2020 жылы зейнеткерлер мен студенттердің несие алуы қиындап кетті

5031

Бұған дейін 25 жастан асқандар ешқандай кедергісіз несие рәсімдей берсе, пандемия кезінде 31 мен 45 жас аралығындағы клиенттерге сенім артылған.  

2020 жылы зейнеткерлер мен студенттердің несие алуы қиындап кетті

IDF Eurasia тобы пандемия кезіндегі қазақстандықтардың кредиттік белсенділігіне зерттеу жүргізіпті. Зерттеуге сәйкес, былтыр қаржы ұйымдарында қарызы бар адамдардың қарыз алу мүмкіндігі жоғары болған. Бұл үрдіс бұған дейін де сақталып келгенін атап өткен жөн. Соған қарамастан, 2020 жылы 420 мың қазақстандық алғашқы несиелерін рәсімдеген. Оларға 138,8 млрд теңге несие беріліпті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Зерттеу нәтижесі соңғы жылдары қаржы ұйымдарынан қарыз алатын қазақстандықтардың орташа жасы біршама ұлғайғанын көрсетті. Мәселен, бұған дейін 25 жастан асқандар ешқандай кедергісіз несие рәсімдей берсе, пандемия кезінде 31 мен 45 жас аралығындағы клиенттерге сенім артылған. Тағы бір атап өтерлігі, қаржы ұйымдары қарыз беру туралы шешім қабылдаған кезде несие тарихының дұрыстығына ғана емес, аз мөлшердегі қарыздың бар-жоқығына да ерекше назар аударатын болған", – делінген IDF Eurasia тобының ресми хабарламасында.

Топ сарапшылары көп жағдайда тұрақты жұмысы бар, соңғы жұмыс орнындағы еңбек өтілі үш жылдан асатын адамдарға несие берілгенін анықтады. Отбасылы адамдарға несие рәсімдеу де аса бір қиындық тудырмаған. Қаржы ұйымының орналасқан жері бойынша тіркелген қарыз алушыларға да оң жауап алу бақыты бұйырыпты.

"Пандемия кезінде республиканың шалғай аймақтарында және ауылдық жерлерде тұратын адамдардың қарыз алуы азайды. Көрсеткіш өңірлерде берілген қарыздардың жалпы көлемінен 10 пайызға қысқарған. Былтыр студенттер, зейнеткерлер мен еңбек жолын енді бастаған адамдардың несие алуы қиындады", – делінген зерттеуде.

Қарыз алушылардың басым бөлігінің (42 пайызы) орташа жалақы мөлшері 150-300 мың теңгені құраған. Бұл ретте клиенттердің 30 пайызға жуығының ай сайынғы табысы 100 мың теңгеден кем екен. Клиенттердің 15 пайызы 300 мың теңгеден жоғары көлемде еңбекақы алатынын көрсеткен.

Бірінші несие бюросының ресми дерегінше, былтыр қазақстандықтарға 4,1 трлн теңге несие берілді. Мұның 2019 жылғы көрсеткіштен айырмашылығы шамалы. Десе де, қазақстандықтардың несие алу белсенділігінің белгілі бір деңгейде төмендегенін байқауға болады. Яғни, қарыздың өсуі 2019 жылмен салыстырғанда 9 пайызға азайған.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу