46 жастағы Роналдиньо футболға қайта оралды

Бразилиялық аңыз Италияның үшінші дивизионында бақ сынайтын "Равенна" футбол клубымен келісімшарт жасасқан.   

46 жастағы Роналдиньо футболға қайта оралды Фото: business-standard.com

Роналдиньоның бұл шешімі футболсүйер қауым үшін күтпеген жаңалық болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өйткені, әйгілі футболшы соңғы рет 2015 жылы Бразилияның "Флуминенсе" клубы сапында кәсіби деңгейде алаңға шыққан еді. Енді араға 11 жыл салып, ол қайтадан жасыл алаңға оралуға мүмкіндік алып отыр.

Бразилиялық жұлдыздың "Равеннаға" келуінің өзіндік символикалық мәні бар. Роналдиньо кәсіби мансабындағы 300-голын соғып, футболдағы ғажайып жолын есте қаларлық сәтпен аяқтауды армандайды.

Дегенімен, әзірге оның нақты қай матчта алаңға шығатыны белгісіз. Роналдиньоның өзі де бұл мәселе бапкер мен клуб басшылығының шешіміне байланысты екенін айтты. Бірақ ол "Равеннаның" маусымдағы алғашқы ойынына қатыспайды. 

– Жаңа атмосфера, баяғы күлкі. Доппен қайтадан "билеп", Игнацио Чиприани және Чиприани отбасымен бірге жаңа әрі тамаша тарих жазуды асыға күтіп жүрмін. Мен үшін футбол әрқашан қуаныш болды. Сол рухты "Равеннаға" алып келгім келеді, – деді Роналдиньо клубтың ресми мәлімдемесінде.

Жаза кетейік, Роналдиньо құрамға тек футболшы ретінде ғана қосылып отырған жоқ. Ол клуб жобасына серіктес әрі инвестор ретінде де қатысады. Команданың иесі Игнацио Чиприанимен достық қарым-қатынастағы бразилиялық аңыз клубтың танымалдығын арттырып, оның жаңа даму кезеңіне үлес қоспақ. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу