2040 жылға қарай Қазақстан халқының саны 43,2 млн болуы мүмкін

2219

Ел Үкіметі Қазақстанның ғасыр ортасына дейінгі дамуының 650 (!) түрлі даму сценарийлерін әзірледі.

2040 жылға қарай Қазақстан халқының саны 43,2 млн болуы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Президент Қ.Тоқаев былтырдан бері өз жолдауларында да, түрлі мінберден сөз сөйлегенде де қазіргі аумалы-төкпелі, алмағайыпкезеңде "геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін" үнемі айтып жүр. Яғни, төңірегіміздің түтінге бөккенін, сын-қатердің іргеге таяғанын билік біледі. 

Біліп қана қоймай, қарап отырып, қапы қалмау үшін түрлі шаралар қабылдағаны жөн. Сондықтан ел басшылығының тапсырмасымен, Үкіметтің сарапшылары "brainstorming" (ми шабуылын) жүргізіп, әлемде және аймағымызда қандай жағдай қалыптасса, Қазақстанның қалай дамитынын пайымдаған екен. 

Бұрынғы дағдарыстар тұсында осындай алқа құрып, ақылдасу қорытындысында "базалық", "пессимистік" және "оптимистік" деп аталатын 3 түрлі сценарий әзірленетін. Бұл жолғысы күткендегіден асып түскен. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығы (ЕРДО) тәуелсіз сарапшылармен ынтымақтаса отырып, ел дамуының 650 сценарийін түзіп шықты. Оның 7-еуі – унификацияланған, негізгілері болып табылады.

2050 жылға дейінгі мерзімді қамтитын бұл сценарийлер Қазақстандағы және оның айналасындағы ұрттап ішіп, шайқап төгетін бақуатты, бейбіт заманнан бастап, елдің тапқаны тамағына, жұтқаны жұмырығына жетпейтін дағдарысты шақтарды, сондай-ақ ел басына күн туар, байтал түгіл, бас қайғы болар ауыр замандардың орнауы мүмкіндігін де ескереді.

Негізгі сценарийлер "базалық", "жоғарғы", "төменгі", "ұстамды" деп ажыратылған. Соңғысы барлық ықтимал сценарийлер кезіндегі көрсеткіштер комбинациясының орташа мәнінен құралған. 

Сонымен, базалық сценарийге сәйкес, яғни қазіргідей қалыпша, бейтарап өркендеуін жалғастырса, онда Қазақстан халқының саны 2030 жылы – 21,6 миллионға, 2040 жылы – 24,3 миллионға, 2050 жылы – 27,6 миллион адамға жетпек. 

Жоғарғы сценарий жүзеге асса, соның ішінде мысалы, Қазақ елі қарқынды дамушы, аса бай елге айналып, демография ары қарай жақсарса, әрі жақсы өмір іздеген өзге елдердің, көршілердің тұрғындары бізге лек-лекпен қоныс аударса, онда республикамыздағы тұрғындар саны 2030 жылы – 25 миллионға, 2040 жылы – 33,3 миллионға, ал ғасыр ортасында – 43,2 миллион адамға дейін өсуі мүмкін.

Бетін аулақ қылсын, бірақ төменгі сценарийлердің бірі ақиқатқа айналып, Қазақстанда тар заман, зар заман орнаса, халық саны өсімін тоқтатып, қазақстандықтардың өзі жаппай шетелге ауып, елде қалғанының қатары 2030 жылға қарай – 18,2 миллион, 2040 жылы –15,9 миллион, 2050 жылы – 13,7 миллион адамға дейін құлдырауы ғажап емес. 

Бір жақсысы, сарапшылар қандай нәубет болса да, Қазақ елінің жойылмайтынына, Ұлы даланың иесі болып қала беретініне сенеді. Мыңжылдықтар бойы солай болды, бұл ғасырда да солай болып қалса, құп.

Елдің ертеңі, жарқын болашақты өз қолымен құратыны – жас ұрпақ. Сол себепті, сарапшылар жастардың еліміздің қай өңірлерін таңдайтынына жіті үңіліпті. 

Нәтижесінде, бүгінде балдырғандар мен жасөспірімдер Қазақстанның Батыс және Оңтүстік өңірлерінде барынша көп тұратыны анықталды.

20–34 жастағы қылшылдаған жастар негізінен үш мегаполистің бірін немесе мұнайлы Батыс өңірлерімізді таңдайды. 

Ал жасы 35-тен асқан ересектердің, соның ішінде егде тартқандардыңүлесі Қазақстанның Солтүстік, Орталық және Шығыс өңірлерініңеншісінде. 

Тарата айтқанда, бүгінде халқымыздың жасына қарай өңірлерде қоныстану көрінісі келесідей:

• Батыс облыстарда: 0–9 жастағы бүлдіршіндердің үлесі –22%; 10–19 жастағы бозбалалар мен бойжеткендердің үлесі –17%; 20–34 жастағы жастардың үлесі – 20%, 35–59 жастағы ересектердің үлесі – 29%, 60 жастан асқан егде адамдардың үлесі – 12%.

• Оңтүстік облыстарда: 0–9 жастағылар – 23%; 10–19 жастағылар – 19%; 20–34 жастағылар – 19%; 35–59 жастағылар – 28%; 60 жастан асқандар – 11%.

• Үш мегаполисте: 0–9 жастағылар – 21%; 10–19 жастағылар – 15%;20–34 жастағылар – 23%; 35–59 жастағылар – 29%; 60 жастан асқандар – 11%.

• Орталық және Шығыс облыстарында: 0–9 жастағылар – 16%;10–19 жастағылар – 15%; 20–34 жастағылар – 18%; 35–59 жастағылар – 33%; 60 жастан асқандар – 19%.

• Солтүстік облыстарда: 0–9 жастағылар – 14%; 10–19 жастағылар – 14%; 20–34 жастағылар – 18%; 35–59 жастағылар – 34%; 60 жастан асқандар – 19%.

• Бүкіл Қазақстан бойынша: 0–9 жастағылар – 20%; 10–19 жастағылар – 17%; 20–34 жастағылар – 20%; 35–59 жастағылар – 30%; 60 жастан асқандар – 13%.

Ғасыр ортасына қарай елімізде урбанизация процестері күшейеді деп күтілуде. Тиісінше, әсіресе, мегаполистердегі ахуалға көші-қон ағындары қатты ықпал ететін болады. Базалық сценарий бойынша 3 мегаполисте 2050 жылға қарай 10 миллион 161 мыңнан астам адам өмір сүруі мүмкін. Яғни, Астана, Алматы мен Шымкенттегі қазіргі халық саны 2,2 есеге артады. 

Ауыр замандарда да сыртқа кетпей, елде қалған халық үш мегаполис айналасында шоғырлануға тырысады деп болжануда. Теріс сценарийлерде олардағы тұрғындар саны жалпы алғанда 6 млн 489 мыңдай болуы мүмкін. 

Шетелден қоныс аудару ықтимал мигранттарды есепке алмағанда,2050 жылға қарай астаналықтар саны: төменгі сценарийлер бойынша – 1,9 миллионды құрайды, ал базалық сценарий бойынша 3,5 миллионға жетеді деп жорамалдануда.

Алматылықтар саны қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын ауқаттызаманда 4,3 миллионға дейін өседі, таршылық заманда – 2,6 миллионнан аспайды деп болжанды. 

Шымкент тұрғындарының саны бұл сценарийлерде 2 және 2,3 миллион адам арасында құбылады деп тұспалданды.

Сарапшылар мұндай сценарийлерді еріккеннен жасап отырған жоқ.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше,мұндай болжамдар мысалы, ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарды, соның ішінде әр салаға арналған бағдарламалар мен ұлттық жоспарларды құру үшін қажет. 

Көкжиектен әріге үңілмейтін мемлекеттің адымы ашылып, алға озуы неғайбыл. Мысалы, сарапшылардың осы болжамы негізінде, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2050 жылға қарай Қазақстанда жұмыс күшінің саны 28%-ға өседі деп күтіп отыр. Жұмыспен қамту бағдарламалары да осындай болжамды басшылыққа алмақ. 

"Барынша ықтимал сценарийге" сәйкес, 2026 жылға дейінҚазақстанда жұмыс күшінің саны шамалы ғана өсіп, 9,5 миллион адамдеңгейінде тұрақтанады. Жұмыс қолының қарқынды артуы 2028 жылдан басталады және 2050 жылға қарай 12 миллион адамға жетеді.

"2027 жылға дейін жұмыс күшінің көрсеткіші объективті факторларға байланысты аз немесе мүлдем өспейді деп күтілуде. Бізде жұмыс күшінің азды-көпті белсенді өсуі шамамен 2028 жылдан басталады деп күтілуде. 2031 жылға қарай 10 миллион адам, 2040 жылы – 11 миллион адам межесіне жақындаймыз. Яғни, жұмыс күші жылына шамамен 100 мың адамға өсіп отырады. 2050 жылға қарай 12 млн адам жұмыспен қамтылуға тиіс. 2023 жылғы 9,2 миллион адамкөрсеткішімен салыстырғанда, ғасыр ортасына дейінгі өсім 28%-ды құрайды", – деді ЕРДО Болжау және зерттеу департаментінің директоры Дмитрий Шумеков.

Өңірлер бөлінісінде бірінші кезекте мегаполистерде, оның ішінде Астанада жұмыс күші санының екпінді өсімі тіркелмек: елордада 2050 жылға қарай жұмыс іздегендер 2,4 есе ұлғаюы мүмкін. Алматыда екі қолға бір күрек табуға тырысқандар саны іс жүзінде екі есеге артады, Маңғыстау және Алматы облыстарында қазіргіден 80%-ға өседі.

"Бұл ретте Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс күшінің 45%-ға қысқару қаупі бар. Сондай-ақ, төмендеу күтілетін өңірлердің тізіміне Қостанай (-29%), Абай (-25%), Павлодар (-24%) облыстары кірді.Жетісу бойынша мәселе әлі де ашық күйде қалуда. Облыста жұмыс күші қысқара ма, әлде өсе ме, онысы белгісіз: мұны анықтау үшін деректер жеткіліксіз. Әзірге қолдағы бар деректерге негізделгенболжамдар қысқарады деп көрсетуде", – деді сарапшы.

Амандық болса, елімізде еңбекке қабілетті халықтың үлесі 2050 жылға қарай 33%-ға ұлғайып, жалпы саны 15,68 миллионға жетуі мүмкін.

Жағымды сценарийлер жүзеге асып, Қазақстанның айы оңынан тууы үшін тәуелсіздік, бейбітшілік, бірлік, ынтымақ, ырыс-береке секілдіхалқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін кие мен құндылықтар сақталуы шарт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу