5 алтын, 3 қола: Қазақ боксшылары Әлем кубогында үздік үштікке енді

271

Ұлттық құрама медаль саны бойынша Қытайдан кейін екінші орынға жайғасты.

5 алтын, 3 қола: Қазақ боксшылары Әлем кубогында үздік үштікке енді Фото: ҚБФ

Қытайдың Гуйян қаласында бокстан өткен Әлем кубогының екінші кезеңі мәресіне жетті. 15-21 маусым аралығында ұйымдастырылған халықаралық додаға 44 елден 300 боксшы қатысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстан құрамасы сапынан бес боксшы Әлем кубогының жеңімпазы атанды. Олар: Санжар Тәшкенбай 50 келіде, Абылайхан Жүсіпов 70 келіде, Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта, Назым Қызайбай 54 келіде және Виктория Графеева 60 келіде алтын медаль жеңіп алды.

Бұл турнир Қазақстан құрамасы үшін бірнеше тарихи және маңызды нәтижемен есте қалды. 70 келі салмақта өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов қарсыластарының бәрінен басым түсіп, Әлем кубогында алғаш рет топ жарды.

Ал Назым Қызайбай отандық бокс тарихында Әлем кубогын екі түрлі салмақта жеңіп алған алғашқы қазақстандық боксшы атанды. Бұған дейін ол 48 келіде жеңімпаз болса, бұл жолы 54 келіде үздік шықты.

Виктория Графеева да ерекше жетістікке қол жеткізді. Ол Әлем кубогында үш мәрте чемпион атанған алғашқы қазақстандық боксшы болды. Бұған дейін Графеева Қазақстан мен Бразилияда өткен кезеңдерде жеңіске жетсе, енді Қытайдағы додада да алтын медаль иеленді.

Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбай Әлем кубогында екінші рет жеңімпаз атанды. Екі боксшы да финалдық кездесулерінде сенімді өнер көрсетіп, ұлттық құраманың жалпы нәтижесіне қомақты үлес қосты.

Осылайша Қазақстан құрамасы Әлем кубогындағы өз тарихындағы екінші үздік көрсеткішін тіркеді. Жалпы есепте бірінші орынды Қытай құрамасы иеленді. Турнир қожайындары 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Үздік үштікті 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль иеленген Өзбекстан құрамасы түйіндеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу