Қазақстанды рекордтық көлемде "саранча" қаптағалы тұр

4126

Мамандар көкқасқа шегірткелердің өрбуі циклдық сипатта болып келетінін, тиісінше, олардың кең таралуының шырқау шегі 2024 жылдың үлесіне түсіп тұрғанын айтады.

Қазақстанды рекордтық көлемде "саранча" қаптағалы тұр Фото: dag.aif.ru

Көкқасқа шегіртке дамудың белгілі бір сатыларынан өтеді. Онысы жердегі метеорологиялық ахуалға да, Күндегі жарқылдар мен магниттік дауылдар сияқты ғарыштық құбылыстарға да байланысты болады.

Нәтижесінде, олардың 11 жылдық даму циклының "шыңы" биылға тұспа-тұс келеді екен. 2024 жылы бұл зиянкестер өнімділіктің және белсенділіктің шырқау шегіне жетеді.

Мамандар мұндай шегірткенің дернәсілі бір сиырды жеп қоя алатынын, ал, тұтас үйірі ондаған мың адамды асырай алатын тұтас егінді әп-сәтте жоқ қылатынын ескертеді. Одан келетін қауіпті бағамдай беруге болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің болжамынша, осы жылы аталған үйірлі зиянкестер 2,5 миллион гектарға таралмақ.

Салыстырсақ, Қазақстанда үйірлі көкқасқа шегірткелер 2020 жылы 514 мың гектарға, 2021 жылы  626, 2022 жылы – 975 мың гектарға таралып, жайпап кетті. Былтырғы 2023 жылы 1,5 миллион гектарды отап кетуі мүмкін деп жорамалданған, шынында 1 миллион 616 мың гектарды өңдеп, кең ауқымды күрес жүргізуге тура келді.

2024 жылы бұл зиянкестерден 2020 жылмен салыстырғанда 5 еседей көп егістік зардап шегуі ықтимал. Оған жол бермеу үшін ошақтарға дәрі шашып, өңдеуге биыл мол шығын шығарылуда. Бұған дейін республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге бөлінсе, бүгінде оған қосымша тағы шамамен 4 миллиард теңге бағытталды.

Қазақстанда "ерекше қауіпті, зиянды организмдерге" жатқызылған бұл үйірлі зиянкестердің үш қауіпті түрі таралған:

  • Азиялық көкқасқа шегіртке – Locusta migratoria migratoria L.; 
  • Марокколық көкқасқа шегіртке – Dociostaurus maroccanus;
  • Италиялық прус – Calliptamus italicus.

Егер олармен пәрменді күреспесе және алдын орамаса, дернәсілден ересекке айналған түрлері дәнді дақылдар, бау-бақша, жемазық болсын, жолындағы барлық өсімдік атаулыны жайпап, жойып жіберуге қабілетті.

Мұндай жағдайда диқандар жаппай шығынға отырып, банкрот болуы мүмкін. Төрт түлік азық пен шөптен айрылып, түгел қырылуы, сөйтіп, жұт басталуы ғажап емес.

Мемлекеттің басты міндеті – соған жол бермей, күрес шараларын тегеурінді жүргізу.

Осыған байланысты жауапты меморгандар зиянкестердің таралуына, популяциясына жерден де, ғарыштан да ұдайы мониторинг жүргізіп, бақылауға алуға күш салуда. Соның негізінде олардың таралу ауқымына қатысты болжамдар түзіліп, қорғаныс іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр.

13 маусымдағы жағдай бойынша республикада 1,1 миллион гектар аумақ көкқасқа шегірткеге қарсы өңделген. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Қостанай облысына барғанда мәлімдеді.

Ведомство басшысы ағымдағы жағдаймен өзі танысып, аумақтарды химиялық өңдеу жұмыстарының барысы мен сапасын тексеру үшін өңірлерді аралауда.

"Айта кетейік, Қостанай облысы – Ақтөбе және Түркістан облыстарымен қатар "биыл шегіртке ең көп таралады" деп болжанған өңірлердің қатарында. Жалпы, мұнда 775,6 мың гектар аумақта өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 57 арнайы техниканың көмегімен 120 мың гектардан астам алқап өңделді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Арқалық қаласында, Амангелді, Жангелді, Қамысты және Науырзым аудандарында кешкі және таңғы уақытта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

500-ге жуық адам, оның ішінде фитосанитарлық диагностика орталығының 129 сарапшысы қамтылған мониторингтік іс-шаралар жалғасуда. Мамандар 339 мың гектар жерді зерттеді.

Министр Амангелді ауданы, Арқалық қаласындағы бірнеше шаруа қожалығын, егіс жұмыстары жалғасып жатқан алқаптарды аралады, шаруа қожалықтары басшыларымен және мердігерлермен кездесті.

"Үкіметтің қолдауымен көкқасқа шегірткемен күрес белсенді жалғасуда. Бұл мәселе Премьер-министрдің ерекше бақылауында. Біздің алдымызда бұл зиянкестермен күресті тиімді ұйымдастыру міндеті тұр. Қажетті көлемде дәрі-дәрмек сатып алу және жұмысты бастау бойынша дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде жоспарланған 2,5 миллион гектарлық залалсыздандыру алаңының 1,1 миллионнан астамы өңделді. Техника жеткілікті! Өңірлер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Барлық өңдеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде", – деді министр Айдарбек Сапаров.

АШМ қорғаныс шараларын ұйымдастыру бойынша кешенді шаралар дер кезінде қолға алынғанына сендіреді. Мәліметтер мен өңдеу нәтижелері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің ресми арналары арқылы халыққа жүйелі түрде жеткізіліп тұрмақ.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, "Щелково Агрохим-KZ" маманы Светлана Яцюктің айтуынша, қазіргі кезде климаттық дағдарыс бұл зиянкестердің көбеюіне қолайлы болды. Өйткені олар аптап ыстық, құрғақшылық жылдарында қатты өнеді, үйірінің көлемі күрт артады.

"Жауын-шашыны көп жылдарға қарағанда, қуаңшылықта көкқасқа шегіртке жылдам дамиды, зеңге, бактериофагтарға, түрлі ауруларға көп шалдықпайды. Тиісінше, өміршеңдігі артып, "тепсе темір үзетін", алысқа ұша алатын қуатты өкілдерінің саны көп болады. Сондықтан жаһандық жылыну күш алған сайын Қазақстан да зиянкестердің қарқынды түрде көбейе беретініне қазірден дайындалғаны жөн. Оның үстіне адамдардың өздері көкқасқа шегірткелер санының жаппай өніп-өсіп, өрістеуіне қолайлы жағдай туғызады. Мысалы, егістіктерді дұрыс, жете өңдемейді, малды бір жерге жайып, шөбін тықырлап тастайды, егін алқаптарын пайдаланбай, қараусыз тастайды", – деді С.Яцюк.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің "Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының" дерегінше, 2024 жылы үйірлі көкқасқа шегірткелердің таралу көлемі рекордқа, шырқау шегіне жетіп, 2,5 миллион гектарды құрайды.

Бұл ретте зиянкестер Ақтөбе, Қостанай, Түркістан және Жамбыл облыстарында барынша көп жайылады деп күтілуде.

"Көкқасқа шегірткенің қаптауы қандай нәубет-зұлматтарға соқтыратыны Құран мен Библияда сипатталған. Мен өз көзіммен көрдім: үшінші жастағы көкқасқа шегірткенің дернәсілдері бір ғана аптада жылқы мен сиырды тұтас жеп қойды, олардан тек түгі мен сүйегі ғана қалды. Жасыл құрақ-шөп қалмаса, дернәсілдері жолында кездескеннің бәрін жалмай береді. Олардың ауыз аппараты кеміруге құрылған", – деді фитосанитария орталығының басшысы Ерлан Құралбаев.

Бұл іске цифрландыру көмекке келіпті. Қазақстанда көкқасқа шегіртке зиянкестерімен күрестің тиімділігін арттыру үшін олардың таралу аумағының цифрлық картасы әзірленді. Мониторинг процесі мен деректерді беруді цифрландыру ауыл-аудандарға дейін жетті.

Бұрындары фитосанитария мамандары алдымен даланы аралап, сынама алып, зерттеулерінің нәтижелерін қойын дәптерлеріне түртіп жазып алатын да, содан кейін оны теріп, басып шығарып, құжаттарын көтерген күйі әкімдіктерді аралайтын. Бұл деректерді соларға тапсыратын және ауылдық округтер әкімдерінің қолын қойғызу үшін кеңселерінің табалдырығын тоздыратын. Тек содан кейін ғана далалар мен алқаптар улы химикаттармен өңделетін.

Енді бұл процесс оңайлатылған көрінеді: фитосанитария орталығының Жамбыл облысының Жамбыл ауданындағы филиалының басшысы Назгүл Атабаеваның түсіндіруінше, енді зиянкестер ошақтарының координаттары арнайы сайттағы картаға жүктеліп, енгізіледі, сол жерден әрбір әкімдік тиісті өзекті деректі алып, сол жерге өңдеу бойынша тендерді жеңіп алған компанияны жолдайды.

Бір маңыздысы, әкімдер, мамандар фермерлерді, қолында мал ұстайтын ауылдықтарды алдын ала ескертуді ұмытпағаны жөн. Химиялық өңдеу жүргізілген жерлерге мал жаюға болмайды.

Аграршылардың айтуынша, мемлекет көкқасқа шегіртке үйірлерін уақытында жойып, қалғанын "құрықтай" алса, таралу ауқымын шектесе, биылғы жыл мол астық жинауға қолайлы болғалы тұр.

"2024 жыл тосын климаттық жағдайлармен басталды. Көп облысты су басып, топырақ мол ылғалданды. Бұған еліміздің негізгі астық өсіруші өңірлерінде құйып тұрып жауып жатқан жаңбыр қосылды. Бұл жағдай тыңайтқыштардағы қоректендіруші заттардың қорытылуына өте жақсы ықпал етеді. Өткен жылдардың егіс маусымдары көрсеткендей, ылғалдың жетіспеушілігі егіннің бітік шықпауының негізгі бір себебіне айналды. Дәл дәнді дақылдар өнетін аса маңызды кезеңде ылғал тапшы болды. Биылғы жылы кем дегенде дәннің өсіп-өнуі кезеңінде топырақ ылғалмен жеткілікті деңгейге қамтамасыз етіледі деп күтіліп отыр", – деді "Агроцентр ЕвроХим-Қазақстан" компаниясының агрохимиялық сервис бойынша бас маманы Ерқанат Жантеміров.

Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, биыл дән себу жұмыстарын абыроймен өткізіп, жақсы астық алудың алғышартын жасауы үшін егіс жұмыстарына 376 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Аймақтық операторлардың жеткізу шығындарын ескере отырып, өнім өндірушілер үшін орташа баға республика бойынша әр литр үшін 250 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15% арзан.

Егіс науқанын қаржыландыруға алғаш рет 5% жеңілдікпен 580 миллиард теңгеге дейін қарыз қаражат бөлінді. "Кең дала", "Кең дала-2" бағдарламалары бойынша Аграрлық несие корпорациясы арқылы және форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша "Азық-түлік келісім шарт корпорациясы" арқылы қаржы бөлінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу