67 теңгенің сәбізі 151 теңгеден сатылады

3144

Азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесі 15%-дан аспауы керек.

67 теңгенің сәбізі 151 теңгеден сатылады

Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы туралы баяндама жасады

Министрдің мәлімдеуінше, елдегі инфляция 4-6% деңгейінде сақталып тұр. Ал жылдық инфляция 5,4% деңгейінде қалыптасқан. Былтыр шілде айында бұл көрсеткіш 5,9%-ды құраған.

"Инфляцияның өсуіне азық-түлік тауарлары тікелей ықпал етіп тұр. Олардың инфляция өсіміне қосқан салымы 3,4%-ға пара-пар. Бұл тауарлар баға өсуінің 63%-ын құрады", – деді Руслан Дәленов.

Оның сөзінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы инфляция деңгейінен жоғары.  Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының бағасы артқан. Баға Нұр-Сұлтанда - 15,1%, Жезқазғанда -11,8%, Талдықорғанда - 10,4%-ға өскен. Нұр-Сұлтан қаласында сәбіз - 2,4, пияз - 85,5, картоп - 82,5, күріш - 21,6, ұн 20,8 есе қымбаттаған.

"Тауар  бағаларының қалыптасуына талдау жүргізілді. Түпкілікті тұтынушы үшін баға өндірушілердің немесе импорттық бағалардан едәуір жоғары. Мысалы, сәбізді өндірушінің бағасы 67 теңге болса, нарықтағы сату бағасы 151 теңгені құрайды. Үстеме баға 84 теңгені құрайды. Біз ағымдағы жылы инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Бұл пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады", – деді  ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, 16 тамызда ішкі сауда ережесіне өзгеріс енгізілген. Ережеге сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қосылатын сауда үстемесі 15% -дан аспауы керек. Сондай-ақ отандық азық-түлік тауарларына кемінде 30% сату кеңістігін беру керек.

"Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларды жеткізушілерден сауда желілері алатын ретро-бонустарды белгілеуге тыйым салынды. Басқа азық-түлік тауарлары бойынша 5% дейін сыйақы лимиті белгіленді. 17 тамызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың типтік ережелері күшіне енді. Бұдан былай әкімдіктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сауда желілеріне азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұрғаны үшін айналым қаражатын ұсына алады. Сондай-ақ тұрақтандыру қорлардың резервін қалыптастыру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың рәсімдері жеңілдетілді", – деді Руслан Дәленов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу