42 500 теңге кімге, қалай беріледі?

17059

Фрилансерлер әлеуметтік төлемге өтінішті өздері береді. 

42 500 теңге кімге, қалай беріледі?

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің мәлімдеуінше,  әлеуметтік төлем төлеудің ережесі әзірленіп, Әділет министрлігіне жолданды. 

"Бүгін кешке дейін ереже тіркеледі деген үміттеміз. 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем жұмыс істеп жүріп, шектеу шараларының салдарынан табыссыз қалған азаматтарға төленеді. Біріншіден, бұл жәрдемақы карантиндік шектеулерге қатысты ақысыз демалысқа жіберілген жалдамалы жұмыскерлерге беріледі. Бұл жерде өтінішті тек жұмыс беруші жібереді. Жұмыс берушілерге қойылатын бір ғана шарт – олардың жұмысы карантинде тоқтап қалса ғана беріледі. Оны жергілікті аудан, қала бойынша штаттар, Атамекен ҰКП өңірлік өкілдері тексереді. Себебі қазіргі шектеу шаралары жеңілдеу болғанымен, әр өңірде бас санитарлық дәрігерлер өз шектеулерін қойып жатыр", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, екіншіден, карантинде жұмысы тоқтап қалған жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатындарға да 42 500 теңге төленеді. Оны да аудандар мен қалалардағы штаб пен салық комитетінің өкілдері белгілейді. 

"Үшіншіден, азаматтық-құқықтық сипаттағы келісім бойынша жұмыс істеп жүрген фрилансерлер өтінішті өздері береді. Бұл өтініштер штаб арқылы өтпейді, тікелей жіберіледі. Бұл кісілерге қойылатын бір шарт – 2020 жылдың 6 айы ішінде бір рет болса да зейнетақы жарнасын аударған болуға тиіс. Бұл санатқа кәсіпкерлікпен ай сайын тұрақты түрде бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеп жүрген кәсіпкерлер де кіреді. Соңғы санат – өз бетінше жұмыс істеп жүргендерге де 42 500 теңгені алуға болады. Бұл жолғы өзгеріс – өткендегідей БЖТ төлеудің қажеті жоқ, ТЖ кезінде төледіңіздер, біз соны ескереміз", – деді Біржан Нұрымбетов.
 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

 

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу