Бұл туралы DW басылымы Еуропаның Copernicus климат қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Мамандардың есебінше, 2026 жыл тарихтағы екінші ең ыстық жыл болуы мүмкін. Мұндай болжамның ықтималдығы 80 пайыз деп бағаланған. Ал 2024 жылы тіркелген рекордтың қайталану немесе жаңару ықтималдығы 20 пайызды құрайды.
Биылғы алғашқы 10 айдың өзінде Жер шарындағы орташа температура айтарлықтай жоғары болды. Қазан айында да аптап ыстық тіркеліп, әлем бойынша орташа температура 1850-1900 жылдардағы деңгейден 1,75 градусқа асып түсті.
Ғалымдар ауа температурасының көтерілуіне адам әрекетінен туындаған климаттың өзгеруімен қатар Эль-Ниньо табиғи құбылысы да әсер етіп отырғанын айтады.
Мамандардың болжамынша, 2023-2026 жылдар аралығындағы орташа температура да өнеркәсіп кең таралмаған кезеңдегі көрсеткіштен 1,5 градусқа жоғары болуы мүмкін.
2015 жылы қабылданған Париж келісіміне сәйкес, әлем елдері Жер шарындағы температураның көтерілуін 1,5 градуспен шектеуге күш салуға келіскен. Алайда ғалымдар алдағы жылдары бұл межеден уақытша асып кету қаупі бар екенін ескертеді.
Потсдам климаттың өзгеруін зерттеу институтының директоры Йохан Рокстрёмнің айтуынша, алдағы 5 жылда жаһандық температураның 1,5 градустық межеден асуы сөзсіз. Ол климаттың өзгеруін тежеу үшін ауаға бөлінетін парниктік газдарды азайтып қана қоймай, атмосферадағы көмірқышқыл газын жою шараларын да күшейту қажет екенін атап өтті.