banner

"Шығыс-2" Екібастұздың туған күніне тарту жасады

5031

Кеншілер 54 күнде 1 млн тонна көмір өндірген.

"Шығыс-2" Екібастұздың туған күніне тарту жасады

Еуразиялық топ (ERG) құрамына кіретін "Еуразиялық энергетикалық корпорация" АҚ-ның "Шығыс" кенішіне қарасты жаңа "Шығыс-2" алабының екінші кезегі биыл 21 сәуірде іске қосылған болатын. Бұл жобаға инвестициялық бағдарлама шеңберінде 9,3 млрд теңге бөлінді. Жаңа алапты аршуға және дайындауға заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін технологиялар әзірленді. Көмірді тасымалдау үшін жалпы ұзындығы 1610 метрге жететін 4 жаңа конвейер салынып, бұрыннан бар тағы бір таспа ұзартылды.

"Екібастұз қаласындағы "Богатырь" және "Шығыс" кеніштерінде еліміздегі көмірдің 60%-ы өндіріледі. "Шығыс" кеншілері былтыр Екібастұз қаласының 60 жылдығы қарсаңында кеніштен көмірдің 550 миллионыншы тоннасын өндірген болатын. Осы бір жыл ішінде жаңа алаптан бір миллион тонна өндірілгені – біз үшін жетістік. Бұл кәсіби кемелденудің, еңбекті сапалы ұйымдастырудың, өндіріс ұжымының ынтымақтастығы мен еңбексүйгіштігінің дәлелі", – дейді "ЕЭК" АҚ "Шығыс" кеніші директоры Юрий Гончаров.

Юрий Гончаровтың айтуынша, нарықтағы қиын жағдайларға қарамастан, кәсіпорын өзінің бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалды, шығындарды қысқартып, өндіріс өнімділігін арттырды. Былтыр көмір өндіру 17 млн тоннаны құрады. 2018 жылды өндірісті 18 млн тоннаға дейін арттыру жоспарымен бастады. Биыл 2017 жылы басталған барлық инвестициялық жобалар жалғасын тапты.

Кеншілер "Шығыс-2" алабын бірегей жобаға жатқызады. Ол өмірге стандартты емес инженерлік шешімдердің енуіне жол ашты. Мысалы, кеншілер "американ төбешігі" деп атап кеткен КЛП-5 конвейері құрылысының үлкен бөлігі эстакадада орналасқандықтан көп күш салуды қажет ететін. Осындай ерекше үлгідегі көпірдің арқасында конвейер екі темір жол стансалары: "Комсомольская" және "Юбилейная" арқылы өткізілді. Оның ұзындығы – 560 метр.

"Қазір жоба тәжірибе-өнеркәсіптік пайдаланудан өткізілуде, бұл маңызды және жауапты кезең. Мұны түсінікті тілмен айтсақ, "ЕЭК" АҚ "Шығыс" кенішінің жаңа өмірі алдындағы соңғы қадамы деуге болады. Бағдарламада қарастырылған тексерістер мен сынақтарды орындай отырып жобалық маңызға ие құрал-жабдықтар мен жұмыс жүйесінің сипаттамасы мен параметрге сәйкестігін растаймыз, олардың сенімділігіне және қауіпсіздігіне көз жеткіземіз. Тек осыдан кейін ғана жаңа алаптан көмір тасымалдайтын жаңа конвейер желісі өнеркәсіптік пайдалануға беріледі, – дейді "ЕЭК" АҚ "Шығыс" кеніші бас инженері Эльдар Дәуітов.

Жаңа алаптағы кен қыртысы 10-15 метрге, кей жерлерде 3 метрге дейін жетеді. Яғни, көмір жердің сыртқы бетінде жатыр. Салыстырмалы түрде айтсақ, кеніштегі көмір қазылған тұсқа "+55" деген белгі қойылған. Бұл жердің сыртқы қабатынан есептегенде көмірдің 225 метр тереңдікте қазылғанын көрсетеді.

Сонымен бірге, инвестициялық бағдарлама аясында бұдан бір ай бұрын кенішке "Liebherr R-976 Litronic" баргидравликалық экскаваторы жеткізілгенін айта кету керек. Экскаватордың құны 320 миллион теңгені құрайды. Салмағы 90 тонна.
Жаңа техника жер астындағы көмір қазу жұмыстарын жарылыссыз шығаруға мүмкіндік береді. "Шығыс" кеніші мамандарының айтуынша, жергілікті жердегі кеніштерден қалай көмір қазу жолдарын жергілікті мамандар өте жақсы біледі. Сондықтан, көмір қазу техникасын жасауға тапсырыс берді. Қазу тереңдігі - 10,75 метр. Экскавтор кен қазудың жоғары талаптарына сай құрастырылды. R 976 орнатылған LiebherrV8 қозғалтқышы, төмен айналымда да жоғары айналады. Экскаватор ерекшелігі, жанармайды аз тұтынады. Жұмыс орны жайлы. Бақылау камералары сенсорлық экран мониторымен жабдықталған. Автоматты салқындатқыш орнатылған.

Жалпы, "ЕЭК" АҚ "Шығыс" кеніші шетелдік Liebherr фирмасымен жылдар бойы бірге жұмыс істеп келеді. Бұл күндері кәсіпорында осы фирма құрастырған экскаваторлар, крандар, тиегіштер және бульдозерлер сапалы жұмыс жасауда.

Дария Ерғазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу