"Өрлеу" өрге өрлетеді

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
4914

Соңғы алты айда Оңтүстік Қазақстан облысының 75 мыңға жуық тұрғыны мемлекеттік қолдауға ие болды.

"Өрлеу" өрге өрлетеді

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазір ұсынылып жүрген 3 түрлі әлеуметтік төлемнің орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты қолданысқа енеді. Бұл үшін халықты "Өрлеу" жобасына жаппай жұмылдырып, жұмыспен қамтуды қолға алу керек.

Оңтүстік Қазақстан облысына  жұмыс сапарымен келген ҚР  еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осындай мәлімдеме жасады.

Естеріңізге сала кетейік, елімізде 2015 жылы кедейлік шегінен асқанға дейін тұрақты түрде мемлекет жәрдемін иеленуге мүмкіндік беретін "Өрлеу" жобасы пайда болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жобаны алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысында қолданды. Екі жылдан соң оңтүстікқазақстандықтар шараның шарапатын сезіне бастады.

Биылдан бастап әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға әлеуметтік көмектің ең төменгі мөлшеріне ие болу немесе жобаға қатысып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар  жеке іс ашу үшін 3 айға мемлекеттен қаржылай көмек алу таңдауы ұсынылды.

Оңтүстік Қазақстан облысында жеке қосалқы шаруашылықты және кәсіпкерлік қызметті дамытуға біржолғы қаражат сомасын төлеу арқылы жәрдемдесу  тиімділігін көрсетті. Бүгінгі таңда мұнда "Өрлеу" жобасына қатысушысы ретінде 400 адам біржолғы шартты ақшалай көмек алған жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп үлгерді.   

"Өрлеу" жобасын жүзеге асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың кірісі 3,2 есеге өсіп, орташа алғанда адам басына айына 18,1 мың теңге болып межеленді. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жыл ішінде 75 мыңға жуық адам "Өрлеу" жобасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болды.

Жобаның жақсылығын көргендердің қатарында Шымкент қаласының  тұрғыны, көпбалалы ана Айнұр Жаманқұлова бар. Ол жоба аясында мемлекеттен 500 мың теңгеге жуық ақша алыпты. Бүгінде кәсіпкер келіншек өз үйінен тігін цехын ашып, әйелдерге арналған сәнді киім өндіріп жатыр. Министр Айнұрдың үйіне арнайы атбасын бұрып, атқарып жатқан жұмысымен танысты.

"Менің мамандығым есепші. 5 баланың анасы болғандықтан жұмысқа шыға алмадым. "Өрлеу" жобасының тиімділігін естігеннен соң өз үйімнен тігін цехын ашуға бел будым. Қазір айлық табысым 150 мың теңгені құрап отыр. Әзірге тапсырыс аз. Алдағы уақытта тәжірибе жинақтап, кәсібімді дөңгелету үшін "Өрлеудің" кезекті мүмкіндіктерін тиімді пайдаланамын деп үміттенемін", – деді Айнұр Жаманқұлова.

Өз кезегінде Тамара Дүйсенова "Өрлеу" жобасына қатысушының жұмысына сәттілік тілеп, "Жастар тәжірибесі" аясында көмекші алуға кеңес берді.

"Кәсібіңізді дөңгелетіп алып кету үшін сізге көмекші алып, оған шығындалудың қажеті жоқ.  Өйткені  әзірге табысыңыз оны көтермеуі мүмкін. Сондықтан жергілікті жұмыспен қамту орталығына өтініш жазып, "Жастар тәжірибесі" бағдарламасы аясында өзіңізге көмекші алуыңызға болады. Оның алты айлық жалақысын сіз үшін мемлекет төлеп береді. Егер көмекшіңіз ойыңыздан шығып жатса, келісімге келіп, еңбекақы тағайындап, жұмысқа алуыңызға болады. Жалпы, халықты нәтижелі жұмыспен қамту – тұрақтылық пен табысқа бастайды. Сондықтан облыста осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады", – деді Тамара Қасымқызы.

Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында шартты ақшалай көмек 12813 отбасының 74705 мүшесіне тағайындалып, жалпы сомасы 3,6 млрд теңгені құраған. Еңбекке қабілетті 13846 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылып, 11528 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Сапар барысында министр "Стандарт Цемент" ЖШС-ға барып, жұмысшылармен жүздесті. 

Қазіргі таңда 700-ге жуық жұмысшысы бар "Стандарт-Цемент" зауыты 2011 жылы құрылған. Цемент өндіріп, оны сатумен айналысатын серіктестік жылына 2 млн тонна өнім өндіреді. Мұндағы цемент өнімдері Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстанға саудаланады.

Министр халықты жұмыспен қамту және  әлеуметтік көмек көрсету мақсатында аудан әкімдерінің және өзге де жергілікті құзырлы мекеме басшыларының уақытша науқанға ұрынбауын талап етті.

"Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыз және өзін өнімсіз жұмыспен қамтыған азаматтарды жаңа жұмысқа  тарту қажет. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды "Өрлеу" жобасына мейлінше көп жұмылдырсақ, іс нәтижелі болады", – деді Тамара Дүйсенова.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу