1,5 миллион теңге жалақысы бар лауазымға қырғын талас аяқталды

2877

Еуразия ұлттық университеті жаңғыру қарсаңында тұр.

1,5 миллион теңге жалақысы бар лауазымға қырғын талас аяқталды Фото: assembly.kz

Жоғарғы оқу орындарындағы биік, "майшелпек" лауазымдарға адамдарды тағайындау негізінен жұрттан жабық, сырт көзден таса жүретіні мәлім, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Бұл салада айқындылықтың жоқтығын, жариялылықтың жетіспейтінін мемлекеттік басқару ісінің маманы, экономика ғылымдарының докторы, еліміздің жетекші жоғарғы оқу орындарында басшылық қызмет атқарған Шолпан Есімова көтерді. Оның байламынша, бұл саладағы ойын ережелері әділдік пен кәсібилікке негізделе бермейді. 

"Салдарынан, арнайы білімі, білігі, машығы, тәжірибесі жоқ, тіпті білім жүйесінен алшақ адамдар басшы болып жатады. ЖОО бірінші басшыларын тағайындау мәселесі бүгінде өткір тұр. Оларды іріктеудің саясаты, ережелері, принциптері, критерийлері белгісіз. Егер біз жаһандық озық идеяларды генерациялайтын мықты университеттер құрғымыз келсе, онда бірінші басшыларды және кадрларды іріктеу саясаты түбегейлі өзгеруге тиіс", – деді Шолпан Алтынбекқызы.

Оның тұжырымдауынша, бұл салада түйіні әбден бытысқан бірнеше күрмеулі мәселе бар. Біріншіден, әлгінде айтылғандай, іріктеу ісі айқын емес, ректор немесе проректор лауазымдарына тіпті ЖОО-да бұрын жұмыс істемеген немесе білімге қатысы жоқ салада еңбек еткен бөгде адамдар келуде. Меритократия, кадрлардың тік және көлденең ротациялануы жүйесі жоқ.

"Екіншіден, салаға жат ректор ғылыми ортаға бейімделу орнына айналасына дәл өзіндей, яғни жоғарғы білім жүйесін жатырқайтын тұлғаларды, туысқандарын, достарын, таныстарын жинай бастайды. Салдарынан, олар не қордаланған мәселелерді шешуге, не университетті жүйелі басқаруға әу бастан бағдарланбайды. Үшіншіден, тағайындалған ректорлармен белгілі бір мерзімге келісімшарт бекітілгенімен, ол көбіне мерзімі жетпей бұзылады. Масқарасы сол, ректор немесе проректордың бос лауазымына байқау дәл оқу жылының ортасында жарияланып жатады. Ол науқан 4–5 айға дейін созылады. Жаңа басшы күнтізбелік жылдың ортасында билікке келіп, төл реформасын бастауы ықтимал. Сөйтіп, қызметкерлерді, барлық құрылымдық бөлімшелерді қиындыққа, тығырыққа арандатады. Өйткені олардың бәрінің қызметі дағдарады, ешқандай маңызды шешімдер қабылданбайды. Әрине, бұл студенттерді оқытуға да нұқсан келтіреді", – деп ашығын айтты Ш.Есімова.

Ол тағы бір түйткілге назар аудартты: ЖОО басшылығындағы бос орынға конкурс жарияланғанда бір үміткер үшін тым жоғары, ал екіншісі үшін шектен тыс жұмсақ талап, критерий қойылуы мүмкін. Байқау шарттары алдын ала нақты бір кандидатқа сай жазылатын кезі жиі кездеседі. Салдарынан, лауазымға лайық, әрі тәжірибесі де бар басқа үміткер қанша тырысса да, ол табалдырықтан өте алмайды.

Жалпы, әр ректор өз университетін шағын княздыққа айналдырып алады: нәтижесінде, ректор қандай болса, ЖОО да сондай болады. Ол ауысса, бұрынғы жүйе күйрейді. Салдарынан, отандық жоғарғы мектеп батыстық университеттерге тән тарихи сабақтастықтан да, "ұйымдастырушылық жадтан" да жұрдай. Бұл университеттің қызметіне, бюджетіне, стратегиялық бағдарына, ақыры ұжымы мен шәкірттеріне кері әсер етеді. 

Қожайыны не басшысы ауысқан соң жабылып тынған ЖОО-лар да бар. Қазақстандық жоғарғы білімнің соры сол, оқытушылар да, студенттер де үнемі "өзгерістер мен билік транзиті жағдайында" өмір сүреді. Себебі, ректор 2 жылда бір ауысуы мүмкін.

Айтқандай, таяуда, яғни нағыз оқу процесінің қайнаған шағында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор лауазымына конкурс жариялады. Бұл жайында ел білмей қалатын ба еді, бірақ ол туралы алдымен 7 қарашада ЕҰУ тәуелсіз директоры, Еуропалық құқық пен адам құқығы сарапшылық институтының директоры Марат Бәшімов жариялады. Ізінше, 9 қарашада ол проректор лауазымына үміткерлерден құжат қабылдауға бір күн ғана қалғанын еске салды.

"Барлығы Еуразия ұлттық университетінде өзгерістер болуын күтіп отыр... Ал әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректордың жалақысы 1,5 миллион теңге. Қомақты бонустары тағы бар. Проректор болғысы келетіндер өте көп. Бірақ өте жоғары талаптар көпшілігінің ренішін туғызды. Осыған орай Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Ғалым Байтоқ мұның неге соқтыратынын ашық айтып, "мұндай бэкграундпен университет проректор ретінде ретроград ағайды ғана ала алады" деді. Бұған қоса, ЕҰУ проректоры кім болатынын жоғарыдағылар бұрыннан шешіп қойыпты деген күдіктер айтылып, кандидаттардың күмәнін өсірді. Ештеңе де шешілген жоқ. Мәселені тек директорлар кеңесі шешеді. Ақымақтар мұнда жоқ", – деп сендірді құқықтанушы.

Университеттің аға оқытушысы Айнагүл Бекебаева проректор ретінде белгілі бір кісінің кандидатурасы жоғарыдан бекітіліп қойылды деп естігенін жеткізді.

"Бұл туралы жұрттың бәрі айтуда. Ол да ер кісі. Мен ЕҰУ-да 22 жылдан бері істеп келемін. Мұнда әрдайым басшылық қызметтерге негізінен ер адамдар тағайындалады. Гендерлік теңдік деген де болуы керек қой. Оның үстіне әлеуметтік мәселелерді шешуге әйел, ана көбірек жарайды", – деді ол.

Ұлттық университетте миллиондаған табысы бар проректор лауазымына 7 адам таласты. Алайда құрамына Ғылым және жоғары білім министрлігі аппаратының басшысы Болат Төкежанов кіретін университеттің Кадрлар жөніндегі комитеті ЕҰУ директорлар кеңесіне 2 кандидатураны ғана ұсынды. Оның бірі – осы университеттің ғылыми кітапханасының директоры, философия ғылымдарының кандидаты Бақытжан Оразалиев. Оны ЕҰУ ректорының өзі ұсынған. Екіншісі – әлеуметтік ғылымдар докторы Ләззат Нұрқатова.

Ақыр соңында белгілі қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің төрағалығымен өткен ЕҰУ директорлар кеңесі проректор ретінде Л.Нұрқатованы сайлады. 

Негізі, алда Еуразия Ұлттық университетінің ректоры да ауысуы мүмкін. "Amanat" партиясының астаналық мәслихаттағы фракциясы аталған университеттің ректоры Ерлан Сыдықовты алдағы Сенат сайлауында сенатор орынтағына кандидат ретінде ұсынды. Ерлан Бәтташұлы бірінші Президенттің өкімімен 2011 жылы ЕҰУ ректоры болып тағайындалып, содан бері табан аудармай басқарып келді.

Демек, бұл университеттің басшылығындағы нағыз ауыс-түйістер алда сияқты.

Болашақта тіпті жоғарғы оқу орнының атауы да өзгеріп кетуі ықтимал. Медиаменеджер, белгілі кәсіпкер Азиза Шужеева университеттің директорлар кеңесі өкілдеріне осы мәселені төтесінен қойды.

"Неге сіздер университеттің атауын ауыстыру, қайта атау мәселесін көтермейсіздер? Гумилев баяғыда-ақ жалған ғалым ретінде танылған. Сіздердің ғалымдарыңыз жаңа дәуір тұрғысынан оған лайықты бағасын берулері керек", – деді Азиза әлеуметтік желі арқылы.  

Таяуда германиялық Kraut ютуб-арнасында В.Путиннің дүниетанымы мен өмірге көзқарасына, орыс әлемі идеологиясын өрбітуіне ықпал еткен философтар жайында бағдарлама шықты. Сонда үш философтың бірі ретінде Лев Гумилев аталды. Бағдарлама авторлары Л.Н.Гумилев тарихты "Ресейдің Батыспен тайталасы тұрғысынан" бағамдағанына назар аудартты.

"Гумилевтің байламынша, мың жылдан астам уақыт бойы Батыс Ресейді жойып жіберуді армандаумен келеді. Бірақ Батыс осы дегеніне жетуге шақ қалған сайын орыс ұлты күлден қайта жаралған Феникстей қайта түлеп, Батысқа жойқын соққы береді. Бұл концепцияға қайшы келетін барлық тарихи деректерді, шынайы фактілерді Гумилев өз көзқарасына иліктіріп, қайта қорытып, басқа тұрғыдан түсіндірді. Оның пайымдауынша, 80-ші жылдардағы құлдырау, Кеңес одағының ыдырауы, одан кейінгі күйзелістің бәрі Ресейдің қайта еңсе тіктеп, жаһандық алыпқа айналуының алғышарты. Мұның соңы, Гумилевтің пікірінше, Ресейдің Батысты түпкілікті жеңуімен аяқталады. Путин Гумилевтің тарихқа шыланған теорияларына сөзсіз сенетінін бірнеше рет мәлімдеді", – деп еске салады неміс зерттеушілері.

Олар Кремль басшысының орыс әлемі туралы идеологиясында Гумилевтің терминдерін де қолданғанын еске салды. Мысалы, "англо-саксы" деген термин тарихта негізінен байырғы герман тайпаларының атауы болғанымен, алдымен Гумилев, соңынан Путин оны қазіргі Ұлыбритания мен АҚШ-қа қатысты қолданды.  

1992 жылы дүние салған Л.Гумилевті Қазақстанда еуразиялық интеграция идеологиясын белсенді ілгерілеткен бұрынғы билік ұлы тұтты, барын сала құрмет, қошемет көрсетті. Қазіргі Әділетті Қазақстанға ол керек пе, жоқ па, уақыт көрсетеді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу