"Astana Arlans" жаңа маусымды бастады

2388

Астананың "Astana Arlans" кәсіпқой бокс клубы қазір Ресей Астанасы Мәскеу қаласында жүр.

"Astana Arlans" жаңа маусымды бастады Фото: vesti.kz

Боксшылар бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) 2017 жылғы алғашқы кездесуін Ресей елінің беткеұстар командасы "Russian Boxing Team" клубымен өткізуі керек болатын. Алайда ресейліктер команданың атын өзгертуді ұйғарыпты. Енді бұл клуб "Patriot Boxing Team" деп аталады. Сөйтіп біздің жігіттер орыстардың нағыз патриоттарына қарсы шығатын болды. Мүмкін бұл атау ресейлік боксшылардың патриоттық сезімдерін оятатын шығар, көреміз.

Ресей командасының бас жаттықтырушысы Олег Меньшиков жарыс алдында журналистермен кездесуде бір бармағын бүгіп отырғандай көрінді, "Ресей құрамында өзгерістер бар ма?" деген сұраққа айтарлықтай нақты жауап бермеді: "Біздің команда қазақтармен жекпе-жектерге толығымен дайын. Айтарлықтай өзгеріс жоқ, бәрін жарыс кезінде көресіздер", – деп қулана сөйледі.

Олег Меньшиков мұның алдында біздің жігіттерге қарсы шығатын боксшыларын таныстырған болатын: Батор Сагалуев, Артем Хотенов, Раджаб Раджабов, Илья Квасников және Гасан Абдурахманов.

Ал жақында ресейліктердің аға жаттықтырушысы Иван Шидловский басқа боксшыларды атаған еді: Батор Сагалуев (49 кг), Максим Чернышев ( 56 кг), Ратмир Абдурахманов ( 64 кг), Максим Коптяков (75 кг) және Сергей Калчугин (91 кг). Енді түсініп көр.

Дегенмен біздің командамыз саспайтын сыңайлы, "Астана Арланс" командасының жетекшісі, олимпиада чемпионы Серік Сәпиев 2 ақпанда өткен Мәскеудегі ашық жаттығудан кейін былай деді: "Бокс академиясындағы ашық жаттығуымыз жоғары деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар. Біздің командамыздың Мәскеу қаласына әйгілі екендігіне көзім жетті. Осы жаттығуды тамашалауға келгендер шаһардағы қазақтар ғана емес, Ресейде де жанкүйерлеріміз көп екен. Біздің спортшыларға естелік ретінде Бокс академиясының жейделерін сыйға тартты. Мәскеуде мен көптен көргім кеп жүрген бапкерлердің бірі Сергей Кубышевпен таныстым және осы жаттығуға өзіміздің қызымыз Фируза Шәріпова да қатысты, өте қуаныштымын. Алдағы уақытта осындай ашық жаттығуларды жиі өткізіп тұруға тырысамыз", – дейді Серік Сәпиев.

Сәпиев тілге тиек еткен жаттықтырушы Сергей Кубышев – өздеріңізге мәлім, алғашқы кәсіпқой боксшы қызымыз Фируза Шәріпованың бапкері. "Astana Arlans" пен "Patriot Boxing Team" арасындағы бәсекеде "арландарымызға" Фируза да қолдау көрсетпекші.

Айта кету керек, Фируза Шәріпова жекпе-жек өкілдеріне арналған заңгерлік компания ашуды қолға алған. "Бұл жоба "AllFight-advokat" деп аталады. Компания кәсіпқой спортшылардың мәселелерімен қатар әуесқой спортшыларға да, федерация, спорт клубтары мен промоутерлік компанияларға да заңды тұрғыда көмектеседі", – дейді спорттық заңгерлер коллегиясының жетекшісі Илья Гаруд.

Сонымен 4 ақпанда Мәскеудегі "Динамо" спорт сарайында Крылатскийде "Astana Arlans" пен "Patriot Boxing Team" командалары рингке шығады. Біздің құрама команда жаңартылғанын бұдан бұрын да айтқан болатынбыз. Аға бапкер Нұрлан Ақүрпеков былтыр Қазақстан чемпионатында жеңімпаз және жүлдегер атанған бірнеше боксшыны қатарға қосты. Сонымен қатар командада бұрыннан бері өнер көрсетіп келе жатқан тәжірибелі былғары қолғап шеберлері де бар.

Олар: 49 кг – Теміртас Жүсіпов, Ермек Мәдиев; 52 кг – Олжас Сәттібаев, Әнуар Мұзапаров; 56 кг – Ілияс Сүлейменов, Жанболат Қыдырбаев; 60 кг – Зәкір Сафиуллин, Мирас-Әлі Сәрсенов; 64 кг – Мақсат Жексенбі, Ділмұрат Мижитов; 69 кг – Асланбек Шымбергенов, Қанағат Маралов; 75 кг – Әбілхан Аманқұлов, Сапарбай Айдаров; 81 кг – Нұрдәулет Жарманов, Арман Рысбек; 91 кг – Еркін Мұхамеджан, Антон Пинчук; +91 кг – Олжас Бұқаев, Дмитрий Зиско.

Резервтегілер: Шалқар Айқынбай (49 келі), Ақниет Балтабаев, Олжас Байниязов (52), Нұрбол Қалжанов, Қайрат Ералиев (56), Әділет Құрметов, Мейірболат Тойытов (60), Бекдәулет Ибрагимов (64), Илья Очкин, Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Амандық Мамаш, Тұрсынбай Құлахмет (75), Жәнібек Әлімханұлы, Вадим Казаков (81), Василий Левит, Рахман Әлжанов, Әбілқайыр Тұрланбек (91), Қамшыбек Қоңқабаев, Нұрсұлтан Аманжолов (+91).

Бапкерлер штабы: бас бапкер – Нұрлан Ақүрпеков; бапкерлер: Болат Жұмаділов, Ермек Ертаев, Нұркен Андасов.

Орыстарға қарсы шығатын боксшылар мыналар:

49 кг – Теміртас Жүсіпов

56 кг – Ильяс Сүлейменов

64 кг – Ділмұрат Мижитов

75 кг – Әбілхан Аманқұлов

91 кг – Антон Пинчук.

Айта кетейік, жеребе бойынша жобаға қатысатын 12 команда географиялық орналасуына байланысты Америка, Еуропа/Африка және Азия деп 3 топқа бөлінді.

"А" тобына "Argentina Condors", 6-маусымның чемпионы "Cuba Domadores", "Mexico Guerreros" және "Venezuela Caciques" командалары түсті.

"В" тобын "Morocco Atlas Lions", "Italia Thunder", "France Boxing Team" және "British Lionhearts" командалары құрап отыр.

Және "С" тобында "Astana Arlans" командасымен "Patriot Boxing Team", "China Dragons" және "Uzbek Tigers" командалары сынға түседі.

Жаңа ереже бойынша әр топтың үздік екі командасы плей-офф ойындарына шығады. Сонымен қатар үшінші орын алған командалардың арасында үздік нәтиже көрсеткен екі клуб та плей-офф бәсекесіне қосылады. Топтық жекпе-жектер ақпан айынан бастап, сәуір айына дейін созылады. Плей-офф ойындары, яғни ширек финал мамыр айына жоспарланған. Маусым айында – финал. Егер ширек финалдық жекпе-жек 5:5 есебімен аяқталса, онда жеңімпаз команда қосымша +91 келі салмақта анықталады. Ал жартылай финал мен финалдық айқаста тең есеп тіркелсе, онда қосымша жекпе-жек 52 келідегі боксшылардың арасында өтеді.

"Астана Арланс" пен "Patriot Boxing Team" командалары арсындағы жекпе-жектердің телетрансляциясы 4 ақпан күні сағат 23.00-де "Хабар" агенттігінде көрсетіледі.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу