42 500 теңге үшін соттамайды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4946

Министр халықтың табысы аз, жалақысы төмен, зейнетақы мен жәрдемақы көп емес екенін жазды.   

42 500 теңге үшін соттамайды Фото: sputniknews.kz

Әлеуметтік желінің "хас батырлары" мен "саптағы сарбаздары" "төтенше төлем" төлеудің машақатынан шақшадай басы шарадай болып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып жүрген министр Біржан Нұрымбетов пен ол басқаратын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін тағы да жерден алып, жерге салды.

"Маңдайының соры бес елі" болған 42 500 теңгенің Біржан Нұрымбетовке "таяқ" болып тиюіне министрліктің төтенше жағдай кезінде тағайындалған әлеуметтік жәрдемақыны кімнің қалай алғанын алдағы уақытта анықтайтыны туралы мәлімдемесі түрткі болды.

"42 500 теңге әлеуметтік төлемі бойынша барлық тағайындаудың негізі төтенше жағдай тәртібі аяқталғаннан кейін бекітілген заң жүзінде қайта тексерілетінін мәлімдейміз. Әр өтінімге қатысты ұсынылған деректердің шынайылығына жауапкершілік жүктелген, оның ішінде, әлбетте басты себеп – төтенше жағдай кезіндегі шектеулер салдарынан табыстан айрылу. Осылайша ел азаматы 42 500 теңге көлеміндегі төлемге өтінім бере отырып, төтенше жағдайға дейін кірісі болғанына және оны жоғалтқанына кепілдік беретінін растайды. Әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған адамдардың жауапкершілікке тартылуы олардың жасаған заңсыз әрекетіне байланысты болады. Әлеуметтік төлем алушылардың заңсыз іс-қимылы Қылмыстық кодекстің аясында қарастырылады (190, 195 баптар). Егер өтініш беруші қателесіп, әлеуметтік төлем алған болса, бірақ бұл қаражатты қайтару қажет деп санаса, 42 500 теңгені келесі шотқа жібере алады. Алушының атауы: "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КеАҚ. БСН: 160440007161; БСК: GCVPKZ2A; ЖСК: KZ67009SS00368609110; ТТК: 049. Халық банк пен Каспий банкте шоттары бар азаматтар, "Әлеуметтік төлемдерді қайтару" тетігін таңдай отырып, 42 500 теңгені банктердің ұялы қосымшасынан қайтара алады", – деп жазылды министрліктің ресми ресурсында.

Осы жазбадан "от" алғандар министрді де, министрлікті де аяған жоқ. Жазғырды, жамандады, күстаналады, кінәлады. Министр мен оның  қарамағындағы қызметкерлер 42 500 теңгені у-шусыз үлестіру үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатқаны жайлы жақ ашқандар саусақпен санарлық болды.

Ет пен сүйектен жаралған жан ғой, министр "міз бақпай" жата алмады.  

Кім білсін, бәлкім, ол да еңбегінің еш болып жатқанына налыған шығар, оның да "жүйкесі жұқарып" жүрген шығар, ол да ашынған шығар. Қалай болғанда да, министр ащы даусын шығарған жоқ. Әлеуметтік желідегі аккаунты арқылы мәселенің мән-жайын байыппен баяндады.

Біржан Нұрымбетов ел азаматтары 42 500 теңге үшін сотталмайтынын жазды.

"Біраз заңгерлер алаяқтық үшін қылмыстық жауапкершілік бар екені туралы мақала, не посттар жазуда. Оны 42500 теңгеге қатыстырып келтіруде. Заңгер болған соң, заңды бізден артық біледі ғой. Олардікі дұрыс та шығар, бірақ бұл тек алаяқтарға қатысты. Сіз ондай емессіз ғой. Сіз ешкімді алдаған жоқсыз. Мен брифингтерімде, жазбаларымда айтқандай, өздеріңіз үшін – "мен жұмыс, тіршілік жасап (ресми, бейресми), ақша тауып жүр едім, енді төтенше жағдайға қатысты сол табыстан айырылдым" деп шештіңіздер ме? Кейін, мен ескерткендей, өтініш бергенде порталда төмендегі жазбаны тағы да оқып, растап, сөйтіп барып өтінішті жібердіңіз бе? Ондай болса – Сіз айттыңыз, біз сендік. Сіз алдаған жоқсыз. Біз тағайындадық, төледік.
Сол үшін кінәлайды деп еш уайымдамаңыздар. Дәл мен айтқандай жасаған болсаңыздар, біздің тарапымыздан үйді аралап ешкім тексермейді", – деді түсіндірді министр.

Біржан Нұрымбетов осыған қатысты әңгіме қайдан шыққанына да тоқталды. "Соңғы брифингте бір журналист менен "мен жұмыс істеп, тұрақты жалақы алып жүрген адам 42 500 теңге алғанын білемін, оны қалай өткізіп алдыңыз" деп сұрады. Мен оған біз өтініш беру тәртібін, халықтың сұрауы, талабы бойынша барынша қарапайым қылдық, жұмыс беруші өтінішінде "қызметкерлерімді ақысыз демалысқа жібердім" деп көрсетті, біз оған сендік. Ал олай болмаса, жұмыс беруші жауап береді, оны біз кейін тексереміз деп жауап қайтардым. Брифингті көргендер растайтын шығар. Жалпы дұрыс емес пе? Артынша екінші сұраққа жауап беріп, өтініш берген халықты үйлерін аралап тексермейміз дедім. Сіз айттыңыз, біз сендік. 42500 алдыңыз ба, жаратыңыз дедім", – деп нақтылады ол.

Министрдің мәлімдеуінше, ел азаматтары 42 500 теңгені үкіметті алдап алдым ба, жоқ па деген сұрақты өздері үшін шешіп алуы керек. Мемлекеттік жәрдемақыны бекітілген тәртіп пен заң аясында алғандар жауапкершілікке тартылмайды.

"Халық 42 500-ге өтінішті еріккеннен беріп отырған жоқ. Төтенше жағдай болмаса да, басым халықтың табысы аз. Жалақы төмен, зейнетақы, жәрдемақы көп емес. Сондықтан біз қарапайым таза халықты тексеріп жатпаймыз. Аман болыңыздар, өзіңізді, жақындарыңызды мына індеттен сақтаңыздар!" – деп қорытты әлеуметтік желідегі жазбасын Біржан Нұрымбетов.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде жұмысы жүріп, жалақысы түсіп тұрса да, 42 500 теңгеге мұқтаж болмаса да, 863 мың адам мемлекеттік жәрдемақы алуға өтініш берген. Олардың арасында қашықтан жұмыс істеп отырған, ақылы еңбек демалысында жүрген, үкіметтен зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы алып жатқан азаматтар болған.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу