Себебі, украиналық Александр Усик өзінің кәсіби бокстағы мансабын екі жекпе-жектен соң аяқтайтынын ресми түрде мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Усиктің алғашқы жекпе-жегі 19 шілде күні Дэниел Дюбуаға қарсы өтеді. Кездесу Лондон қаласында жоспарланған. Украиналық спортшыда екінші қарсылас үшін екі таңдау бар. Олар – Энтони Джошуа және Тайсон Фьюри. Яғни, осы екеуінің бірімен қолғап түйістіреді, Усиктің жоспарында Джалолов жоқ. Еске салайық, өзбекстандық боксшы онымен рингте кездесуге бірнеше рет талпынған еді.
2023 жылдан кейін кәсіби спортта төбе көрсетпеген Баходир Джалолов 2025 жылдың 5 сәуірінде Астана қаласында рингке шықты. Оған украиналық Игорь Шевадзуцкий қарсылас атанды.
Өзбек боксшысы аталған кездесуді нокаутпен аяқтайтынына сенімді еді. Десе де, жекпе-жек толық 12 раундты қамтып ғана мерейі үстем болды. Бұған дейін Джалолов кәсіби мансабындағы барлық кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған-ды.
Осылайша, дәл қазіргі ситуацияға қарап, Баходир Джалоловтың Усикпен шаршы алаңда кездесу туралы арманы орындалмайды деуге болатындай.