір мен ойын-сауық мүмкіндіктері, жаяу жүруге қолайлылық, жаңа достар табудың қаншалықты оңай екенін бағалау сұралған.
4 мың адамның қатысуымен өткен сауалнама қорытындысы бойынша Токио көш бастады. Жапонияның астанасы тұрғындардың бақыт деңгейі мен түнгі өмірінің тартымдылығы бойынша жоғары ұпай жинаған. Алайда сауалнамаға қатысқандардың тек үштен бірі ғана қаладағы кешкі демалыстың бағасы өздеріне қолжетімді екенін айтқан.
Екінші орын Португалияның Порту қаласына бұйырды. Шаһар тұрғындар арасындағы ауызбіршілік атмосферасы, кафе мен барлардағы қолжетімді бағалар, сондай-ақ өнер мен мәдени іс-шаралардың көптігі үшін жоғары бағаланған. Сауалнамаға қатысқан Z ұрпағының барлық өкілдері Портуды әсем қала деп сипаттаған.
Аустралияның Мельбурн қаласына үшінші орын тиесілі болды. Респонденттердің 97 пайызы қалада дербес театр қойылымдарын, жанды музыка кештерін, комедиялық және импровизациялық шоуларды тамашалауға мүмкіндік бар екенін атап өткен.
Эдинбург пен Шанхай қалалары сәйкесінше төртінші және бесінші орындардан табылды. Рейтингтегі ең үздік жиырма қаланың тең жартысын Еуропа қалалары құрап отыр. Атап айтқанда, Копенгаген, Берлин, Валенсия, Неаполь, Краков, Париж, Афина және Вена.