23 гектар орман қорының орнына айналма жол салынады

7564

Ол үшін 19 мың ағаш пен 243 саяжай жойылмақ. 

23 гектар орман қорының орнына айналма жол салынады

Павлодарда "Шығыс айналма жолы" жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен жобаға сәйкес, 33 шақырымдық жолдың құрылысына шамамен 22 млрд теңге бөлінеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Қазавтожол" Ұлттық компаниясы Павлодар облыстық филиалының директоры Ақылбек Қабылдиннің айтуынша, жаңа жол транзиттік көліктер жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

"Қазіргі уақытта Павлодарда батыс айналма жолы бар. Егер шығыс жақтан да жол салатын болсақ, транзиттік көліктер қалаға кірмей-ақ діттеген жерге жете алады",дейді Ақылбек Қабылдин.

Алайда аталмыш жобаны іске асыру үшін 243 саяжайдың орнын босату керек. Ал мұндағы кейбір үйлерде бүтін бір отбасы бірнеше жыл бойы жан бағып отыр. Мемлекет оларға тиесілі жер учаскесін бар-жоғы 400-500 мың теңгеге бағалаған екен. Бұл сомаға облыс орталығы түгілі шалғай ауылдан үй алуға келмейді.

"Біздің саяжайда тұрып жатқанымызға 9 жыл болды. Осы уақыт аралығында үйге су, жарық тартып алдық. Мемлекет ұсынған өтемақы көлемі басқа баспана алу былай тұрсын, бұған дейінгі шығындарымызды жаппайды. Жолдың құрылысы салдарынан шарасыз күйде қалдық", – дейді тұрғын Қарлығаш Зайнулдина.

Жергілікті жер қатынастары бөлімі саяжай иелері өтемақы сомасымен келіспеген жағдайда мемлекеттік мекеме істі сотқа жолдауға мәжбүр болатынын ескертті. Сот тағайындаған сараптама негізінде саяжайдағы жер телімінің нарықтық бағасы белгіленеді. Әзірше 243 саяжай иесінің тек 30-ы жарты миллион теңге шамасындағы өтемақы үшін өзіне тиесілі жерді мемлекетке беруге келісті. Өзгелері өтемақының тым аз болуына наразылық танытып отыр.  

Экологтар болса, аталмыш жоба аясында кесілетін ағаштарға қарастырылған өтемақының да мардымсыз екенін алға тартады.

"19 мың ағашқа берілетін өтемақының жалпы сомасы 11 млн теңгені құрайды екен. Яғни, бір ағаш небәрі 500 теңгеге бағаланған.  Ал олардың орнына салынатын әрі өсер-өспесі белгісіз бір көшеттің бағасы – 13 мың теңге. Бұл жерде экономикалық әрі экологиялық тиімділіктің жұрнағы да көрінбейді", – дейді эколог Марина Поух.

Мемлекеттік мекеме органдары керісінше пайымдайды. Олардың ойынша, шығыс айналма жолын салуға қатысты бұл жоба қаржылық тұрғыдан өте тиімді. Бұған дейін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалған басқа жобаға сүйеніп салар болса, жолдың ұзындығы 47 шақырым, ал оған жұмсалатын қаржы көлемі 32 млрд теңге болатын еді. Сондықтан құзырлы министрлік жолды да, қаражат көлемін де қысқартып, есесіне саяжайлар мен орман қорының орнын босатуды жөн көрді. Демек, алдағы бірнеше жыл дересінде Павлодарда жаңа транзиттік жол пайда болады.

Бірақ облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов мұндай жобаның жоспарланып отырғанынан бейхабар болып шықты. Сондықтан жақын арада мәселенің жай-жапсарымен танысып, аталмыш жол құрылысына қатысты ой-пікірін білдіруге уәде берді.

Ажар Дәулетова 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу