6 млрд теңгеге жуық салық төледі

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11905

АХҚО-ны қаржыландыру көлемі қысқарады.

6 млрд теңгеге жуық салық төледі

Дүниені дүрліктірген пандемия жаһандық экономика мен іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізіп жатқанына қарамастан "Астана" халықаралық қаржы орталығының қатысушы компаниялары мемлекеттік бюджетке 5,678 млрд теңге салық аударды.

Өткен жылдың қорытындысында дәл осы көрсеткіш 6,99 млрд теңгені құраған. 2020 жылдың аяқталуына бірнеше ай бар екенін ескерсек, биылғы көрсеткіш былтырғыдан жоғары болуы мүмкін.

Осыдан біраз бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығы елдегі қаржы нарығын дамыту, инвесторлар мен қаржы қызметтері тұтынушыларының құқықтары мен мүдделерін қорғау және өз алаңында сауда-инвестициялық ынтымақтастық бойынша атқарылатын жұмыстарды жандандыруға тиіс екенін алға тартып, дағдарыстан кейін экономиканы қайта қалпына келтіру кезінде АХҚО-ның мүмкіндігін пайдалануға басымдық берілетінін айтты.

"Инвестиция тарту мен мемлекеттік активті жекешелендіру барысында және қор нарығын дамытуда "Астана" халықаралық қаржы орталығының әлеуетін белсенді пайдалану қажет. Шаруашылық дауларды шешуде халықаралық қаржы орталығының соты мен төрелік орталығы бизнестің қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент АХҚО инвестициялық салық резиденттігі бағдарламасын ілгерілету үшін сыртқы істер министрлігі арқылы Қазақстанның шетелдегі өкілдіктерімен күш біріктіруге тиіс деген байлам жасап, АХҚО-ның юаньмен облигация шығарғанын және облигацияның исламдық баламасы – сукуктың кросс-листингін өткізгенін оң бағалады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы "Астана" халықаралық қаржы орталығы 2023 жылға дейін өзін-өзі ақтайтын ұйымға айналуға тиіс екенін шегелеп жеткізді. Президенттің тапсырмасы бойынша қаржы орталығы екінші жыл қатарынан бюджеттік өтінімді қысқартты. Мысалы, 2020 жылғы бюджеттік өтінім 13,074 млрд теңге болса, 2021 жылы 11,821 млрд теңгеге азайтылады.

2022 жылы көрсетілген қаражат көлемі 9,9 млрд, 2023 жылы 9,1 млрд теңгеге қысқарады. АХҚО өзін-өзі ақтайтын деңгейге шығындарды оңтайландыру және қатысушы компаниялардан жиналатын салықты ұлғайту есебінен жетуді көздеп отыр.

Республикалық бюджеттен "АХҚО Әкімшілігі" АҚ-ға бөлінген 48,1 млрд теңге АХҚО юрисдикциясында тіркелген. Қомақты қаражат тікелей инвестициялар қорын капиталдандыруға арналған.

АХҚО-ның 13, 074 млрд теңге бюджеті қаржы орталығының әкімшілігі мен органдарына: сот пен төрелік орталыққа, AFSA реттеушісі мен AIX биржасына бөлінеді. Ал 35 млрд теңгелік капитализация шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды қаржыландыруға жұмсалады. Қазіргі таңда тікелей инвестициялар қорының жобалары бойынша шетелдік тікелей инвестициялардың жалпы көлемі 155 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл жобалардың барлығы бірлесе инвестициялау принципімен жүзеге асырылады. Қаржының басым бөлігі шетелдік инвесторларға тиесілі.

"Астана" халықаралық қаржы орталығы сенімді қаржылық платформа ұғымының синониміне айналып, шетелдік инвесторлардың Қазақстанға деген сенімін арттыруы керек", – деді Президент.

Естеріңізге салайық, 2015 жылғы желтоқсанда "Астана" халықаралық қаржы орталығын құру туралы Конституциялық заңға қол қойылып, 2018 жылы 5- шілдеде халықаралық қаржы орталығының тұсауы кесілді.

Біле жүріңіз, "Астана" халықаралық қаржы орталығының  қатысушыларына 50 жылға дейін салық төлемеу құқығы берілген. Сонымен қатар визалық және еңбек режимдері бойынша жеңілдік қарастырылған. Айтпақшы қор нарығын дамытатын қатысушыларға жайлы жағдай жасау үшін АХҚО биржасы жұмыс істейді. Бүгінде оның жұмысына америкалық Nasdaq биржасы мен Шанхай қор биржасы қатысып жатыр. АХҚО-ға ел экономикасына инвестиция тартуға жәрдемдесу, Қазақстанның  бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарығымен ықпалдасуын қамтамасыз ету сонымен қатар ел аумағында исламдық қаржыландыру нарығын дамыту міндеті жүктелген. Айтпақшы АХҚО жанынан құрылған ағылшын құқығына негізделген сот қаржы орталығының қатысушыларына халықаралық заң талаптары бойынша қызмет көрсетеді. Мұндағы тәуелсіз сот пен халықаралық арбитражды орталық тараптардың құқықтарының әділетті қаралуын қамтамасыз етеді. 

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!