2025 жылы халыққа берілген кредиттер 24,6 трлн теңгеге жетті

216

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан банк секторының 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдайы туралы жаңартылған деректерді жариялады.  

2025 жылы халыққа берілген кредиттер 24,6 трлн теңгеге жетті Фото: fintech-retail.com

Агенттік мәліметінше, есепті күнге елімізде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның ішінде 15 банк – шетелдік қатысуы бар қаржы ұйымдары, соның 10-ы еншілес банк саналады.

2025 жылғы қарашада банк секторының активтері 0,8%-ға өсіп, 68,3 трлн теңгеге жетті. Бұл өсім негізінен несие портфелінің 42,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюымен байланысты. Жыл басынан бергі өсім – 11%.

Екінші деңгейлі банктердің жоғары өтімді активтері 19,8 трлн теңгені немесе жалпы активтердің 29%-ын құрады. Бұл көрсеткіш банктердің өз міндеттемелерін толық орындауына жеткілікті деңгейде екенін көрсетеді.

Экономикаға берілген кредиттер қараша айында 0,7%-ға өсіп, 39,4 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері өсім 16,8% болды. Ұлттық валютадағы кредиттер 1,2%-ға артып, 36 трлн теңгені құрады. Ал теңгенің АҚШ долларына қатысты 3,4%-ға нығаюы салдарынан шетел валютасындағы кредиттер 4,5%-ға азайып, 3,4 трлн теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде теңгемен берілген кредиттердің үлесі 91,3%-ға жетті.

Бизнес субъектілеріне берілген кредиттер базалық мөлшерлеменің қазан айында 16,5%-дан 18%-ға дейін өсуі аясында қарашада 0,2%-ға төмендеп, 14,8 трлн теңгені құрады. Бұл ретте ірі бизнеске берілген қарыздар 2,2%-ға азайып, 5,3 трлн теңгеге түсті. Ал шағын және орта бизнеске берілген кредиттер 0,8%-ға өсіп, 6,5 трлн теңгеге, жеке кәсіпкерлерге берілген қарыздар 1,5%-ға артып, 3,1 трлн теңгеге жетті.

Салалар бойынша кредит көлемі барлық бағытта артқан. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында – 6,4%-ға (512 млрд теңге), өнеркәсіпте – 11,5%-ға (4,9 трлн теңге), көлік саласында – 3%-ға (921 млрд теңге), ақпарат және байланыс секторында – 36,8%-ға (210 млрд теңге), саудада – 18,4%-ға (4,1 трлн теңге), құрылыста – 18,9%-ға (807 млрд теңге) өскен.

Қараша айында бизнеске берілген жаңа кредиттер көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,3%-ға аз. Ал 11 айдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 17,5 трлн теңгеге жетіп, 2024 жылмен салыстырғанда 8,7%-ға артты. Ұлттық валютадағы бизнес кредиттері бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 22,3% болды.

Халыққа берілген кредиттер бір айда 1,2%-ға өсіп, 24,6 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бергі өсім – 18,8%. Оның ішінде тұтынушылық қарыздар 16,6 трлн теңгеге, ипотекалық кредиттер 6,8 трлн теңгеге дейін артты. Қарашада халыққа берілген жаңа қарыздар көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Ұлттық валютадағы кредиттер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 18,2%-ға дейін төмендеді. Ипотекалық қарыздар бойынша мөлшерлеме – 9,6%, тұтынушылық кредиттер бойынша – 19,1%.

Кредит портфелінің сапасы тұрақты деңгейде сақталып отыр. 90 күннен астам мерзімі өткен берешек үлесі 3,7% немесе 1,6 трлн теңгені құрады. Бизнес кредиттеріндегі проблемалық қарыздардың үлесі 2,6%, халыққа берілген кредиттерде – 4,6% деңгейінде қалыптасты.

Банк секторының міндеттемелері қарашада 57,9 трлн теңгеге жетті. Ал резиденттердің депозиттері 0,5%-ға төмендеп, 44,5 трлн теңгені құрады. Долларландыру деңгейі 21% болды.

2025 жылғы қаңтар-қараша аралығында банктердің таза пайдасы 2,5 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,2%-ға артты. Активтердің рентабельділігі 4,2%, ал капиталдың рентабельділігі 28,8% деңгейінде сақталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу