Қазақстандық боксшы Санжар Тәшкенбай Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) жаңартылған рейтингіндегі орны туралы жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақ боксшысы әлеуметтік желідегі парақшасында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегінен түсірілген видеоны жариялаған.
– Бұл – тек бастамасы. WBA рейтингінде 15-орын, – деп жазды ол.
Санжар Тәшкенбай кәсіпқой рингтегі дебютін 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad турнирінде жасады.
Ол филиппиндік Нил Хакамосты (7-2, 1 нокаут) төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді. Жекпе-жек барысында қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, бірінші аса жеңіл салмақта WBA Asia аймақтық чемпионы атанды.
Осы кездесуден соң Санжар Тәшкенбай WBA рейтингінің үздік 15 боксшысының сапына енді. Сонымен қатар, WBC рейтингінде 35-орынға жайғасты.
Қазақстандық боксшы жұдырықтасатын салмақта WBA тұжырымы бойынша қазіргі әлем чемпионы пуэрторикалық Рене Сантьяго саналады.