Кейіннен туған жері Қызылордадан спорт саласы бойынша жұмыс ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осы уақытқа дейін, яғни бес айға жуық Алмас Өтешов облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты "Мұз айдыны" мекемесінде әдіскер болып қызмет атқарды. Осылайша, даңқты спортшы енді басшылық қызметке де ауысып отыр.
– Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бақтияр Артаевтың бұйрығына сәйкес, 12 маусымнан бастап Өтешов Алмас Дәулетярұлы басқармаға қарасты "Олимпиадалық резерв даярлау орталығы" КММ директорының орынбасары қызметіне тағайындалды, – деп жазылған басқарманың ресми парақшасында.
Айта кетейік, Алмас Өтешов – Ауыр атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, 2 дүркін Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының күміс жүлдегері және Азия чемпионы.
Inbusiness.kz тілшісі 2 жыл бұрын спортшыны арнайы әңгімеге тартып, "Зілтемірші Алмас Өтешов қайда жүр?" деген тақырыпта мақала жазған еді. 2016 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг қолданғаны үшін Алмас Өтешовті төрт жылға спорттан шеттетті. Зілтемірші өмірінің осы жағдайдан кейін адам сенгісіз жағдайда әрі күрт өзгергенін айтып берді.
Кейіннен мұны отандық журналистке кең көлемде сұхбат беріп, толық баяндады. Бұл сұхбат қоғамда резонанс тудырып, спортшының өзгеруіне сеп болды.