1 шілдеден бастап "теңгенің" атауы өзгереді

2107

Бірақ бұл өзгеріс тек орыс тілді мәтіндерге ғана қатысты.

1 шілдеден бастап "теңгенің" атауы өзгереді Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Қазақстандықтардың төл валютамыздың атауын қашаннан бастап жаңаша жазатыны нақты белгілі болды. Жаңа Салық кодексіне ауқымды терминологиялық түзетулер енгізілді. Жаңа заң ресми түрде 2026 жылғы 1 шілдеден бастап толықтай күшіне енеді.

"Тенге" тарих қойнауына кетті. Енді тек "теңге"!

Еліміздегі барша қаржылық және салықтық құжаттарды қамтитын басты сенсация – ұлттық валюта орфографиясында тарихи әділдіктің орнауы.

Бұдан былай Салық кодексінің бүкіл орысша мәтіні бойынша да "тенге" сөзі және оның барлық септіктердегі (падеж) нұсқалары ресми әрі үзілді-кесілді түрде тек мемлекеттік тілдің заңдылығына сай – "теңге" болып ауыстырылады. Алайда бұған дейін қабылданып қойған ескі құжаттарға ешқандай түзетулер енгізілмейді. Жаңа талап тек жаңа құжаттарға қатысты болады екен.

Негізінде, бұған дейін дәл осындай техникалық түзетулерді Ұлттық банк өзінің ішкі нормативтік актілері үшін пысықтап қойған еді. Ал, енді ұлттық валютаның қазақ әліпбиінің төл белгісі – қазақы "ң" әрпі арқылы дұрыс жазылуы жоғары фискалдық заңнама деңгейінде шегенделіп, осы жылдың шілде айынан бастап бүкіл ресми құжат айналымы үшін бұлжымас міндетке айналады.

Қорыта айтқанда, ұлттық валюта өзінің қазақша атауын өзгертпейді, тек оның орыс тіліндегі ресми жазылуы трансформацияланады. Басқаша айтқанда, орысша атауы өзгереді. Ресми құжаттардың мәтіндерінде де, Ұлттық банктің, Үкіметтің және басқасының нормативтік актілерінде де "тенге" сөзі ресми түрде "теңге" болып таңбалануы шарт.

Тіпті шенеуніктерге де орысша сөйлеген сөзінде қазақтың "ң" әрпіне басымдық беру ұсынылды. Дегенмен егер қазақшаға шорқағы үйреншікті әдетімен "тэнгэ" деп қалса, ол үшін ешқандай айыппұл немесе жаза қарастырылмаған. Ендеше бұл қадам таза символикалық мәнге ғана ие.

Жинағыңызды тексеріңіз: Ескі купюралар тарихы түгесілуге таяды

Орфографиялық реформалардан бөлек, бұқара мен бизнестің қолындағы ақша банкноттарының өзін де біртіндеп жаңартудың серпінді процесі жүріп жатыр.

Сарапшылардың түсіндіруінше, Ұлттық банк осы арқылы халықтың матрас астында, басқа жерлерге тыққан-бұққан ақшасын "көлеңкеден" күнгейге шығартуға тырысуда. Өйткені азаматтар мен компаниялар ертең ештеңеге жарамсыз "фантик" болып қалмауы үшін ескі купюрадағы бума-бума қаржыны банкке өткізуге мәжбүр.  

Сондықтан ескі үлгідегі купюраларды айналымнан шығарудың мына бір маңызды мерзімдеріне міндетті түрде назар аударыңыз:

  • 500 теңгелік банкноттар – 2006 жылы шығарылғаны: 2020 жылдан бастап төлем құралы болуын тоқтатты. Тек 2025 жылғы үлгідегі номиналы ғана қолданыста қалды.
  • 1 000 теңгелік банкноттар – 2006 және 2014 жылдары шығарылғаны: тиісінше, 2017 және 2027 жылдан бастап төлем құралы болуын тоқтатады. 2024 және 2025 жылғы үлгідегі номиналдары қолданыста қалды.
  • 2 000 теңгелік банкноттар – 2006 және 2012 жылдары шығарылғаны: олар төлем құралы болуын тоқтатты. 2024 және 2025 жылғы үлгідегі номиналдары қолданыста қалды.
  • 5  000 теңгелік банкноттар – 2006 және 2011 жылдары шығарылғаны: олар тиісінше, 2016 және 2025 жылдан бастап төлем құралы болуын тоқтатты. Тек 2023 жылғы үлгідегі номиналы ғана қолданыста қалды.
  • 10  000 теңгелік банкноттар – 2006 және 2012 жылдары шығарылғаны: біріншісі 2016 бастап төлем құралы болуын тоқтатты. 2012 жылғы үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттарды 2026 жылғы 28 маусымға дейін пайдалануға болады. Ары қарай тек 2023 және 2024 жылдардағы жаңа үлгілері айналымда қалады.

Қазіргі кезде Ұлттық банк 20 000 теңгелік банкноттан басқа барлық номиналдағы купюраларды жаңартып шықты. Жаңа жиырма мың теңгелікті айналымға енгізу 2026 жылдың соңына – 2027 жылдың басына жоспарланған.

Әзірге мерзімі өтіп бара жатқан ескі купюраларды кез келген екінші деңгейлі банкке барып, жаңасына айырбастап алуға болады.

Қаржылық эволюция: Цифрлық теңге дәуірі басталды

Осы кезде Қазақстанның қаржы нарығында ұлттық валютаның ел тарихында болмаған мүлдем жаңа түрі өмірге жолдама алды! Ұлттық банк оны шығару және пайдалану ережелерін ресми түрде бекітті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының 2026 жылғы 29 сәуірдегі №42 қаулысымен "Цифрлық теңгені шығару, айналысқа жіберу және өтеу қағидалары" бекітілді. Бұл тарихи қаулы 2026 жылғы 19 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.

Аталған құжат цифрлық шоттарды ашудың қыр-сырын, платформаның ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын темірдей талаптарды және операцияларды жүргізудің нақты шарттарын реттейді.

Бекітілген қағидаларға сәйкес Ұлттық банк жүйе операторы және валюта эмитенті ретінде әрекет етеді, ал Ұлттық төлем корпорациясы платформаның технологиялық жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Ұлттық банктің құзыретіне не кіреді:

  • ол цифрлық теңге (ЦТ) платформасының операторы болып табылады,
  • цифрлық теңгені шығарады,
  • Қазақстан аумағында ЦТ айналысын және өтеуді ұйымдастырады,
  • цифрлық теңге платформасының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді,
  • Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда және цифрлық теңге платформасына қатысушылармен жасалатын шарттарда белгіленген өзге де функцияларды орындайды.

Ұлттық валютаның үшінші түрін, яғни, цифрлық теңгені басқару үшін жаңа ұйым – "Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын басқару жөніндегі ұлттық орталық" құрылды. Ол "ҚР Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" акционерлік қоғамы құрамында жұмыс істейді.

Бұл орталық оператордың – Ұлттық банктің тапсырмасы бойынша және онымен жасалған шарт негізінде "Цифрлық теңге платформасының" жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Осы мақсатта барлық операциялық және технологиялық функцияларды жүзеге асырады.

Ұлттық валютаның жаңа түрі әзірге теңгенің қолма-қол, яғни, шытырлаған купюралар кейпіндегі түріне және қолма-қолсыз, электронды түріне байланысты болады. Тиісінше, банктер мен компаниялар ҚРҰБ-қа осы екі түрде қанша ақша өткізсе, сонша көлемде ЦТ алады.

"Ұлттық банк цифрлық теңгенің жалғыз эмитенті болып табылады. ол цифрлық теңге платформасына жасалған шарттарына сәйкес олардан алынған ақша сомасы шегінде цифрлық теңгені шығарады. Ұлттық банк өзі шығарған цифрлық теңгенің жалпы сомасының платформаға қатысушылардан қабылданған ақшаның жалпы сомасына сәйкестігін қамтамасыз етеді", – делінген жаңа қағидаларда.

Цифрлық теңгемен операциялар тек ЦТ платформасында ғана жүзеге асырылады. Осылайша, ұлттық валютаның жаңа түрінен банктер тыс қалады: ЦТ-ны кредит түрінде таратуға немесе оған депозит ашып, жинақ түрінде сақтауға тыйым салынады. Бұл жағдайда банк тек жолшыбай делдал ғана болып қалады.

Жаңа ұлттық валютаны тіпті флешкада, қатты дискіде сақтауға болады. Осының арқасында ЦТ-мен интернет, ұялы байланыс ауламайтын жерлерде офлайн-төлемдерді жүргізу мүмкін болады.

"Платформаға қатысушы техникалық құжаттама талаптарын сақтаған кезде жеке тұлғаларға – цифрлық теңге платформасын пайдаланушыларға цифрлық шот шартының талаптарына сәйкес цифрлық теңгені басқаруға мүмкіндік беретін сыртқы электрондық жеткізгіштерде цифрлық теңгені сақтауға жол беріледі", – деп түсіндірді Ұлттық банк.

Әрбір қазақстандықта ЦТ-дағы тек бір шоты болады.

"Платформаға қатысушы пайдаланушыға цифрлық теңге платформасында цифрлық шот ашады. Платформаға қатысушы ЦТ платформасын бір пайдаланушыға біреуден аспайтын цифрлық шот ашады. Жинақ шоты режимінде цифрлық шот ашуға жол берілмейді", – деп мәлім етті ҚРҰБ.

Жаңа цифрлық ұлттық валютаны алу үшін азаматтар немесе компаниялар қағаз жеткізгіште немесе электрондық түрде өтінім ұсынуы керек. Соның негізінде платформаға қатысушы мен платформаны пайдаланушы арасында цифрлық шот шарты жасалып, цифрлық шот ашылады.

Егер цифрлық теңге қате берілсе, цифрлық шот жоғалса, ұрланса немесе алаяқтардың оны рұқсатсыз пайдаланғаны анықталса, онда платформаны пайдаланушы цифрлық шот шартында белгіленген тәртіппен платформаға қатысушыны бұл туралы дереу хабардар етуге тиіс.

Қағидалардың маңызды ерекшелігі – смарт-контрактілерді пайдалану және олардың мақсатты түрде жұмсалуын бақылау үшін цифрлық теңгелерді таңбалау тетіктерін бекіту болды. Нәтижесінде, ЦТ-ның кімнен кімге көшкенін және не мақсатта жұмсалғанын мемлекет нақты біліп отырады. Оның бәрі блокчейн тізбегінде көрініп тұрады.

Құжат платформа қатысушыларының ЦТ төлемдері үшін алатын комиссияларының шекті мөлшерлерін, тәуекелдерді басқаруға қойылатын талаптарды және барлық транзакциялар үшін міндетті "аудиторлық із" жүргізуді белгілейді. Аудиторлық із – электрондық хабарларды өңдеу оқиғаларын ЦТ платформасында жүйелі түрде тіркеу дегенді білдіреді. Олар бойынша ақпаратты қатысушылар да сақтауға міндетті болады.

Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қолсыз есеп айырысуларды толықтыратын ұлттық валютаның үшінші нысаны ретінде енгізілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу