5 жылдан аса Қырғызстанның "екінші адамы" болған Қамшыбек Тәшиевке сот үкімі шықты

Ол 2026 жылдың 10 ақпанында ғана министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – ҰҚМК төрағасы қызметінен босатылған еді.  

5 жылдан аса Қырғызстанның "екінші адамы" болған Қамшыбек Тәшиевке сот үкімі шықты Фото: akipress.org

Осылайша, Бішкектің Бірінші май аудандық соты "75-тің хаты" деп аталатын қылмыстық іс бойынша үкім шығарып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

24.kg сайтының жазуынша, айыпталушылар қатарында Қамшыбек Тәшиевтен бөлек, Қырғызстанда көптеген жауапты қызмет атқарған тұлғалар бар.

Олар – экс-бас прокурор Құрманқұл Зулушев, парламенттің бұрынғы спикері Нұрланбек Тұрғынбекуулу, қоғам қайраткері Бекболот Талгарбеков, ішкі істер министрінің экс-орынбасары Құрсан Асанов, парламенттің бұрынғы депутаты Құрманбек Дыйканбаев, бұрын вице-премьер әрі депутат болған Аалы Қарашев және Қырғызстанның Өзбекстандағы экс-елшісі Эмилбек Ұзақбаев.

Жаза кетейік, сот талқылауы жабық режимде өтсе де, үкім жария түрде оқылған. Іске қатысушылардың бәрі "Билікті күшпен басып алу" бабы бойынша кінәлі деп танылып, дүние-мүлкі тәркіленіп, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сондай-ақ, сот айыпталушыларды "Лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану" бабы бойынша ақтаған. Яғни, сот сотталғандарға қатысты 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау қолданып отыр. Бұл "олардың ешқайсысы жазасын колонияда өтемейді" дегенді білдіреді. Десе де, пробациялық бақылау талабын бұзса, жедел түрде қамалуы мүмкін. 

Айыпталушылардың бәрі өзіне тағылған айыптарды мойындар емес. Қамшыбек Тәшиев Қырғызстанның "екінші адамы" бола жүріп, досы Садыр Жапаровты әркез қолдайтынын, бірақ өзі президенттік сайлауға қатыспайтынын мәлім еткен болатын.

Сол уақыттары Қырғыз президенті Жапаров қызметтен кеткен Тәшиевпен бірнеше күннен соң бетпе-бет кездескенін растап еді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу