100 мыңнан астам қазақстандық бұралқы иттерге қатысты жаңа бастамаға қарсы шықты

361

Қазақстанда қаңғыбас иттер мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. 

100 мыңнан астам қазақстандық бұралқы иттерге қатысты жаңа бастамаға қарсы шықты Фото: pi-bo.com

Жақында Мәжілісте "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңға енгізілетін түзетулер қабылданған болатын. Содан кейін қоғам пікірі екіге жарылды. Бірі бұл құжатты қолдаса, жануарларды қорғаушылар иесіз жүрген иттерге эвтаназия жасауға қарсы шықты. Бұл ретте тараптар өз көзқарасын алға тартып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Даудың басы сәуір айында Мәжілісте қабылданған нормадан кейін басталды. Заң жобасын таныстырған депутат Еділ Жаңбыршиннің мәліметінше, соңғы бір жылдың ішінде елімізде 41 мың адамды ит қапқан. Соның ішінде 23 мың адам бұралқы иттердің шабуылынан зардап шеккен. Депутаттар жануарларды қорғауға қатысты қолданыстағы бағдарлама тиімсіз деп отыр. Қазіргі заңнамада қайтарымды модель қолданылады. Яғни, қаңғыбас иттер ауланып, зарарсыздандырылады және оларға екпе жасалады, осыдан кейін олар тіршілік ету ортасына жіберіледі.

Халық қалаулысы жануарлар санын реттеу үшін қайтарымсыз аулау тәсілін қолдануды ұсынып отыр. Бұдан бөлек үй жануарларын міндетті чиптеуді енгізу қажеттігі де айтылған. Еділ Жаңбыршиннің сөзінше, түзетулер арқылы бюджет қаржысын үнемдеуге болады. Ұсынылған түзетулерге сәйкес, қараусыз иттерді уақытша ұстаудың ең төменгі мерзімі кемінде 5 күн, ал иесі болуы мүмкін жануарлар үшін 60 күн болып белгіленуі мүмкін.

Жанашырлардың өз уәжі бар

Елімізде қаңғыбас жануарлардың эвтаназиясына қарсы петиция пайда болды. Негізгі мақсат – 10 мың қол жинау. Бұл материалды жариялау барысында 7 мыңнан астам адам бұл бастамаға қолдау білдірді. Бастаманың авторы Мәжіліс қабылдаған "Жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы" заңына 5 тәулік ұстаудан кейін сау қаңғыбас иттерді қайтарымсыз аулау және эвтаназия енгізу бөлігінде түзетулер енгізу туралы құжаттың күшін жоюды сұрап отыр. Сондай-ақ заң жобасын жетілдіру қажеттігі туралы да айтылды.

"2021 жылдан бастап бағдарламаға (аулау – стерильдеу – вакцинациялау – қайтару) бөлінген бюджет қаражатының жұмсалуын  және оның нәтижелерін жариялауды талап етеміз. Қолда бар деректерге сәйкес, осы жылдар аралығында бұл бағдарламаға шамамен 15 млрд теңге бағытталды. Бұл ретте 2025 жылы зарарсыздандырумен қамту 12,6% ғана болды, ал қажетті ең төменгі көрсеткіш – 70%", – делінген петицияда.

Петицияны қолдайтындар заңның бұралқы иттер мәселесінің себебімен емес, салдарымен күресіп отыр деп есептейді. Олардың пікірінше, қолданыстағы бағдарламаны қалдырып, міндетті микрочиптеу мен тіркеуді енгізу қажет, сонымен қатар меншік иелерінің жауапкершілігін арттырып, қаражаттың жұмсалуына аудит жүргізген жөн.

Ал блогер, жануарларды қорғаушы Темірлан Тоспаев жануарларға қатысты заңдастырылған қатыгездікке қарсы дауыс жинау мақсатында арнайы сайт ашты. Қазірдің өзінде 111 мыңнан астам қазақстандық бұл бастамаға қолдап дауыс берген. Айта кету керек, бұл статистика одан әрі көбеюі мүмкін.

Жануарларға қамқорлық мәдениеті қажет

Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек. Осыған байланысты Үкіметке үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейту тапсырылды.

"Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай "хайпқа" жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн", – деді Президент.

Мемлекет басшысы үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс деп есептейді.

Мәселенің қалай реттеліп, шешілері әзірше белгісіз. Алайда қаңғыбас иттерге қатысты түзетулер қоғамда үлкен пікірталас туғызып, халықтың бұл мәселеге бейжай қарамайтынын көрсетті. Сарапшылар түпкілікті шешім шығар алдында қоғамда айтылған пікірлер мен жануарларға деген гуманистік көзқарас ескерілсе деген тілек айтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу