"217 жылдан кейін": Наполеонның құпия хатын жасанды интеллект оқи алды

200

Бұл туралы BILD басылымы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"217 жылдан кейін": Наполеонның құпия хатын жасанды интеллект оқи алды Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

1809 жылы жазылған құпия хат француз генералы Огюст де Мармонға жіберілген. Ол кезде Мармон әскерімен Далматияда, қазіргі Хорватия аумағында тұрған. Ал Австрия Францияға қарсы жаңа соғысқа дайындалып жатқан.

Хатты Наполеонның өгей ұлы, Италияның вице-королі Эжен де Богарне жіберген. Алайда хаттағы әскери тапсырманы оған Наполеонның өзі берген. Император Мармонға француз және одақтас әскерлердің орналасуы мен саны туралы ақпарат жеткізуді, сондай-ақ алдағы әскери қимылдарға дайын болуды тапсырған.

Хат шамамен 1 300 таңбадан тұрады. Онда әріптер мен сандардан бөлек, белгілі бір сөздерді білдіретін арнайы белгілер де қолданылған. Алайда шифрды ашуға мүмкіндік беретін бастапқы кілт жоғалып кеткен. Сондықтан құжаттың толық мазмұны 217 жыл бойы белгісіз болып келді.

AI инженері Картер Чёрч хаттың скан-нұсқасын зерттеп, оны GPT-6 Astra көмегімен шешуге кіріскен. Оның айтуынша, жұмыс шамамен 6 сағатқа созылған.

Алдымен жасанды интеллект құжаттағы шифр белгілерін таныған. Кейін оларды бұрыннан белгілі болған шифр кестесінің бөлігімен салыстырып, миллиондаған ықтимал нұсқаның арасынан мағынасы бар французша мәтінді анықтаған.

Шифр ашылғаннан кейін хаттың мазмұны да белгілі болды. Онда француз және одақтас әскерлердің орналасуы мен саны туралы нақты әскери мәліметтер берілген. Сондай-ақ, Ресей әскерінің Австрияға қарсы қозғалып келе жатқаны туралы ақпарат болған.

Наполеон Мармонға қарсы тұрған күштерден қорықпауға және әскери шабуылға дайындалуға кеңес берген. Хаттағы мәліметтер Наполеонның 1809 жылғы 16 наурызда Эжен де Богарнеге берген әскери бұйрығындағы жоспарлармен де сәйкес келеді.

Зерттеушілердің айтуынша, бұл шифрды жасанды интеллектсіз де шешуге болатын еді. Алайда ол үшін әлдеқайда көп уақыт пен есептеу ресурсы қажет болар еді.

Кейін Мармон Далматиядан әскерін алып шығып, Наполеонның Австрияға қарсы жорығына қосылды. 1809 жылғы Ваграм шайқасынан кейін ол Франция маршалы атағын алды.

Осылайша, жасанды интеллект Наполеон дәуірінен қалған 217 жылдық әскери құпияны ашып, шифрланған хаттың мазмұнын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу