2023 жылы декреттік төлемдердің көлемі қандай болмақ?

26257

Жаңа жылдан бастап бала күтіміне байланысты жәрдемақы алушыларға жәрдемақы төлеу мерзімі автоматты түрде ұзартылады. 

2023 жылы декреттік төлемдердің көлемі қандай болмақ? Фото: yandex.kz

2023 жылы декреттік төлемдерге қанша қаражат бөлінді?

Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Еске сала кетейік, осы жылдың 8 желтоқсанында заң жобасын Сенат мақұлдап, Президенттің қарауына жолдаған болатын. Құжат бала күтімі бойынша тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу мерзімін бір жастан бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартуды көздейді.

"Заң жобасына қол қойылғаннан кейін, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша бала күтіміне байланысты жәрдемақы алушыларға жәрдемақы төлеу мерзімі Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде ұзартылады", – деп нақтылады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова.

1,5 жасқа дейінгі балалары бар жұмыс істемейтін ата-аналар үшін республикалық бюджеттен жәрдемақының екі түрі төленетін болады.

Бірінші – бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы. Бұған 2023 жылға 65,8 млрд теңге көзделген. 2022 жылы бірінші, екінші, үшінші бала туғанда берілетін жәрдемақы мөлшері 120 840 теңгені (38 АЕК), төртінші және одан да көп бала туғанда 200 340 теңгені (63 АЕК) құрады.

Екінші – бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы. Туған баланың кезектілігіне байланысты сараланған мөлшерде беріледі. Бұл мақсатқа 2023 жылы 43,8 млрд теңге қарастырылған.

Жұмыс істейтін ата-аналар үшін республикалық бюджеттен бала туған берілетін біржолғы жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем төленетін болады. Айта кетейік, әлеуметтік төлем мөлшері кейінгі екі жылда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

2022 жылы отбасыларға қандай әлеуметтік көмек көрсетілді?

2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша орта есеппен 56,2 мың адам бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты республикалық бюджеттен 16,4 млрд теңге көлемінде жәрдемақы алған. Бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша осы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша 618,7 мың адам Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы мөлшерінде жалпы сомасы 156,9 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алды.

4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға отбасындағы балалардың санына байланысты сараланған мөлшерде жәрдемақы төленеді. Осы жылы 4 баласы бар отбасылар үшін жәрдемақы мөлшері 16,03 АЕК-ті – 50 975 теңгені, 5 баласы бар отбасылар үшін 20,04 АЕК-ті – 63 727 теңгені, 6 баласы бар 24,05 АЕК-ті – 76 479 теңгені, 7 баласы бар отбасылар үшін 28,06 АЕК-ті – 89 231 теңгені құрады. Ал 8 және одан көп балалары бар отбасылар үшін әр балаға 4 АЕК-тен жәрдемақы тағайындалған. 2022 жылдың 1 желтоқсанына арналған дерекке сүйенсек, орта есеппен 498,5 мың көпбалалы отбасы жалпы сомасы 315,6 млрд теңгеге жәрдемақы алған.

Мүгедек балаларға мемлекет қандай қамқорлық жасайды?

Осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша еліміздегі мүгедектігі бар балалар саны 101,6 мыңды құрады. Оның ішінде 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар – 32,1 мың, бірінші топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар – 10,9 мың, екінші топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар – 22,2 мың адам, үшінші топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар – 36,4 мың адам.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, мүгедек адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету үшін әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі жұмыс істейді:

- әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдер түріндегі мемлекеттік көмек және қолдау;

- мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік оңалту шеңберінде ағзаның жоғалған функцияларын өтеу;

- арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету.

Мүгедектігі бар балалар ай сайынғы жәрдемақы алады. Олардың мөлшері келесідей:

– I топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар үшін – 1,92 күнкөріс деңгейі көлемінде (71 787 теңге);

– ІI топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар үшін – 1,59 күнкөріс деңгейі көлемінде (59 449 теңге);

– ІІI топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар үшін – 1,40 күнкөріс деңгейі көлемінде (52 345 теңге);

Бұдан бөлек, мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеп отырған анасына немесе әкесіне, асырап алушыға, қамқоршыға 1,4 күнкөріс деңгейі көлемінде немесе 52 345 теңге мөлшерінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Мүгедектігі бар балалар мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен протездік-ортопедиялық көмекпен, сурдо-тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбалармен, санаторий-курорттық емдеумен, міндетті гигиеналық құралдармен, жеке көмекшінің және ыммен сөйлеу маманының қызметтерімен (60-тан астам атау) қамтамасыз етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу