"Қашағанда" 2021 жылы тәулігіне қанша мұнай өндіріледі

5795

Алдағы 10 айда "Омбы-Павлодар" құбыры арқылы Қазақстанға 79 670 тонна техникалық  мұнай жеткізіледі.

"Қашағанда" 2021 жылы тәулігіне қанша мұнай өндіріледі

Биыл еліміздегі мұнай өндірісі 7%-ға, экспорты 6%-ға, ал оның ақша эквивалентіндегі көрсеткіші 45%-ға өсті.

Соңғы 9 айдың қорытындысында шикі мұнай өндірісі 57,6 млн тоннаға жетті. Әдеттегідей, мұнай өндірісінде Атырау облысы көш бастады. "Қара алтынның" 60%-дан астамын осы аймақтағы "Теңізшевройл", North Caspian Operating Company, "Каспий мұнай", "Төбеарал ойл", "Атыраумұнай" бастаған компаниялар өндірді. Ал Маңғыстау облысындағы "Қаражанбасмұнай" мен "Маңғыстаумұнайгазға" биыл өндірілген мұнайдың 23,4%-ы тиесілі болды.

Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің мәлімдеуінше, 2018 жылы "Қашаған" мұнай-газ кен орнынан 12 млн тоннадан астам мұнай алу жоспарланған. Қазір тәулігіне 330-340 мың баррель мұнай игеріліп жатыр.

"Алдын ала жасалған болжам бойынша, 2021 жылы "Қашаған" мұнай-газ кен орнынан тәулігіне шамамен 420 мың тонна мұнай өндіріледі", – деп нақтылады Мағзұм Мырзағалиев.

Қаңтар-тамыз аралығында өндірілген мұнайдың 90%-ы экспортқа жөнелтілді. Көрсетілген уақытта мұнай мен шикі мұнай өнімдерінің сыртқы саудасы 46,4 мың тоннаны құрап, бір жылда +5,6% өсім көрсетті. Нәтижесінде ақшалай табыс өткен жылмен салыстырғанда 45%-ға ұлғайды.

Экспортталған мұнайдың 53,9%-ын Италия, Нидерланд, Франция елдері тұтынды. Сәйкесінше, Қазақстанға кірген кірістің 54,4%-ын осы 3 ел өтеді.

Естеріңізде болса, биыл Астанада өткен дүниежүзілік мұнай кеңесінде ел үкіметі Қарашығанақ жобасының акционерлерімен келісімге келіп, Karachaganak Petroleum Operating B.V. концорциумынан (КPO) 1,111 млрд доллар көлемінде өтемақы алуға қол жеткізді. Таяуда Қазақстанның оң жамбасына келетін тағы бір жағымды жаңалық болды. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев сенатта сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Ресей арасында таласқа түскен 142 мың тоннаға жуық техникалық мұнай "Қазтрансойл" компаниясының меншігіне өтетінін мәлімдеді.

"КСРО кезінде еліміздің магистралдық мұнай желісі бірыңғай жүйеде болды. Кеңес үкіметі тарағаннан кейін құбырлар әр мемлекетке тиісінше бөлінді. Алайда "Туймазы-Омбы-Новосибирск-2" мұнай құбырының Қазақстан бөлігіндегі 62 048 тонна технологиялық мұнайдың меншік құқығы айқындалмай қалды. Бұған қоса "Омбы-Павлодар" мұнай құбырының Ресей учаскесіндегі 141 728 тонна технологиялық мұнайдың меншігі иесі белгісіз болды. Кейін ол Ресейдің "Транснефть" ЖАҚ-ы мен Қазақстанның "Қазтрансойл" компаниясының балансына берілді", – деді энергетика министрі.

Оның сөзінше, "Омбы-Павлодар" мұнай құбырының Ресей учаскесіндегі 141 728 тонна мұнай шын мәнінде "Қазтрансойл" АҚ-ның баласында, ал Қазақстан аумағындағы "ТОН-2" мұнай құбырындағы 62 048 мұнай "Транснефть" ЖАҚ қарамағында болған.

"2017 жылдың 9 қарашасында Қазақстан мен Ресей үкіметі "ТОН-2" мен "Омбы-Павлодар" магистралдық мұнай құбырындағы технологиялық мұнайдың мәртебесін айқындау туралы келісімге қол қойды. Осы келісім арқылы Қазақстан аумағында орналасқан "ТОН-2" магистралдық мұнай құбырындағы 62 048 тонна мұнай "Қазтрансойл" АҚ-ға, Ресей учаскесінде орналасқан "Омбы-Павлодар" құбырындағы 62 048 тонна мұнай "Транснефть" ЖАҚ-тың еншілес компаниясы "Транснефтьурал" АҚ-ға тиесілі екені нақтыланды. Ал Ресей аумағындағы "Омбы-Павлодар" магистралдық құбырындағы мұнайдың 79 880 тоннасы "Қазтрансойл" компаниясына берілетін болды. Келісім күшіне енгеннен кейінгі 10 айда "Қазтрансойл" АҚ-ға тиесілі 79 880 тонна мұнай "Омбы-Павлодар" мұнай құбыры арқылы Ресей аумағынан Қазақстанға бірнеше партиямен жеткізіледі. Бұл өз кезегінде ел экономикасына қосымша пайда әкеледі", – деді Қанат Бозымбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу