"7-20-25": өтініштердің 17 пайызы мақұлданбаған

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
9719

Оған қатысушылардың кредиттік тарихының нашарлығы және ресми кірісінің төмендігі себеп болып отыр.

"7-20-25": өтініштердің 17 пайызы мақұлданбаған

"7-20-25" бағдарламасына алдағы уақытта меншігінде баспанасы бар азаматтар да қатысуы мүмкін. Үкіметтің бүгінгі отырысында Ұлттық банктің басшысы Данияр Ақышев осындай бастама көтерді.

"Бағдарлама талаптарына сәйкес, қатысушылардың басында баспана болмауы керек. Бірақ қоғамда меншікті баспанасы бола тұра, тағы да қосымша баспананы қажет ететін топтар бар. Атап айтар болсақ, бұл қатарға тұрғын үй мәселесін жақсартқысы келетін көп балалы отбасылар, балаларына баспана сатып алуды көздейтін ата-аналар, басқа бір өңірге көшуді құптайтын азаматтар болуы мүмкін. Халықтың осындай қажеттілігін ескере отырып, Ұлттық банк үкіметке бағдарламаға меншігінде баспанасы бар азаматтарға қатысу құқығын беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады", – деді Данияр Ақышев.

Төрағаның бұл ұсынысын үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев та қолдағандай болды. 

"Ұлттық банк тарапынан айтылған ұсыныстарды осы аптаның соңына дейін қарап, жұма күні шешімін шығару керек. Шын мәнінде біраз кедергі бар. Оның бәрін жойып, бағдарламаның жүруін жылдамдатуымыз қажет", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Бас банктің бағдарламаға қатысты өзгеріс енгізуді ұсынғанына қарағанда, "7-20-25" ойдағыдай жүзеге асырылмай жатқан секілді. Оның үстіне статистикалық деректер де осындай картинаның қалыптасып отырғанын көрсетуде.

Мәселен, 17 қаңтардағы дерекке сәйкес, "7-20-25" бағдарламасы бойынша 52 млрд теңгеге 4 350 өтініш мақұлданған. Ал 1 237 өтініш иесі теріс жауап алған. Бұл – өтініш берген азаматтардың 17 пайызы.

Данияр Ақышевтің түсіндіруінше, өтініштердің мақұлданбауына негізінен бағдарлама қатысушыларының кредиттік тарихының нашарлығы және ресми кірісінің төмендігі себеп болып отыр.

"Осы уақытқа дейін 6 млн адам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамтылды. Алдын ала жүргізілген болжамға сәйкес, "7-20-25" бағдарламасы бойынша баспанаға мұқтаждық биыл шамамен 16 мың пәтерді құрамақ", – деді ол.

Еске сала кетейік, жоғарыда атап өткен ұсыныстан бөлек, Ұлттық банк бастапқы жарнаны азайту үшін қызметкерлердің жекелеген санаттарына қолдау көрсетуді бастаған болатын.

"Берілген ипотека бойынша бастапқы жарнаны субсидиялау тетігі енгізілді. Ол әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификаттарын беру арқылы жүзеге асырылуда. Жекелеген өңірлер тұрғын үй сертификаттарын беруге кірісіп кетті. Мәселен, Астана әкімдігі 1 млн теңгеге бастапқы жарнаны субсидиялау үшін мұғалімдерге, дәрігерлерге және полиция қызметкерлеріне 100 сертификат берді", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу