442 млн теңгеге өткізілетін кинофестиваль: Сарапшылар қандай ескерту айтты?

1873

Қазақстанда Голливуд жұлдыздарының қатысуымен өтетін "Еуразия" кинофестивалі биыл да болғалы жатыр. Кеше Мәдениет және спорт министрлігі тендер жариялап, іс-шараға бюджеттен 442 млн теңге бөлгелі отырғанын байқатты.  

442 млн теңгеге өткізілетін кинофестиваль: Сарапшылар қандай ескерту айтты?

Бұл соманың ішіне не кіреді? Қазақстандық және шетелдік VIP-қонақтарды әуежайдың VIP-аймағынан күтіп алу, оларға күзетші беру, салтанатты кешкі ас ұйымдастыру, жұлдызды қонақүйлерде орын әзірлеу және гонорар төлеу қарастырылған.

Жалпы бұл фестивальдің деңгейі қандай? Халық неге "жұлдыздар" келетіні туралы ғана біледі? 1998 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатса да, әрбір сеансын көрермен асыға тосатын байқауға айналмауының себебі не? Міне, осы сұрақтарға жауап алмаққа inbusiness.kz тілшісі режиссер мен кинотанушылар пікірін сұрап көрді.

"Ең құрығанда кілемінің түсі көк немесе сары болса"

"Бос отырғаннан бір нәрсе істеген жақсы ғой. Бірақ фестивальді қалай өткізе аласың – мәселе сонда. Менің түсінігімде, бұл фестивальде, аты айтып тұрғандай, Еуропа мен Азияның ғана филмьдері көрсетілуі керек. Біздің киногерлер, жастар оны түсінбеді ме, білмеймін, халықаралық фестиваль деген соң Голливудтікі қылып жіберді. Ішінде Еуропа, Азияның фильмдері болды әрине... Бірақ Сигал, Ван Дамм сынды артистерді шақырды. Олар күзетпен жүреді. Ұйымдастырушылар деңгейі сол болған шығар. Назардың барлығы соларға ауып кетті. Жақсы режиссерлер тасада қалып қояды. Бұл қорлау болып есептеледі. Айтсаң күлкіге қаласың, бірақ Голливудтікі өнер емес. Өнер Еуропа мен Азияда. 

Ұйымдастыруда "творческий подход" болуы керек қой. Мысалы, Канн-да қызыл кілем бар ма, бізде де сол қызыл кілем. Ең құрығанда, көк немесе сары кілем қою керек қой. Кілемсіз де фестиваль өтеді. Басқа формасын іздемей, көшіре салуға болмайды. 

Фестивальде прокатқа көп шыға бермейтін, көп тобырға керек емес, өнерге жақын туындыларды көрсету керек. Бөлінген ақшаны жұмсайтын – адам. Сол адамдардың киноны түсіну деңгейіне байланысты. Осы байқаудағы фильмдер тегін болса да, көрермен аз. Таңертеңгі сеанстарда мүлде адам болмайды. Мысалы, Францияда ақылы болса да барып көреді. Он жылдан бері өзіммен-өзім бір мәселені айтып келемін. Бізде көрерменмен, жастармен жұмыс жоқ. Ол үшін мектепте кино өнері деген сабақ енгізу керек. Балалар кино өнері деген не, Люмьер кім, Шәкен Айманов кім, тым болмағанда "Менің атым Қожаны" Шәкен Айманов емес, Абдолла Қарсақбаев түсіріпті ғой деген нәрселерді түсініп шығады. Қазір соның өзін білмейді ғой. Проблеманы осылайша сәл де болса жұмсарта алар едік. Әйтпесе, жақсы киноны танудан қаламыз. 

Еуразия фестивалі, "көш жүре түзелер" дегендей келе-келе түзелетін шығар. Бұл біздің Голливудқа қарсы қоя алатын қаруымыз болуы керек", – дейді режиссер Дәрежан Өмірбаев.

"Арнайы офисі болуы керек"

"Еуразия кинофестивалі – "Фипресси" марапатын беретін әлемдегі санаулы фестивальдің бірі. Қателеспесем, үш қана кинофестивальде осы жүлде беріледі. "Фипресси" – әлемдегі киносыншылар ассоциациясының жүлдесі. Сондықтан өте маңызды. Көпшілігі осы жүлдені алуға тырысады. 

Ал оған 442 млн теңге жұмсалуын қалыпты деп есептеймін. Әлемнің түкпір-түкпірінен кинематографтар келеді. Жалпы осы фестиваль жойылып кетпей, қалуы керек деп есептеймін. 

Бірақ ұйымдастырушылар фестиваль болатын кезде ғана қимылдамай, жыл – он екі ай жұмыс жүргізіп жатуы керек. Өкінішке қарай, байқауға бір-екі ай қалғанда ғана жаңалықтарын естіп жатамыз. 

А класындағы фестивальдерден жүлде алып жатқан қазақ фильмдері аз емес. Сондықтан бұл байқау біздің кинематографтарға маңызды. Әлемдегі киносүйер қауым қазақ киносын танығысы келеді. Ол нарыққа өзге елдердегі ғана емес, өзіміздегі байқаулар арқылы да шығуымыз керек.

Кинофестивальдердің мәдени функциясы бар. Қоғамның мәдениетін көтеруге ат салысады. 

Сондықтан қайталап айтамын, біздің сынымыз ұйымдастырушыларға бағытталады. Жыл – он екі ай олардан хабар алып тұруымыз керек. Кім басшы, кім қосшы екенін білуіміз керек. Бірақ ол жағынан бейхабар болып қаламыз. Олардың арнайы офисі болғаны жөн. Кезінде "Азия дауысы" фестивалі қандай керемет жұмыс істеді. Жыл бойы кім келе жатыр, не болғалы жатыр – сол туралы ақпарат алып тұратынбыз. Әлемдегі барлық кинофестиваль солай жұмыс істейді. "Еуразияға" да сондай жұмыс керек", – дейді кинотанушы Молдияр Ергебеков.

"Еуразияны" жауып тастауға болмайды"

"Жалпы кинофестивальдер бүкіл әлемде де солай, көпшілік халық үшін емес, киногерлердің өзара пікір алмасуы үшін жасалады, солайша киноөндірістің катализаторы бола алады. "Еуразия" сияқты кинофестивальдердің қаншалықты монетарлық табыс кіргізіп отырғанын есептеу қай елде де қиынға түсер еді. Өйткені ол ең алдымен шығармашылық байланыс орнататын орта. Ол байланыстар белгілі бір деңгейде әлемдік кинотану дисциплинасындағы қазіргі қазақ киносының келбетіне айналып жүрген Эмир Байғазин, Әділхан Ержанов т.б. режиссерлерге шетелдік компаниялармен жұмыс істеуге жол ашты деп ойлаймын. Бұл қалай болғанда да қазақ кинематографына келетін пайда. Фестивальдердің престиждік маңызы да бар, бізде "Еуразиядан" ірі, не маңызды фестиваль әлі пайда болған жоқ. Сондықтан сұрақ "фестиваль керек пе?" болса, "иә" деп жауап беремін. "Оның қаржылық пайдасы шығынынан көп пе?" десеңіз, бәлкім көп емес, бірақ оның нақты есебін сізге ешкім де айта алмайды. "Мемлекет қаржыландыруы керек пе?" жоқ, бәлкім Пусан фестиваліндегідей қаражаттың бір бөлігі мемлекеттен, екінші бөлігі бизнестен келуі керек шығар. Бірақ Венеция, Канн сияқты фестивальдердің бәрі де мемлекет қолдауымен басталғанын есте сақтауымыз керек. "Еуразия" дәл қазір мемлекеттен ажырай ала ма, оған алғышарттар бар ма, күмәнім бар. Бірақ фестиваль басшылығынан жеке сектормен жұмыс істеуді талап ете бастауға болады деп ойлаймын. Қалай болғанда да "Еуразияны" жауып тастауға болмайды (Сіздің көтерген мәселеңіз сол болса) – осы уақытқа дейінгі төккен тер, құйған қаражат, жиған абырой далаға кеткен болар еді", – дейді кинотанушы Әсия Бағдаулетқызы.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу