"7-20-25" талаптарына сәйкес келетін пәтер аз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
19076

Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша соңғы орында келе жатқан облыстар белгілі. 

"7-20-25" талаптарына сәйкес келетін пәтер аз

Ұлттық банктің 2020 жылғы 16 шілдедегі ресми мәліметіне сүйенсек, "7-20-25" бағдарламасы аясында республика бойынша 34 457 өтінім қабылданып, оның 19 999-ы мақұлданды. Ел тұрғындарына баспана алу үшін барлығы 231,55 млрд теңге қарыз берілді.

Халықтан түскен өтініштердің мақұлдануы жағынан Нұр-Сұлтан қаласы көш бастап тұр. Елорда бойынша жалпы сомасы 70 млрд теңгені құрайтын 4997 өтінішке банктер тарапынан оң жауап келген. Ал ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында тіркеліп отыр. Сыр өңірінде бар-жоғы 146 өтініш қана мақұлданған. Аутсайдерлер тобында Павлодар облысы да бар. Бұл өңірде 313 адам ғана "7-20-25" бағдарламасы бойынша баспаналы болыпты. Берілген қарыз сомасы – 2,2 млрд теңге. Екібастұз бен Ақсу қалаларын қоспағанда, облыс орталығында екі бірдей жаңа шағын аудан бой көтеріп жатқан Павлодар үшін бұл төмен нәтиже екені айтпаса да түсінікті.

Павлодарлықтардың баспана алуға берген өтініштерінің шамамен жартысына жуығы мақұлданбайды екен. Мәселен, 16 шілдедегі жағдай бойынша "7-20-25" бағдарламасы бойынша баспана алуға 717 тұрғын өтініш берген. Ұлттық банктің Павлодар облыстық филиалының хабарлауынша, келіп түскен өтініштердің тек 400-іне ғана оң жауап берілген. Демек, павлодарлықтардың алып отырған жалақысы тұрғын үй бағдарламасының игілігін көруге жетпейді деген сөз. Екінші жағынан банкке өтініш бергендердің дені пәтер алуға қажетті бастапқы жарнаны жинай алмаған. Сондай-ақ бұған қос-қостан кредит арқалаған кей тұрғынның төлем қабілетінің төмендігін де қосыңыз.

Ең бастысы, Павлодар облысында бағдарламаға лайықтап салынып жатқан жаңа үйлер аз. Ал "7-20-25"-тің талаптарына сәйкес, баспана тек жаңа үйлерден ғана берілуі керек.

Павлодар қаласында "Сарыарқа" және "Достық" шағын аудандарының салынып жатқаны белгілі. Бірақ мұндағы үйлердің әуелгі мақсаты бөлек. Мәселен, "Сарыарқаға" бұрынғы "Алюминстрой" шағын ауданының тұрғындары қоныстануда. Демек, оған "7-20-25" бағдарламасының қатысушылары иек арта алмайды. Сол секілді "Достық" шағын ауданындағы үйлер де басқа мемлекеттік бағдарламаларға арналған. Ал нақты "7-20-25" бағдарламасы үшін салынған үйді көрмедік. Облыс көрсеткішінің төмендігіне кері әсер етіп отырған негізгі фактор да осы.

Бұл Павлодарда көпқабатты жаңа үйлер салынбайды деген сөз емес. Мәселен, Павлодар қалалық әкімдігінің ресми мәліметіне сүйенсек, дәл қазір облыс орталығында көпқабатты 22 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 15-і біз айтқан "Сарыарқа" мен "Достық" шағын аудандарында. Ал 7-і – жекеменшік жобалар. Негізі "7-20-25" бағдарламасына дәл осы жекеменшік үйлер оңтайлы. Бірақ оның құны тым қымбат. Қоңырқай тұрмысты халықтың бұл үйлерге жолай қоймайтыны да содан.

"7-20-25" жобасының ойдағыдай жүзеге асырылмауына баспаналы болуға мүмкіндік беретін өзге де мемлекеттік бағдарламалардың әсері бар. Сондықтан жергілікті халық пәтер алудың басқа да тиімді жолдарын таңдайды. Әсіресе, өңірде "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы қоныс тойын тойлайтындар көп. "Нұрлы жер" арқылы да баспаналы болғандар жетерлік.

Десе де, Павлодар облысында пәтер кезегінде тұрғандар саны айтарлықтай азайған жоқ. Мәселен, әлеуметтік тұрғын үйлерді алайық. Ресми дерекке сүйенсек, жыл басынан бері сатып алу құқығынсыз жалға беру мақсатында Павлодар қаласында бір ғана көпқабатты үй (180 пәтер) тапсырылған. Бірақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алу үшін кезекте тұрғандар өте көп. 2018 жылы кезекте 16 012 адам тұрса, былтыр 15 769-ға дейін түскен. Орташа есеппен кезектегілер саны жыл сайын 200-250 адамға ғана азаяды. Демек, мәселе мұнымен шешілмейді.

Павлодар қаласында тұрғын үйге қатысты тағы бір күрделі мәселенің басы қылтиып келеді. Ол – облыс орталығында ескі үйлердің көбейгені. Бұл проблема екібастұздықтар үшін де өзекті. Басқасын айтпаған күннің өзінде, Ертістің жағасында орналасқан "Химқалашық" шағын ауданындағы үйлердің салынғанына елу жылдан асып барады. Кезінде күштілер қоныстанған бұл аудан қазір ешкімді қызықтырмайды. Себебі жұртшылық пәтерді бертінде салынған үйлерден алғысы келеді. Ал мұндай үйлер аса көп те емес. Ендеше, мәселені түбегейлі шешу үшін облыстағы тұрғын үйдің құрылысын түпкілікті жандандырудан басқа жол жоқ.

Фархат Әміренов


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу