7 министр таныстырған 9 ұлттық жоба бекітілді

1833

Бүгін министрлер кабинетінің мүшелері 2021 жылғы 24 қыркүйекте өткен реформалар жөніндегі жоғары кеңесте Мемлекет басшысы мақұлдаған ұлттық жобаларды бекітті.  

7 министр таныстырған 9 ұлттық жоба бекітілді

Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспарын және Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленген ұлттық жобалар экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді және  халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Естеріңізге салайық, 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді тапсырды. Өз кезегінде үкімет ұлттық жобаларды бюджет қаражаты мен жеке инвестиция есебінен қаржыландыру туралы шешім қабылдады.

9 ұлттық жобаның үшеуін Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев таныстырды. Ол өзі басқарып отырған мекеме мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу", "Кәсіпкерлікті дамыту" сонымен қатар "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" атты ұлттық жобаларды әзірлегенін мәлімдеді.

Министрдің мәлімдеуінше, "Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу" ұлттық жобасы индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия, энергетика кешендерін, геология саласын дамытуды, сондай-ақ шикізаттық емес экспорттың әлеуетін арттыруды көздейді.

"Аталған бағыттарды іске асыру аясында 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара қамтылады. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған. Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шара қабылданады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосылады. 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарыққа, сондай-ақ 350-ге жуық экспорттаушыны Alibaba, Amazon сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етіледі", – деді Әсет Ерғалиев.

Оның сөзінше, өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

"Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көзінің үлесі 6%-ға жетеді. Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд долларды құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияны 75%-ға арттыру жоспарланған. Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2000 мегаватт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуаттарын іске қосу жүзеге асырылады. Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемі 2,3 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделген", – деді Ұлттық экономика министрі.

Әсет Ерғалиевтің сөзінше, "Кәсіпкерлікті дамытудың" ұлттық жобасына 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара жүктелген.

"Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен 1 трлн теңгеден астам, жергілікті бюджеттен 125 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек 7,3 трлн теңге жеке инвестиция тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасауға, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендетуге ықпал етеді", – деді Әсет Ерғалиев.

Оның сөзінше, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шарасымен қамтылады.

"Бастау Бизнес" жобасы аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есе ұлғаяды, 55 мың ауыл кәсіпкеріне нақты қолдау көрсетіледі. Сауда инфрақұрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көп форматты сауда нысандары 6-дан 132-ге жеткізіледі. Қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", – деді министр.

Әсет Ерғалиевтің айтуынша, "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көлік байланысын қамтамасыз етеді. Мақсатқа жету үшін 7,6 трлн теңге қаржы жұмсалады.

"Ұлттық жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 4 трлн теңгеден астам, ал жергілікті бюджеттен 786 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл қаражат шамамен 2,8 трлн теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік береді. "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасының негізгі шараларында тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тартылады, 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желісі салынады", – деп түйді сөзін Әсет Ерғалиев.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2021-2025 жылдарға арналған "Салауатты ұлт" әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау" ұлттық жобасы 4 бағыттан, 9 міндеттен, 21 көрсеткіштен және 72 іс-шарадан тұратынын мәлімдеді.

"Ұлттық жобаны жүзеге асыруға 3,6 трлн теңге жұмсалады", – деді Алексей Цой.

Оның сөзінше, ұлттық жоба аясында аса тапшы мамандықтар бойынша резидентураға бөлінетін білім грантының саны 3 800-ге дейін өседі.

"Ұлттық жоба аясында санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларының үлесін көбейту ескерілген. Қабылданған шаралар халықаралық стандартқа сәйкестендірілген зертханалар санын арттыруға, дәрілік әрі медициналық заттардың 30-дан кем емес жаңа өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді", – деді денсаулық сақтау министрі.

Алексей Цой ұлттық жобада темекі тартатын азаматтардың санын азайтып, спортпен айналысатын адамдардың қатарын көбейтуге басымдық берілетінін баяндады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин "Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс" атты ұлттық жобасы арқылы интернет пайдаланушыларының санын 91%-дан 95%-ға жеткізу, мемлекеттік қызмет көрсету уақытын 9 күннен 5 минутқа дейін қысқарту, бизнестен талап етілетін деректердің 50% онлайн есепке алу, Қазақстан аумағы арқылы "Азия-Еуропа" жалпы транзиттік деректердің трафик деңгейін 3%-дан 8%-ға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

"IT-экспорты 500 млн долларға жеткізу, инновациялық өнім көлемін 1,7-ден 2,5 трлн теңгеге арттыру, коммерцияландыру жобаларының қаржыландыруын 50%-ға жоғарылату көзделген", – деді Бағдат Мусин.

Министрдің мәлімдеуінше, ұлттық жоба 2 блокқа бөлінген.

Цифрлық трансформация блогына IT саласын дамыту, ыңғайлы өмір сүруге арналған цифрлық құралдарды қолданысқа енгізу, технологиялық және инновациялық бизнесті дамыту және сапалы интернет пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Ал ғылым блогы ғылым-өндіріс-бизнес принципін негізге алады. Осы бағыт бойынша ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру ісімен айналымсады.

"Ұлттық жобаны іске асыру үшін 1,4 трлн теңге мөлшерінде бюджет қаражаты қажет. Оның ішінде цифрландыру және инновацияларға 587,8 млрд теңге және ғылым бағытына 833 млрд теңге қарастырылған. Ұлттық жобаны іске асыруға 800 млрд теңге жеке инвестицияны тарту жоспарланған", – деді Бағдат Мусин.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеу барысында министрлік агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы жаһандық сын-қатерлер мен әлемдік трендтерді осыған дейінгі мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асырудың қорытындылары назарға алынғанын айтты.

"Ұлттық жоба аясында еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту, 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру көзделіп отыр", – деді Ербол Қарашөкеев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасы 3 бағыт бойынша жүзеге асырылатынын мәлімдеді.

"Бірінші бағыт 2 негізгі міндетті көздейді. Бұл – Елбасы мен Мемлекет басшысының идеялық бастамалары негізінде іске асып жатқан "Рухани жаңғыру" бағдарламасына жаңа леп беру арқылы ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. Атап айтқанда, халық арасында ұтымды салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды, елдік тәлім-тәрбие мен рухани үстемдікті дәріптеу және қоғамдық сананың мәдени деңгейі мен талғамын көтеру арқылы өркениет көшіне ілесетін, бәсекеге қабілетті жаңа ұлт келбетін жасау. Балалар мен жастар арасында қазақ тілді орта қалыптастыру арқылы мемлекеттік тілді – ұлтаралық тіл дәрежесіне жеткізу. Бұл міндетті орындау үшін 2025 жылға дейін қаржылық жағынан негізделіп, өзара біріктірілген 38 ауқымды іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған", – деді Аида Балаева.

Министрдің мәлімдеуінше, екінші бағыт "Ел Рухы" деп аталады. Бұл бағыт мәдени қызметтің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімділігін арттыруға және ел аумағынан тыс жерлерде отандық мәдениетті дәріптеп, танымал етуге ықпал етеді.

"Ұлттық жобаның "Тәуелсіздік ұрпақтары" деп аталатын үшінші бағыты жастардың рухани кемелденіп, кәсіби өсіп, қоғамдық жетілуін көздейді", – деді Аида Балаева.

"Жасыл Қазақстан" ұлттық жобасын Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев таныстырды.

"Ұлттық жоба халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған. Ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды", – деді министр.

Серікқали Брекешевтің баяндауынша, "Таза Қазақстан" атты бірінші бағыт атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланған.

"Екінші бағыт – "Үнемді Қазақстан". Осы бағыт бойынша 401 арна реконструкцияланып, 212 арна цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабы 4 текше шақырымға азаяды. Ұлттық жобада суарылатын жерлерді 600 мың гектарға ұлғайту шарасы қарастырылған. Қосымша суару көздерін құру үшін 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында су жинау көлемі 1,7 текше шақырымды құрайтын 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы екінші міндет – өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық жабдығын жаңғырту және бюджеттік сектордағы жарықтандыруды жаңғырту есебінен энергия тиімділігін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде арттыру", – деді министр.

Жария болғандай, ұлттық жобаның "Табиғат" атты бағыты 2 млрд ағаш отырғызу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру шарасын қамтиды. Ал "Экология болашағы" атты төртінші бағыт халықтың экологиялық білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған.

"BILIMDI ŪLT баршаға арналған сапалы білім" ұлттық жобасы 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шарадан тұрады екен. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: "Ұлттық жоба аясындағы басты – балабақшалардың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Бұл үшін мектепке дейінгі ұйымдардың желісі дамытылып, мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастылады. Барлық балабақшаға баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі", – деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, балабақшалардың мемлекеттік білім беру стандарты "Ойын арқылы оқыту" принципі бойынша өзгертіледі. Осыған орай балаларды ерте жастан дамыту бойынша педагогтарға біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамту 95%-ға жетеді, ал 3-6 жастағы балаларды қамту 100% болады.

Министрдің мәлімдеуінше, ауыл мектептері жан басына қаржыландыру жүйесіне көшіріледі.

"2023 жылдан бастап толық жинақталған ауыл мектептерін жан басына қаржыландыруға біртіндеп көшіру жоспарланып отыр. Бұл да қала мен ауыл мектептері арасындағы сапа алшақтығын шешуге мүмкіндік береді", – деді Асхат Аймағамбетов.

Ұлттық жобаны жүзеге толық асқан жағдайда еімізде 3 ауысыммен білім беретін мектеп болмайды. Осы турасында Асхат Аймағамбетов: "3 ауысымды мектептерді толығымен жою жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 5 мың мектеп жаңғыртылады", – деді.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу