2024 жылы бюджет қаржысы қалай жұмсалады?

Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарлануда. 

2024 жылы бюджет қаржысы қалай жұмсалады? Фото: Inbusiness.kz

Сенатта "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы қаралып, кеңінен талқыланды. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев оның негізгі тұстарымен таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, 2024 жылға арналған түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжануда.

"Трансферттерді есепке алмағанда, кірістер 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80%-ын құрайды. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарлануда (2023 ж. – 4 трлн теңге), оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн теңгеһ", – деді Ерұлан Жамаубаев.

Аталған қаражаттар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.

"Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау, инженерлік желілерді жаңғырту.

Сондай-ақ, ұлттық жобалар аясында жүздеген әлеуметтік объектілерді салу.

Жалпы, бюджеттің шығыстары 2024 жылы биылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды", – деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

Оның айтуынша, бюджет тапшылығы Жалпы Ішкі Өнімге 2,6% деңгейінде болжануда. Республикалық бюджеттің басым бөлігі мемлекеттік және әлеуметтік міндеттемелерді толыққанды орындауға, өңірлерді дамытуға бағытталған.

"Біріншіден, халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің басты басымдығы болып қалады. Осыған орай әлеуметтік шығындардың бюджет шығыстарындағы үлесі 40%-дан асады. Бұл ретте, тек индекстелген зейнетақы мен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге көзделген. Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, оның ішінде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға, 2,4 трлн теңге бағытталады. Білім беру саласын дамытуға, оның ішінде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыруға, 1,7 трлн теңге жұмсалады", – деп түсіндірді Жамаубаев.

Екіншіден, өңірлерді дамыту міндеті тұр. Бұған республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден артық қаражат қарастырылған. Яғни жалпы бюджет шығыстарының шамамен 30%-ын құрайды.

Оның ішінде:

  • 5,3 трлн теңгесі - бұл субвенциялар;
  • 1,7 трлн теңге - өңірлерді дамытуға бағытталған нысаналы трансферттер.

Сондай-ақ, Сенатта Үкімет резерві есебінен "Ауыл-Ел бесігі" бағдарламасын іске асыруға қосымша 13,6 млрд теңге, өңірлердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 30,1 млрд теңге бөлінеді.

"Үшіншіден, экономиканың нақты секторын дамытуға 2,9 трлн теңге бағытталады. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдауға 1,2 трлн теңге жоспарланған.

Өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыруға 120 млрд теңге бағытталады, шамамен 2,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен кредиттеуге жыл сайын 140 млрд теңге бөлінеді.

"Ауыл аманаты" бағдарламасы шеңберінде және Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға 200 млрд теңге көлемінде кредиттер беріледі", – деген Ерұлан Жамаубаев күш құрылымдарының 2024 жылға арналған шығыстары 2,6 трлн теңге көлемінде жоспарланғанын жеткізді.

Олардың ішінде ең бастылары:

Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы;

  • мемлекеттік қорғаныс тапсырысын жүзеге асыру;
  • әскери қызметшілердің жекелеген санаттарына еңбекақыны жоғарылату;
  • күш құрылымдарын қосымша материалдық-техникалық жарақтандыру болып табылады.

Отырыс барысында "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу