"7-20-25" бағдарламасының негізгі қатысушылары кімдер

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
26363

Жеңілдетілген ипотека жобасын 18 банк жүзеге асыруы мүмкін.

"7-20-25" бағдарламасының негізгі қатысушылары кімдер

Былтырдан бері жүзеге асырылып жатқан "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы ипотека нарығының қарқынын күшейтті. 6 маусымдағы жағдай бойынша екінші деңгейлі банктер үй алу үшін 8253 отбасыға 95,3 млрд теңге қарыз берді.

"Баспана" ипотекалық компаниясы" АҚ коммуникациялар қызметі басшысының орынбасары Айбар Олжаевтың мәлімдеуінше, үй алғысы келетін азаматтардың саны күн сайын көбейіп жатыр. Бұған 2018 жылы ипотека нарығында "7-20-25" және "Баспана-хит" тұрғын үй бағдарламаларының үлесі 7,4%-ды, ал 2019 жылдың  I тоқсанында 27,4%-ды құрағаны дәлел.

"Биыл "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерден алынған ипотекалық қарыз сомасы 100 млрд теңгеге жетеді, тіпті одан асады деген болжам бар", – деді Айбар Олжаев.

Оның сөзінше, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары "7-20-25" бағдарламасына жиі жүгінеді.

"Елордалықтардың бағдарламадағы үлесі 34%-ды құрайды. Алматылықтар 21% көрсеткішпен екінші орында тұр. Қалған 45% өңірлердің еншісінде. Ақтау қаласы тұрғындарының баспаналы болуға деген құлшынысы ерекше. Мұнда 3,5 млрд теңгеге 396 несие рәсімделді. Өскемен, Семей қалаларының халқы ипотека нарығының 5%-ын иеленіп отыр. Бұл жерде 380 адам 3,4 млрд теңге қарыз алды. Ал Ақтөбе облысы халқының 418 өтініші қанағаттандырылып, азаматтарға 3,6 млрд теңге берілді", – деді "Баспана" ипотекалық компаниясының" өкілі.

Айбар Олжаевтың айтуынша, "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасының негізгі қатысушылары 24-35 жас аралығындағы тұрақты табысы бар азаматтар.

"Өтініш иелерінің басым бөлігі құны 10,9 млн теңгенің шамасындағы үйлерді таңдайды. Борышкерлердің 60%-ы айына орта есеппен 86 мың теңге төлейді. Несие өтеушілердің 30%-ы 100-120 мың, 10%-ы 120 мыңнан жоғары төлем жасайды", – деді ол.

"Баспана" ипотекалық компаниясы" өкілінің сөзінше, екінші деңгейлі банктер борышкердің несие тарихы мен төлем қабілетіне сын көзбен қарайды. Себебі қаржы институттары тәуекелге қадам жасамайды.  

"Бағдарламаны жүзеге асыру үшін үкімет екінші деңгейлі банктерді қаржыландырады. Борышкер қарызын қайтармайтын болса, екінші деңгейлі банктердің басына күн туады. Олар үкімет берген ақшадан айырылады. Осының алдын алу үшін банктер клиенттердің несие портфелін қайта-қайта тексереді және қажет деп тапқан жағдайда кейбір тұлғаларға несие беруден бас тартады", – деді Айбар Олжаев.

Оның мәлімдеуінше, "7-20-25" бағдарламасы үнемі жаңғырып, жаңарып отырады.

"Таяуда ай сайын төленетін төлем құнын азайту үшін қарыз алушыларға алғашқы жарна ретінде 20%-дан жоғары төлем жасау құқығы берілді. Бұған қоса бағдарламаға қатысушы банктерге қойылатын талапқа өзгеріс енгізілді. Қазір "7-20-25" бағдарламасына 8 банк қатысып жатыр, алдағы уақытта олардың саны 18-ге жетуі мүмкін", – деді "Баспана" ипотекалық компаниясының" өкілі.

"Баспана-хит" "7-20-25" бағдарламасымен бәсекелесуі мүмкін бе деген сұраққа Айбар Олжаев: "Ел азаматтары қайталама нарықтан үй алуға ниет білдіріп, өтініш саны көбейген соң, "Баспана" ипотекалық компаниясы" "Баспана-хит"  бағдарламасын іске қосты. Бұл – нарық заңына бағынатын жоба. Оның пайыздық мөлшерлемесі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне байлаулы. Бүгінгі таңда ол 10,75%-ға тең. Бұл бағдарлама үйіңіз болса да үй алу, қайталама нарықтан пәтер іздеу құқығын береді. Десек те дәл қазір "7-20-25" бағдарламасының дәурені жүріп тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, "7-20-25" бағдарламасы арқылы 8253 несие, "Баспана-хит" бағдарламасы бойынша 6600 несие рәсімделді. Алайда соңғы бағдарламаның қарқыны қатты. Өйткені қайталама нарықтағы үйлерге сұраныс жоғары", –  деп жауап берді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу