1 аудан атауын ауыстыру 3 млн теңгеге түседі

20144

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті Жарлығының жобасы әзір.

1 аудан атауын ауыстыру 3 млн теңгеге түседі

Бұл шешімді Үкімет жанындағы Республикалық ономастика комиссиясы 2019 жыл соңында, 12 желтоқсанда мақұлдап, оң қорытындысын бергені хабарланды.

Сонымен, енді егер Мемлекет басшысы құптаса, оның Жарлығы "Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданын қайта атау туралы" деп аталмақ.

"Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданы Сәбит Мұқанов ауданы болып қайта аталсын. Осы Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі", – деп жазылған құжат жобасында.

СҚО әкімдігінің түсіндіруінше, Тимирязев орнына Сәбит Мұқанов ауданын құру, яғни құжаттарды қайта рәсімдеу, ірі жазуларды, маңдайшаларды өзгерту және басқа да жұмыстарға небары 3 миллион 380 мың теңге қажет болады. Бірақ бұл шығын үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы сұралмайды. Барлық қаражат Тимирязев аудандық бюджеті есебінен жабылатыны мәлімделді.

"Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарларға соқтырмайды. Қайта ол қабылданған жағдайда ауданның атауында әйгілі тарихи тұлғаның есімі ұлықталып, соның негізінде жергілікті жастар отаншыл болып тәрбиеленеді", – деп түсіндіреді облыс әкімдігі.

Қазақтың көрнекті жазушысы, ақыны, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, 1936–1937 және 1943–1952 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған Сәбит Мұқанов 1900 жылы сол кездегі Ақмола губерниясының Қызылжар уезінде дүниеге келген. Ол жер қазір Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына жатады.

"Бұл жерде кеңестік әйгілі жазушы үшін жыр алыбын жылжытуға ешкімнің батылы бармаса керек. Жалпы, ұлт жанашырларының түсінігінде, СҚО еліміздегі ең орыстанған өңір саналады. Дегенмен, жергілікті билікке ризашылық білдіргім келеді, себебі, егер Тимирязев атауы өзгерсе, онда облыстағы барлық 13 ауданның атауы тегісімен қазақшаланып бітеді. Мысалы, СҚО-да Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Уәлиханов, Айыртау, Ақжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мамлүт, Тайынша аудандары бар. Орысша соңғы аудан атауы өзгерсе, ар жағында оның "астанасы" Петропавлды өзгерту ғана қалады", – дейді тарихшы Сағындық Барлыбаев.

2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысы халқының жалпы саны 554,5 мыңдай адамды құрады.

Оның ішінде 251,8 мыңы немесе 45,4 пайызы қалада, 302,7 мыңы немесе 54,6 пайызы ауылда тұрады.

Ұлттық құрамы келесідей:

Әрине, аудан атауын қазақыландырумен іс бітпейді. Ауданды өркендету бағытында көп жұмыс атқарылуы керек.

Мысалы, 2019 жылдың соңында дәл осы Тимирязев ауданы – "СҚО-дағы ең қылмысты аудан" деп танылды. Облыста былтыр 5 мыңнан астам қылмыс жасалған. Оның басым көпшілігі немесе 61%-ы – орташа ауырлықтағылары. 2019 жылғы 9 айда өңірде 502 ауыр және 63 аса ауыр қылмыс тіркелген.

Бас прокуратураның СҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқармасының бастығы Нұрлан Нұрсейітовтың айтуынша, облыстағы қылмыс деңгейі алдыңғы жылмен салыстырғанда, төмендеді және әр 10 мың тұрғынға шаққанда 124 құқық бұзушылықтан келеді. 2018 жылы бұл көрсеткіш 135-ке жететін. 

"Облыстағы ең қылмысты аудан – Тимирязев ауданы, онда әр он мың тұрғынға шаққанда 133 қылмыстан келеді, бұл облыстық деңгейден әлдеқайда жоғары. Аудан тек Петропавл қаласына ғана жол береді: онда қылмыс деңгейі 180 құқық бұзушылықты құрайды. Денсаулыққа ауыр зиян келтіру (10%) және алаяқтық (7%) секілді жекелеген қылмыстар өсуде. Былтырғы 9 айда өңірде 25 адам өлтірілді. Бірақ қарақшылық 46%, қоқан-лоққы, тонау, ұрлық және бұзақылық 8% төмендеді", – дейді Нұрлан Нұрсейітов.

Дегенмен, аудан келешегінен мол үміт күттіреді. Ол мысалы, жаңадан салынған тұрғын үй көлемі бойынша көшбасшы. Тек 2018 жылы, яғни бір жыл ішінде баспана қоры 5,4 есеге өсті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу