11 мың алматылық жүргізуші куәлігінен айырылып қалуы ықтимал

3160

Салық төлеушілердің қарызы 865 млн теңгеге жетті.

11 мың алматылық жүргізуші куәлігінен айырылып қалуы ықтимал

Бұл туралы abctv.kz-ке Алматы қаласының Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Түменбаев айтты.

Оның сөзінше, тек бір Медеу ауданының өзінде 11140 жеке тұлғаның көлік салығы бойынша қарызы  865 млн теңгеге жеткен. Қуаныш Түменбаев бұл қарыз өткен жылдардан жиналғанын атап кетті.

"Барлық  жеке тұлғаға қарызды төлеу керектігі туралы хабарлама уақытылы жіберілген, алайда олар бұл ақпаратқа мән беріп отырған жоқ. 2018 жылдан бастап жаңа салық кодексіне өзгерістер енгізілген, енді мемлекеттік кіріс басқармасының қызметкерлері салықтық қарызды өндіріп алу туралы сот бұйрығын өздері шығарып, оны сот орындаушыларына бере алады. 2018 жылға дейін бұл мүмкін емес еді. Ол кезде қарызға қатысты барлық материал сот органдарының қарауына жіберілетін. Енді рәсім жеңілдетілді, салықтарды  шұғыл өндіріп алатын боламыз", – деп түсіндірді ол.

Қуаныш Түменбаевтың айтуынша, сот орындаушылар барлық борышкерге қатысты шара қолданатын болады. Оның ішінде елден тысқары жерге шығуға шектеу қойып, жүргізуші куәлігінің жарамдылығын уақытша тоқтату, сондай-ақ банктік шоты мен мүлікті бұғаттау бар.

Өткен жылы ресми табысы жоқ борышкерлердің көлігі алынған болатын. Қуаныш Түменбаев былтырғы тәжірибе биыл да қолданылатын айтты. Егер көлік борышкердің атына тіркелген болса, онда ол тәркіленеді де, аукцион арқылы сатылатын болады. Бұл үшін сот орындаушылар мен салық инспекторларынан, жол полициясы қызметкерлерінен тұратын арнайы топ құрылады. Егер салық төлеуші көлікті ерікті түрде беруден бас тартатын болса, оны эвакуатормен алып кетеді. Осы орайда, басқарма басшысының орынбасары былтырғы жылы жол полициясы 20-дан астам эвакуатор сатып алғанын еске салып өтті. Сондай-ақ өткен жылы Медеу ауданы бойынша 46 машина тәркіленіп, айыппұл тұрағына жіберілгенін де айтты.

Қуаныш Түменбаевтың сөзінше, мұндай жұмыс мүлік пен жер салығын төлемегендерге де қолданылады. Бұл шара қарызы 1 АЕК-тен (2405 теңге) асқан барлық азаматқа қолданылады. Бұл ретте, ол алматылықтар 2017 жылдың мүлік салығын 2018 жылы төлейтінін атап кетті. 2017 жылғы мүлікке төленбеген салық қарыз болып саналмайды.

Гүлназ Ермағанбетова, Римма Гахова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу