Үкіметті басқаруға Мажарстанды 16 жыл билеген Виктор Орбан мен батысшыл позициясы арқылы танылған Петер Мадияр таласқан болатын. Көп өтпей-ақ дауыстардың үштен екісін "Тиса" партиясы алып, Петер Мадиярдың жеңгені жарияланды.
Парламенттік сайлауда жеңілгенін Виктор Орбан алдын ала мойындап, Петер Мадиярға хабарласып, жеңісімен құттықтаған.
"Сайлау нәтижелері әлі түпкілікті болмаса да, жалпы көрініс айқын әрі түсінікті. Елді басқару жауапкершілігі мен мүмкіндігі бізге бұйырмады. Жеңіске жеткен партияны құттықтаймын", – деді Виктор Орбан.
Мажарстанның Ұлттық сайлау кеңсесінің 13 сәуірдегі дерегінше, бюллетеньдердің 72,44%-ы саналғаннан кейін "Тиса" 199 мандаттың 138-ін иеленбек. Яғни, партия Конституция мен негізгі заңдарға өзгерістер енгізу құқығына жетті. Ал Виктор Орбанның "Фидес" партиясы әзірге 54 орынға ие. Дауыс санау әлі жалғасады, сондықтан нәтижелер аздап өзгеруі мүмкін. Толық нәтиже 18 сәуірден кешікпей жарияланады. Бірақ жеңімпаздың аты өзгермейді.
Жалпы, Венгрияда биылғы сайлауға қатысқандардың саны бойынша рекорд жаңартқан, халықтың 74,23 пайызы сайлауда дауыс беріпті. Ең кейінгі жоғарғы көрсеткіш 2002 жылы ғана тіркелген – 73,51 пайыз.
Жаңа көшбасшы Петер Мадиярға Еуропадағы саяси жетекшілер құттықтауларын жаудырып жатыр.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен сайлау нәтижесін "Венгрияның Еуропаға қайта оралуы" деп бағаласа, Франция президенті Эммануэль Макрон "Еуропалық одақ құндылықтарына адалдық және Венгрияның Еуропадағы жеңісі" ретінде сипаттап үлгерді.
Батыстағы саяси тұлғалардың бұлайша "бөркін аспанға атуы" бекер емес. Өйткені еуропалық сарапшылар Виктор Орбанды ресейшіл көрсе, Петер Мадиярды батысшыл санады.
Оның белгісін де байқап үлгердік. Ресейлік саясаткерлер Мадиярдың билікке келгенін ұнатпағанын анық білдіртті. Өз кезегінде Петер Мадияр ресеймен дос болмайтынын, алайда энергетикалық ресурстар үшін байланыста болатынын жеткізді. Осыған дейін Виктор Орбан вето қойып келген ЕуроОдақтың Украинаға қаржылық көмегінің де жолын ашатынын мәлім етті.
Негізі Виктор Орбан билікте отырған кезінде Түркі мемлекеттері ұйымымен өте жақсы байланыста болды. Қазақстанмен де қарым-қатынасын жақсарта алды. Біріншіден, тарихи байланысы бар, екіншіден, Қазақстан секілді шикізатқа бай елдерге арқа сүйегісі келді.
Бұл мақсатта ол небір жағымды сөз айтудан да қайтқан жоқ. Былтыр Тушваньош фестивалінде сөйлеген сөзінде ол Түркі әлемін жаһанның алты қуатты орталығының бірі ретінде атады. Ал қазан айында Әзербайжанның Габала қаласындағы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне арнайы келді.
Ендігі назар аударар дүние: Мажарстанның жаңа көшбасшысы Петер Мадияр Түркі әлемімен байланысты ұстап тұра ала ма? Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің сөзінше, Венгрияның қарым-қатынастағы ұстанымы аса қатты өзгере қоймайды.
"Халықаралық қатынастардың басым бөлігі прагматизацияланып бара жатыр. Барлық мемлекеттер, әсіресе орта деңгейдегі державалар көпвекторлы сыртқы саясат құруға ұмтылған. Мысалы, Венгрияны алсақ, ол түркі бағытында да белсенді әрі еуроатлантикалық векторы бар – Еуропалық Одақ пен НАТО құрамына кіреді. Бұған қоса, Виктор Орбан Ресеймен де жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысты", – деп нақтылады саясаттанушы.
Сарапшы осыған ұқсас жағдай ретінде Түркияны да атады. Олардың да сыртқы саясатында жобалар иерархиясы бар: неоосманизм, еуроатлантизм, панисламизм және соңғы деңгейде пантүркизм.
Дәл осындай тәсілді Қазақстан да қолданады. Қазақстан еуразияшылдық, Қытаймен байланыс, Парсы шығанағындағы ислам мемлекеттерімен қарым-қатынас, Ұлы Тұран идеясы, сондай-ақ АҚШ-пен ерекше қатынас, Еуропалық Одақпен кеңейтілген ынтымақтастық даңғылының бәрін бірге алып отыр.
"Түркі мемлекеттері ұйымы өз мүшелеріне қосымша қатаң міндеттемелер жүктемейді. Қазір оның форматы жалпы сипаттағы үйлестіру алаңы іспетті. "Егер жағдай шиеленіссе, бірге барайық, ең болмаса куә болып тұрарсың" деген деңгейдегі ынтымақтастық. Сондықтан ұйым еш жағдайда Венгрияға қысым жасамайды. Керісінше, ол оған қосымша еркіндік пен халықаралық қатынастарға жол сыйлайды, – деді Ғазиз Әбішев.
Демек, Мажарстанның түркі бағытындағы саясаты айтарлықтай өзгермейді. Түркі мемлекеттері ұйымының саммиттеріне қатысып, үйлестіру жұмыстарына қосыла беруге тиіс. Бұған қоса, Түркі әлемі мен ЕуроОдақтың да қарым-қатынасында қайшылықтар жоқ, екі тараппен де ымырада болу Петер Мадиярға тек тиімділігін алып келмек.