"7-20-25": Ипотекалық несиені 90 күн төлемеуге болады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
18902

"Баспана-хит" бойынша қарызын 3 ай қайтармаған борышкерлердің несие тарихы бұзылмайды.

"7-20-25": Ипотекалық несиені 90 күн төлемеуге болады

Ұлттық банк ел азаматтарына екінші деңгейлі банктерден алған ипотекалық қарыздарын 3 ай төлемеуге рұқсат берді. Бұл үшін "7-20-25" және "Баспана-хит" тұрғын үй бағдарламаларына өзгеріс енгізді.

Қаржы реттеушісінің мәлімдеуінше, мұндай шешімнің қабылдануына елімізде жарияланған төтенше жағдай ықпал етті. Ипотекалық несиені өтеуге  жарияланған 90 күндік мораторий борышкердің қарыз жүктемесін уақытша  жеңілдетеді. Иә, иә, уақытша жеңілдетеді. Сіз дұрыс оқыдыңыз және дұрыс түсіндіңіз. Ипотекалық несиені 90 күн төлемеуге болады. Алайда 3 ай төленбеген ипотекалық қарыз үшті-күйлі жоқ болып кетпейді. Ипотекалық қарызды қайтару мерзімінің 3 айға шегерілуі борышкерді банк алдындағы міндеттемесінен босатпайды. 90 күн өтелмеген ипотекалық несие қарыз алушының мойнында төленбеген қарыз болып тұра береді. Бұл – ерте ме, кеш пе, қарыз алушы екінші деңгейлі банкке 3 ай төлемеген ипотекалық қарызын қайтарады деген сөз.

Ұлттық банктің хабарлауынша, 90 күн төленбеген ипотекалық несиеге айыппұл мен өсімпұл есептелмейді және борышкердің "Бірінші кредиттік бюродағы" несие тарихына "қара таңба" түспейді.

"Банктер қарыз алушыларды қолдау үшін барлық шараларды қабылдауға және олардың мәселелерін жеке-жеке шешуге тиіс. Төтенше жағдай кезеңінде қиын ахуалға тап болған қарыз алушылар банктермен бірлесіп, төлем бойынша ақы төлеудің ыңғайлы тетігін әзірлеп шығарады", – деп хабарлады қаржы реттеушісінің ресми ресурсы.

Белгілі болғандай, ипотекалық несиені 90 күн төлемеу мерзімі 2020 жылғы 16 наурыздан басталады. Себебі дәл осы күні Президенттің пәрменімен  елімізге төтенше жағдай енгізілді.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін inbusiness.kz телефон арқылы Ұлттық банкке хабарласты. Өкініштісі, қаржы реттеушісінің өкілдерімен байланысу мүмкін болмады. Ал "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ сыртқы байланыс қызметінің өкілдері "7-20-25" және "Баспана-хит" тұрғын үй бағдарламаларына енгізілген өзгерістің ақ-қарасын ажыратып беруге тырысты.

Қайда, қалай хабарласу керек?

"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ сыртқы байланыс қызметі мамандарының мәлімдеуінше, "7-20-25" және "Баспана хит" тұрғын үй бағдарламалары бойынша Centеrcredit, "Сбербанк", Fortebank, Jysan bank, "АТФбанк", Halyk bank, BankRBK, Eurasian bank сынды екінші деңгейлі банктер несие рәсімдейді. Борыш жүктемесін жеңілдеткісі келген азаматтарға ипотекалық қарыз алған қаржы ұйымына call-орталық, ресми сайт арқылы онлайн хабарласуға немесе банк бөлімшесіне арнайы баруға болады. Банк пен клиент мәселенің мән-жайын анықтағаннан кейін нақты шешім қабылдайды.

"Дәлелдеудің қажеті жоқ"

"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ сыртқы байланыс қызметі мамандарының сөзінше, "7-20-25" және "Баспана-хит" тұрғын үй бағдарламаларының қатысушылары ипотекалық несиені 90 күн төлемеуге жаппай өтініш бере алады. Бұл үшін қаржылық қиындыққа тап болғанын дәлелдеудің қажеті жоқ.

Ескерте кетейік, Ұлттық банк таратқан хабарламада "төтенше жағдай кезеңінде қиын ахуалға тап болған қарыз алушылар" деп нақтыланған.

"Қарызыңызды қайтара беріңіз"

"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ сыртқы байланыс қызметі мамандары осылай деді. Олардың айтуынша, мүмкіндігі бар борышкерлер ипотекалық қарызды 3 ай төлемеу туралы шешімге қарамастан, қарыздарын қайтара бергені дұрыс. Себебі қазір қайтармаған қарызды кейін қайтару керек болады.

"Ипотекалық несиені 90 күн төлемеген қарыз иесінде 3 айдың қарызы жиналып тұрады. Оны бөліп төлеу арқылы қалайда қайтару керек. Яғни ипотекалық қарыз кешірілмейді, тек төлеу мерзімі ұзарады. Азаматтар осыны дұрыс түсінулері тиіс", – деді "Қазақстанның орнықтылық қорының" қызметкерлері.

Естеріңізге салайық бұған дейін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі", "Қазақстан ипотекалық компаниясы" және "Бәйтерек девелопмент" АҚ жеке және  заңды тұлғаларды 3 ай ипотекалық қарызды қайтарудан босатты.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу