banner

2023 жылы алтын бағасы шарықтайды – сарапшылар

Швейцариялық UBS инвестициялық банкі осындай болжам жасап, клиенттеріне хат жолдаған. 

2023 жылы алтын бағасы шарықтайды – сарапшылар Фото: yandex.kz

Қаржы ұйымы сарапшыларының пайымынша, баға тұрақты өсіп, келесі жылдың соңына қарай алтынның унциясы 1900 долларға жетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Бұған дейін мұндай рекордтық көрсеткіш биылғы жылдың наурыз айында тіркелген. Ол кезде баға унциясына 2000 долларға дейін өскен. Алайда кейін оның құны 18%-ға төмендеді. 

Дүниежүзілік алтын кеңесі (World Gold Council) де алдағы жылға болжамын ұсынды. 

"Баяу рецессия алтын бағасын нығайтады. Бұған қоса, инфляция төмендеп, доллар әлсіресе бағалы металдың құны артады. Сонымен қатар геосаяси шиеленіс кезінде алтын тұрақты инвестициялық құрал ретінде қала береді. 2023 жылы Қытайдың экономикалық өсімі қалыпына келіп, алтынға тұтынушылық сұранысты арттыруы керек", – деп жазылған Дүниежүзілік кеңестің болжамында. 

Германиялық Heraeus Precious Metals сауда компаниясының сарапшылары инфляциялық қысым әлсіреген жағдайда бағалы металдың еуродағы құны рекордтық көрсеткішке жетуі мүмкін деп есептейді. 

"Келесі жылы алтын бағасы Украинадағы оқиғаларды, жоғары инфляцияны және рецессия қаупінің күшеюін ескере отырып, бір унциясы үшін 1620-1920 доллар аралығында ауытқиды", – деп хабарлады сарапшылар. 

Бұл ретте алтын бағасы АҚШ Федералды қор жүйесінің базалық мөлшерлеме туралы шешіміне байланысты да құбылатыны анық. Мұны мамандар да айтып отыр. Егер Құрама шаттар ақша-несие саясатын жеңілдетсе, бұл құнды метал қымбаттауына ықпал етеді.  

Айта кететіні, қазір әлемде көптеген мемлекеттердің Орталық банктеріндегі негізгі резервтік қорлар алтын түрінде сақталған. Тізімді АҚШ, Германия және Италия көш бастап тұр. Олардың қатарында Халықаралық валюта қоры да бар.  
• АҚШ 8133,5 тонна;
• Германия 3355,1 тонна;
• ХВҚ 2814 тонна;
• Италия 2451,8 тонна;
• Қазақстан 384,1 тонна.

Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша алтын – тұрақты инвестициялық құрал. Сондықтан еліміз 2019 жылдан бері Ұлттық қордағы аталған активтің үлесін арттырып келді. 


 
"Бізде 2019 жылға дейін Ұлттық қордың 80%-ы облигация, 20%-ы акция ретінде сақталды. 2019 жылдан бастап Президенттің бұйрығына сәйкес, бұл талап өзгерді. Еліміздің негізгі позициясы – Ұлттық қорды әртараптандыра отырып, тұрақты инвестициялық кіріс әкелетін институтқа айналдыру. Мемлекеттің ұстанған саясатын қазақстандықтардың да ұстанғаны дұрыс. Яғни, біздің де табысымыздың бір бөлігін міндетті түрде ұзақ мерзімді инвестициялық құрал – алтынмен сақтағанымыз дұрыс. Бірақ ол табысымыздың 10-15%-нан аспауы керек", – деді экономист. 

Дүниежүзілік алтын кеңесінің соңғы рейтингіне сәйкес, Қазақстан резервтер құрамындағы алтын қоры бойынша 16-шы орында тұр. Сондай-ақ еліміз резервтер құрамындағы алтын үлесі бойынша алдыңғы қатарлы 10 елдің қатарына кіреді.

Қазақстаннан басқа, тізімнің басында 82%-бен Венесуэла, 70%-бен Португалия, 66%-бен АҚШ және 65%-бен Германия сияқты елдер бар. Бұл ретте біздің резервтеріміздің құрамындағы алтынның үлесі Ресей, Ұлыбританияға, Үндістанға, Швейцарияға, Жапонияға және Қытайға қарағанда айтарлықтай жоғары, олардың резервтер құрамындағы алтын портфелі шамамен 20%, 10%, 8%, 6%, 4% және 3%-ды құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу