"42500 теңге" төлеміне өтінімдерді қайта қарау алгоритмі

4,6 млн адамға 194, 2 млрд теңге тағайындалды.  

"42500 теңге" төлеміне өтінімдерді қайта қарау алгоритмі

 "42500 теңге" әлеуметтік төлемге өтініштерді қайта қарау алгоритмі әзірленді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов мәлімдеді. 

"ШОБ, ірі кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейтіндер үшін өтінішті жұмыс берушілер тапсырады. Бұл ретте өтініш тек әлеуметтік төлем тағайындаудан бас тартылған қызметкерлер үшін беріледі. Ал мұндай жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, БЖТ төлеушілер, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін адамдар өтінішті өздері тапсыра алады. Ол үшін төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғанын растайтын нақты құжаттар болуға тиіс", – деген вице-министр қайта төлем тағайындау алгоритмін айтты.  

"Құжат аудандық немесе қалалық штабтарға тапсырылады. Кейін аудандық штаб "42 500 теңге" әлеуметтік төлемін тағайындауға құқығы бар/жоғы туралы қорытынды шығарады. Оң қорытынды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ бөлімшесіне беріледі. Ол "Өтініш берушінің электрондық іс макетін" қалыптастырады және деректерді МӘСҚ филиалына береді. МӘСҚ филиалы әлеуметтік төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды", – деді Ақмади Сарбасов. 

Вице-министрдің айтуынша, аудандық штабтың қорытындысымен немесе МӘСҚ филиалының шешімімен төлем тағайындаудан қайта бас тартылған жағдайда өтініш беруші облыстық штабқа жүгіне алады. Қазіргі кезде 350 адам төлемді қайта қарауды сұрап, құжаттар рәсімдеген. 

"Қазір 350-ге жуық адам өтініштерін қайта қарау дерегі бойынша хабарласты. Егер олардың төлем алу құқығы расталса, ол міндетті түрде тағайындалады", – деді вице-министр. 

Жалпы 11 мамырға дейін "42500 теңге" төлем алуға 8 млн адам ниет білдірген. Олардың 4,6 млн-нына төлем тағайындалды.

"Барлығы 8 млн адам өтініш берді, оның 4,6 миллионына төлем тағайындалды. Төтенше жағдайдың аяқталуына байланысты 2020 жылдың 11 мамырынан бастап жаңа өтініштерді қабылдау аяқталды", – деді Ақмәди Сарбасов.

Вице-министрдің айтуынша, 4,6 млн адамға 194,2 млрд теңге сомасындағы төлем тағайындалды. Оның ішінде бірінші айда 3,7 млн адамға 158,9 млрд теңге сомасында, екінші айда 834 мың адамға 35,4 млрд теңге. Сонымен қатар екінші айда 2,9 миллион адамға төлем ұзартылып, 122,2 млрд теңге төленген. 

"Төлем тағайындауға қайтыс болған адамдардың атынан жалған өтініштер, шетелге шығып кеткен адамдардың атынан, қамауда отырған адамдар, төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген мемлекеттік сектордың мамандары өтініш берген жағдайлар болды. Оларға төлем тағайындалмайды", – деді Ақмади Сарбасов. 

Шектеу шаралары кезінде жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны 120 мың адамнан 170 мың адамға артқан. Оларға 42500 теңгеден бөлек әлеуметтік төлем тағайындалуға тиіс. Алайда мұны 42500 теңгемен шатастырмау керек. 

"Еліміздегі шектеу шаралары кезінде жұмыссыздар қатары 120 мың адамнан 170 мың адамға өсті. Оларға төленетін әлеуметтік төлемдер көбейді. Мұны бір реттік 42500 теңге төлеммен шатастырмау керек. Ол табысынан айырылған адамдарға 6 айға дейін берілетін жалақысының 40%-ы шамасындағы төлем. Қазіргі кезде оны алуға 4 мың адамнан өтініш түсті", – деді вице-министр. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу