30 қараша - Халықаралық ақпаратты қорғау күні

Бұл күннің мақсаты – компьютерлер мен оларда сақталған барлық ақпараттың қорғалу қажеттігі туралы қолданушылардың есіне салу.  

30 қараша - Халықаралық ақпаратты қорғау күні Фото: pixabay.com

1988 жылы 2 қарашада АҚШ-тағы 6000 интернет-тораптың жұмысын тұралатқан алғашқы желілік вирус тіркелді. Вирус оның авторы Роберт Морристің есімімен аталады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ол өзінің бағдарламасының қаншалықты берік болатынын тәжірибе арқылы анықтауды мақсат етті. Моррис вирусынан келген шығын шамамен 100 миллион долларға бағаланды.

Бүгінде вирустар тіпті жетілдіріле түсті. Жеке деректерді және басқа ақпаратты қорғау үшін антивирустар орнатып, күрделі құпия сөздерді пайдалану қажет. Сондай-ақ, бейтаныс тұтынушылардан келген файлдарды ашуға болмайды.

Сонымен қатар, бұл бейресми мерекенің мақсаты компьютеріңізді және онда сақталған жеке ақпаратты қорғаудың маңыздылығы туралы хабардар ету және компьютерлік бағдарламалық жасақтаманы әзірлеушілердің назарын киберқауіпсіздік мәселелеріне аудару болып табылады.

Бұл күннің тарихы

1988 жылы Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік күні аталып өтіле бастағанда, компьютерлер кең таралмаса да, бірнеше орындарда олар үйреншікті жағдайға айналды. Мәселен, 1980 жылдары компьютерлер банктерде, үкіметте және кәсіпорындарда қолданыла бастады, ал Интернет енді ғана дами бастаған.

Заманауи есептеуіш техниканың дамуы және таралуымен компьютерлер мен серверлерде сақталған құнды деректер хакерлердің назарын аударды. Бірақ 1988 жылы бүкіл әлемді электронды деректерді қорғау туралы ойлануға мәжбүр еткен бір нәрсе болды. Себебі, нақты 1988 жылы алғашқы жаппай вирустық эпидемия тіркелді, ол өзін ойлап табушы - Морристің атымен аталды. Дәл осы кезде мамандар ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кешенді түрде қарау қажеттігі туралы ойлана бастады. Дегенмен, алғашқы компьютерлік вирустың прототипі көп ұзамай-ақ 1983 жылы шықты.

Айта кетсек, Корнелл университетінің аспиранты Роберт Моррис АҚШ-тағы көптеген компьютерлерге шабуыл жасап, 96000000 доллар шығын келтірген вирус жасады. Алайда, бірде-бір бағдарламашы вирустық эпидемияның авторын ұстай алмады. Сөйтіп, Роберт Морристің әкесі ұлын берілуге көндірген ауқымды кибершабуылдың кінәсін анықтауға жәрдем берді.

Осы айтулы оқиғадан кейін Компьютерлік жабдықтар қауымдастығы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне қоғамның назарын аудару қажеттігін түсінді. Осы мақсатта, олар арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге кірісіп, осы мерекені – Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік күнін жариялады.

Айтулы күнді тойлау дәстүрі

Дәстүр бойынша, Халықаралық ақпараттық қауіпсіздік күнінде Компьютерлік жабдықтар қауымдастығының бастамасымен көптеген елдердің бизнес орталықтары мен кәсіпорындарда компьютерлік қауіпсіздік мәселелері бойынша конференциялар мен семинарлар өткізіледі. Олар ақпараттық қауіпсіздік саласындағы жаңа әзірлемелер туралы талқылап, электронды құрылғыларда жеке деректерді қорғау бойынша ұсыныстар береді. Бұдан бөлек, соңғы кибершабуылдар мен келтірілген шығын көлемі туралы хабарлайды.

Сондай-ақ, осы күнге арнап, жыл сайын белгілі бір ұраны бар мерекелік өнімдер шығарылады. Жалпы, 30 қараша – желіге тіркелгендердің барлық құпия сөздерін өзгерту, пайдаланылмаған файлдар мен бағдарламаларды жою үшін ең ыңғайлы күн. Мұнымен қоса, шпиондық бағдарламалар мен вирустардан қорғау бағдарламаларын жаңартып, жеке файлдар мен фотосуреттердің сақтық көшірмесін жасауға оңтайлы уақыттың бірі.

Жыл сайын бұл күн белгілі бір ұранмен өткізіледі, ол плакаттарға және мерекеге орай шығарылатын басқа да баспа өнімдеріне орналастырылады.

Бірнеше жыл бойы өткізілген барлық іс-шаралардың негізгі идеясы – әрбір қолданушы ақпараттық активтер мен ресурстарды қорғауға жеке жауап беруі, қамтамасыз етуі және қолдауы қажет екенін еске салу болды.

Сонымен бірге, бұл күні вирустардан қорғалмаған компьютерлерге келетін шығындар туралы айтылады. Мысалға, 2000 жылы интернет желісімен жіберілген "I love you" вирусынан келген шығын Солтүстік Америкада миллиард долларды құрады.

Осы мақсатта ақпаратты қорғау контексінде бірнеше мәселелер көтерілді. Соның ішінде:

- антивирустық бағдарламаны орнату,

- желіаралық экрандарды орнату (Firewall),

- қиын анықталатын парольді орнату,

- әлеуметтік инженерия,

- ақпараттық ресурстар мен активтердің физикалық қорғанысы және тағы басқа маңызды мәселелер талқыға түсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу