"Астананың" "Вильярреалға" азуы батпай-ақ қойды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2931

Қазақстан чемпионы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі бесінші ойынын өткізіп, өз алаңында Испанияның "Вильярреал" клубынан ұтылып қалды.

"Астананың" "Вильярреалға" азуы батпай-ақ қойды Фото: fca.kz

"Астана" осы матчқа дейін Еурокубок додаларындағы өз жерімізде өткен матчтарда ұтылмай жүрген-ді. Соңғы рет 2014 жылы 21 тамыз күні дәл осы "Вильярреал" клубынан ұтылған (0:3). Содан бері "Астана-Арена" стадионның жасанды желегі үстінде ешбір командаға есе жібермеген-ді. Нақтырақ айтқанда, өз алаңында 17 ойын өткізіп, тоғыз рет жеңіске жетіп, сегіз ойынды тең аяқтаған болатын. Жеңілістің кермек дәмін татпай жүрген еді...

Алайда, 18-матчта ұтылды. Қызық болғанда, тағы да "Вильярреалдан" ұтылды. Үш жыл үш айға созылған үйдегі рекорды үзілді. Испания клубы "Астана" үшін қолайсыз қарсылас болып шықты. Азуы батпай-ақ қойды. Сол, 2014 жылы 0:4 (түзде) және 0:3 (үйде) есептерімен ұтылса, биыл 1:3 (түзде) және 2:3 (үйде) есептерімен есе жіберіп алды.

Ал кеше түнде өткен ойынға келер болсақ, "Вильяреал" өзінің деңгейі әлдеқайда жоғары екендігін іс жүзінде көрсете білді. Бас бапкері Хавьер Кальеха алдағы жексенбіде, Испания чемпионаты аясында, "Севилья" клубымен өтетін ойынды да ойлап, кейбір ойыншыларын алаңға шығарған жоқ. Қазан айында Испания "Ла лигасының" ең үздік ойыншысы атанған Седрик Бакамбуді "томағасын" сыпырып, соңғы жарты сағатта ғана ойынға қосты.

Десек те, былтыр Испания чемпионатында 5-орын ие болған команда "Астанадан" басым түсті. Өйткені, бұл команданың сапында бірін-бірі алмастыра алатын футболшылары жетерлік. Бәріне де мүмкіндік беру керек. Ойыншыларының деңгейлері шынымен де – өте жоғары.

Ал "Астана" шамасының жеткенінше тырысты-ақ. Бас бапкері Станимир Стойлов қарсыласының қандай қарымды команда екенін жақсы біледі. Сондақтан алаңға бес қорғаушы шығарды. Қорғанысқа көп көңіл бөлді. Сонысы дұрыс болды. Себебі, "Вильяреал" бірінші таймнан бастап, атойлап алға шапты. Жасанды алаңға да көп қиналмай, бейімделіп кеткендей. Алаң иелерін тықсырып, шабуылды үдетті.

Осы ретте айта кетейік, УЕФА-ның ресми сайты жариялаған статистикалық деректерге сүйенсек, матчтың 62 пайызында доп Испания клубы ойыншыларында болған. "Астана" ойыншылары 38 пайыз ғана допты өздерінде ұстаған. Қонақтар "Астананың" қақпасына тоғыз рет тура соққы бағыттаса, алаң иелері олардың қақпасын төрт рет қана дәлдеп, нысағаға алған...

Міне, осыдан-ақ қонақтардың үстемдік құрғандығын байқауға болады. Бірақ "Астана" намысты қолдан берген жоқ. Тіпті, бірінші болып есеп ашты. Қарсы шабуылдардың бірінде, Джуниор Кабананга теңбіл допты алыстан доғаша иіп, қақпаға дөп түсірді. Алайда, бұрыштама соққысын орындау құқығына ие болып, ойыншыларының көбісі алға кеткенде опық жеп қалды. "Вильярреал" жылдам шабуыл ұйымдастырып, оң қанатта жалғыз қалған Даниэль Раба өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Шірене теуіп, есепті теңестірді.

Ал екінші таймда қонақтардың бас бапкері тың күш қосып, айласын асырды. 60-минутта алаңға "әлде қандай жағдай болады" деп, "сары майдай сақтап отырған шабуылшысы Седрик Бакамбуді шығарды. Ал ол біздің қорғаушылардан сытылып кетіп, теңбіл допты қақпа торында тулатты. Мұнымен қоймай, ойын аяғында "Астана" қорғаушыларының қателігін пайдаланып, тағы бір гол соқты. Матч тағдырын осы футболшы шешті десек те болады. Ұстараның жүзіндей лыпылдаған, қолды-аяққа тұрмайтын, шапшаң жігіт екен. Болашағы зор шабуылшы сияқты....

"Астана" да соңғы секундтарға дейін беріспеді. Матч соңында Станимир Стойлов орталық қорғаушысы Юрий Логвиненконың орнына екінші шабуылшысы Джордже Деспотовичті шығарып, шабуыл өтіне май құя түсті. Әрі қонақтар да қарқындарын сәл бәсеңдетіп алғандай болды. Осыны пайдаланып, Патрик Твумаси есепті қысқартты. Сол-ақ екен, көрермендер қиқу салып, футболшыларымызды алға қарай қамшылаумен болды. Ойын мейілінше қыза түсті. Өкінішке қарай, таразы басын теңестірудің сәті түспеді.

Сөз соңында қақпашымыз Ненад Эричтің қас шеберлік танытқан сәттері аз болмағандығын бөле-жара атап өткіміз келеді. Ол шапшаңдық танытып, тез шешім қабылдап, қонақтардың небір қауіпті соққыларын тойтарды. Көрермендер қошаметіне бөленді. Қорғаушыларымыздың да аянбай ойнап, бірнеше рет жанкештілік танытқан сәттері болды. Бұл ретте, Юрий Логвиненконың қақпаға бағытталған допты адам сенбес қимылымен кері қайтарғандығын ерекше атап өтуге болады...

Айтпақшы, тіпті өкінішке қарай десек те болар, осы топтағы екінші ойында "Славия" жеңіске жетті. Чехия клубы түзде "Маккаби" (Тель-Авив) командасын 2:0 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп, "Астананың" алдын орап кетті. Енді бәрі де 8 желтоқсан күні шешіледі. "Астанаға" Еуропа лигасының 1/16 финалына шығу үшін Прагада "Славияны" жеңу керек. Тең түсуге де болмайды...

"Астана" – "Вильярреал" – 2:3 (1:1)

Голдар: Кабананга, 22 (1:0). Раба, 40 (1:1). Бакамбу, 65 (1:2). Бакамбу, 83 (1:3). Твумаси, 88 (2:3).

"Астана": Эрич, Шомко, Аничич, Логвиненко (Деспотович, 83), Постников, Шитов, Бейсебеков (Граховац, 68), Маевский, Мұжықов (Томасов, 71), Твумаси, Кабананга.

"Вильярреал": Барбоcа, Марин, Руис, Бонера, Рукавина, Эрнандес, Тригерос, Раба (Гуэрра, 77), Форнальс (Бакамбу, 60), Бакка (Сориано, 67), Сансонe.

Төрешілер: Мажейка, Шимкус, Казлаускас (бәрі де – Литва)

23 қараша. Астана. "Астана Арена". 29 800 көрермен.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу