19 млн арман, 20 млн жалған болып тұр

2073

Былтыр БАҚ өкілдері БҰҰ экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаментінің дерегіне сүйеніп, Қазақстан халқының саны 19 млн-ға жетті деп жарыса жазды.  

19 млн арман, 20 млн жалған болып тұр

Несін жасырайық, кәдімгідей қуандық. Алайда қуанышымыз су сепкендей басылды. Себебі статистика комитеті 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 18 690 195 адам екенін нақтылады. Сөйтсек 1951 жылдан бері әлемнің 235 мемлекетіндегі халық санын есептеп келе жатқан департаменттің дерегі болжам ғана екен.

Айтып, айтпай не керек, былтырды қойып, биыл да халқымыздың саны 19 млн адамға жеткен жоқ. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметінше, 2021 жылғы қаңтарда халық саны 18 877 адамды құрады. Оның ішінде қала халқы 11 млн 149 мың, ауыл халқы

7 млн 727 мың адам болды. Бұл 1 жылда халық саны 245 мың адамға немесе 1,3% ғана көбейді деген сөз.

Осыған дейін БҰҰ 2050 жылға қарай Қазақстанда өмір сүретін халық саны

21 млн-ды құрауы мүмкін екенін мәлімдеген. Ойлансаңыз, бұл көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Бір сөзбен айтқанда тәуелсіздік алғаннан бергі тілегіміз орындалмай, 19 млн арман, 20 млн жалған болып тұр.

2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 2 407 адам атақонысына оралып, азаматтық алған. Бұл да нұрлы көштің мұңлы көшке айналғанының белгісі.

Естеріңізге салайық, 2010 жылы Қазақстан халқының саны 16 млн-ға жетті.

2014 жылы 17 млн-ға жеттік деп сүйінші сұрадық. Содан бергі уақыттағы табиғи өсім жоғарыдағыдай. Ал "2020 жылы халқымыздың саны

20 млн адамға жетеді" деген бір кездегі арман-тілегіміз әлі орындалған жоқ.

Айта кетейік, 2018 жылы елімізің бірнеше аймағында қанатқақты жоба ретінде жаңа технология арқылы халық санағы қолға алынды. Осылайша үкімет былтыр өтуге тиіс болған жалпыұлттық халық санағына дайындала бастады. Қанатқақты жоба Ақмола облысының Бурабай ауданында және Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында жүзеге асырылуға тиіс болды. Санақшылар 70 те 30 қатынасын қолданып, яғни мәліметтің 30%-ын интернет, 70%-ы планшет арқылы жинамақшы болды. Кейін мұның соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Дайындық былай тұрсын, жалпыұлттық санақтың өзі өтпей қалды.

Халық санағы дегеннен шығады, бұл біз үшін жырға айналған тақырып. Бұған қатысты "Өтеді, өтпейді, болады, болмайды" деп даң-дабыра жасап келе жатқанымызға жылдардың жүзі болды.

2019 жылғы қазан-қараша айларында ел тарихындағы үшінші жалпыұлттық халық санағы өтуге тиіс еді. 40 мың санақшы жұмылдырылатын жобаға

8,8 млрд теңге жұмсау көзделді. Осыған қатысты сол кездегі ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов: "2009 жылғы санаққа 6 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бір адамға арналған шығынның көлемі 430 теңгені құрады. Ал 2019 жылы бір адамға 480 теңге қарастырылған. Цифрлы технологияны қолдану арқылы жүзеге асырылатын жалпыұлттық халық санағы барысында 1,5 млрд теңге үнемделеді. Жалпыұлттық санақ заманауи технологияның көмегімен жүргізіледі. Бұл үшін интернет-портал құрылады. Азаматтарға өздеріне қатысты мәліметті порталға жолдау мүмкіндігі беріледі. Бұған қоса ел аралау барысында санақ алушылар тұрғындарға қатысты мәліметті планшет арқылы  порталға енгізеді. Өңделген ақпарат деректер базасына түседі", – деді.

Сол кезде  8,8 млрд теңгенің негізгі бөлігі санақшыларға еңбекақы төлеуге және планшет сатып алуға жұмсалатыны жарияланып, санақшылардың саны

2009 жылғы 70 мың адамнан 2019 жылы 30 мың адамға қысқартылатыны

мәлімделді. Бұған қоса мемлекет өз азаматтарын ғана емес, елімізде тұрақты тұрып жатқан, жұмыс істеп, табыс тауып жүрген шетелдіктерге де назар аударатыны айтылды. Алайда мұның бірі де орындалмады. Жалпыұлттық халық санағы 2020 жылға жылжыды. Бұл туралы статистика комитеті: "Қазақстан заңнамасы және халықаралық ұсыныстар бойынша, халық санағы кемінде 10  жылда бір рет жүргізіледі. Бұл халық санағын жүргізу мерзімдерінің кезекті әлемдік раундтармен салыстырмалылығын қамтамасыз ету үшін жасалады. Сондықтан санақ жүргізу арасында 10 жылдық мерзімді сақтауға Қазақстан үшін 2019 жылғы қазан мен 2020 жылғы қазан айы арасындағы мерзім қолайлы. Осыған орай 2020 жылы халық санағын жүргізудің ең қолайлы мерзімдері ақпан-наурыз айлары деп белгіленді. Жалпыұлттық санақ жүргізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық және нұсқаулық сәттерді есепке ала отырып, Қазақстан халқының ұлттық санағын 2020 жылдың басында өткізу туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады. Бірақ бұл хабарлама да сөз жүзінде қалды.

Осылайша үшінші жалпыұлттық халық санағы 2021 жылға ауысты.

Біле жүріңіз, Қазақстан жалпыұлттық санаққа 2017 жылдан бері дайындалып жатыр. 1999 жылы өткізілген алғашқы жалпыұлттық санақта елімізде 14 981 28, ал 2009 жылы өткізілген екінші жалпыұлттық санақта 16 009 597 адам өмір сүріп жатқанын анықталды.

2019 жылы өтуге тиіс болған жалпыұлттық халық санағы ақпараттық жүйенің дер кезінде жасалмауының және мемлекеттік сатып алу мен ұйымдастыру жұмыстарының тиісінше атқарылмауының салдарынан 2020 жылға шегерілсе, өткен жылға жоспарланған шараға коронавирустың салқыны тиді. Бұл туралы статистика комитетінің баспасөз қызметі: "Елімізде коронавирустық инфекцияның таралуы мен енгізілген карантиндік шектеу шаралары бойынша қалыптасқан жағдайға байланысты жалпыұлттық халық санағын 2021 жылғы қазанға ауыстыру туралы шешім қабылданды, – деген хабарлама таратты.

Уақыт өте келе жалпыұлттық халық санағын өткізу әдісі өзгермейтіні жарияланып, 2021 жылы мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнама жүргізілетіні мәлімделді. Санақшыларды үйіне кіргізуді қаламайтын азаматтар sanaq.gov.kz сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетінше толтыра алатыны айтылды.

"Интернет арқылы мәлімет берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Сауалнамаға қатысқан азаматтарға халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі. Санақшы сауалнамаға қатысушыларға 84 сұрақ қояды. Берілген жауап қағазға емес, планшетке жазылады", – деп хабарлады статистика комитеті.

Тұтас алып қарасақ, осыған дейінгі жалпыұлттық санақтың барлығында кемшілік болды. 1999 жылы жүргізген алғашқы жалпыұлттық халық санағында Қазақстан халқының 2% тізімге енбей қалды. 2009 жылғы

екінші жалпыұлттық халық санағында статистика агенттігінің төрағасы Анар Мешімбаева 764,8 млн теңге жеп қойғаны үшін сотталып кетті. Бұл жолы да жалпыұлттық халық санағының қорындысы сенімсіз болды. Ел тұрғындарының саны әр жерде әртүрлі көрсетілді. Санақ қорытындысында ел азаматтары халық саны 16 млн-нан қанша асатынын түсінбей дал болды.

Аяқ астынан тағы да апай-топайы шықпаса, биылғы жалпыұлттық санақ 2  әдіспен жүргізіледі. Онлайн және дәстүрлі түрде.

Қазақстан Республикасының 2021 жылғы ұлттық халық санағын жүргізу жөніндегі арнайы комиссиясының бірінші отырысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов онлайн санақ 2021 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, sanaq.gov.kz веб-сайтында 15 қазанға дейін жалғасатынын жариялады. Осы отырыста дәстүрлі үй-үйді аралау арқылы халық санын есепке алу 2021 жылдың 1 қазанынан 2021 жылдың 30 қазанына дейін ұйымдастырылатыны белгілі болды.

"Санақшылар планшет қолданады. Бұл дерек сапасына адами фактордың әсерін азайтады және нақтылық деңгейін жоғарылатып, ақпараттың қайталануының алдын алады. Сауалнама барысындағы деректер тікелей ортақ дерекқорға жіберіледі", – деді премьер-министрдің бірінші орынбасары.

Жалпыұлттық халық санағының шым-шытырығынан сүрініп құлауға немесе еңкілдеп жылауға болады. Алайда дәл қазіргі уақытта бұл маңызды емес. Маңыздысы – Қазақстан халқының саны қашан 20 млн адамға жетеді деген сұрақ қана.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу