Ғалымдар "Гас" деп атаған Tyrannosaurus rex қаңқасы – осы уақытқа дейін табылған ең ірі әрі ең толық сақталған үлгілердің бірі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, АҚШ-та алып тираннозаврдың қаңқасы аукционға шығарылады. Оның бастапқы бағасы 19 миллион доллар деп белгіленіп отыр.
Ғалымдардың мәліметінше, жыртқыш шамамен 67 миллион жыл бұрын, бор кезеңінің соңында қазіргі АҚШ-тың Оңтүстік Дакота штатында тіршілік еткен. Ол өз түрінің өкілдері арасында да ерекше ірі болған. Ұзындығы шамамен 12 метрге жуық, ал бойы 4 метрге таяған. Тіпті, оның ортан жілік сүйегі 2020 жылы аукционда шамамен 32 миллион долларға сатылған әйгілі "Стэн" тираннозаврының сүйегінен де үлкен.
Мамандарды қаңқаның өте жақсы сақталғаны таңғалдырды. Ол 183 тасқа айналған сүйектен тұрады. Бұл – әлемде табылған ең толық тираннозавр қаңқаларының бірі. Әсіресе, бас сүйегінің мінсіз сақталуы палеонтологтердің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Зерттеушілердің сөзінше, динозавр сүйектерінде оның өмірінде болған қақтығыстардың іздері сақталған. Бас сүйегі мен жақ сүйегінен тістің іздері анықталған, сондай-ақ жазылып кеткен бірнеше сынған жер де табылған. Бұл Гастың тірі кезінде ауыр шайқастарды бастан өткергенін аңғарса керек-ті.
Гастың сүйектері жақында ғана табылған. 2021-2023 жылдары палеонтологтер Оңтүстік Дакотадағы ранчо аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп, қаңқаны жер астынан алып шыққан еді. Динозаврға ранчо иесі Гэри "Гас" Ликингтің құрметіне есім берілген. Десе де, ол аукцион өтетін күнге дейін өмір сүре алмады. Ранчо иесі 2022 жылы дүниеден өткен.