18 жастағы үндістандық шахматшы Қазақстан кубогының кезеңінің жеңімпазы атанды

264

Шахматтан Қазақстан кубогының финалдық кезеңі 9-19 қарашада Алматыда өтеді.

18 жастағы үндістандық шахматшы Қазақстан кубогының кезеңінің жеңімпазы атанды

Алматы облысындағы Алмалыбақ ауылында тоғыз күн бойы шахмат тақталарының үстінде нағыз айқас өтті. 4-12 тамыз аралығында өткен шахматтан Қазақстан кубогының үшінші кезеңі шеберлік пен жүйкенің мықтылығын сынайтын нағыз майдан алаңына айналды. Мұнда әлемнің түрлі елдерінен келген гроссмейстерлер, тәжірибелі шеберлер және жас үміткерлер бас қосып, үш санатта – Masters, Challengers және Open – бақтарын сынады.

Masters санатының басты фавориттері арасында соңғы турға дейін интрига сақталды. Бірақ шешуші партияларда 18 жастағы үндістандық шахматшы Адитья Миттал жеңіске жететіні ешқандай күмән қалдырмады. Суыққанды есеп, тактикалық дәлдік және қарсыласын қыспаққа алатын шеберлік – бәрі де оның жеңіске жетуіне себепші болды. Бұл Митталдың Қазақстандағы кезекті триумфы. Ол бұған дейін 2023 жылы Астана мен Павлодарда өткен кубок кезеңдерін де жеңіп алған еді.

Күміс жүлде иегері Алексей Гребнев (FIDE) 14 000$, қола жүлде иегері Бассем Амин (Мысыр) 10 000$ көлемінде сыйақыны қанжығасына байлады.

Challengers санатында отандық шахматшы Әбілмансұр Әбілқайыр жеңіске жетті. Ол финалдық турларда мықты ойын көрсетіп, 4 000$ жүлдеге ие болды. Константин Корниенко (3 000$) екінші, Бахтияр Асқаров (Қазақстан, 2 000$) үшінші орынға ие болды. 

Open санатында Қырғызстан өкілі Азамат Нурдинов топ жарып, 2 000$ ұтып алды. Қазақстандық Төрехан Молбай (1500$) мен Айбек Тілекқабыл (1000$) екінші және үшінші орындарды иеленді.

Айта кетейік, 2025 жылғы Қазақстан кубогы үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең 22-30 маусым аралығында Ақтөбеде өтті. Екінші кезең Өскеменде ұйымдастырылды. Енді міне, үшінші кезең Алматы облысындағы Алмалыбақ ауылында өтті. Ал финалдық кезеңде айналмалы жүйе бойынша 12 қатысушы өзара күш сынасып, биылғы маусымның абсолютті жеңімпазын анықтайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу