700 млн теңге қарыз: "Астана" футболшылары жалақыларын ала алмай жүр

98

Футболшылар берешек өтелгенге дейін ҚПЛ матчтарына қатыспайтынын ескертті.  

700 млн теңге қарыз: "Астана" футболшылары жалақыларын ала алмай жүр Фото: kazfootball.kz

"Астана" футбол клубындағы қаржылық қиындық ушығып, негізгі құрам ойыншылары ресми матчтарға қатысудан бас тартты. Футболшылар клуб пен оның құрылтайшысынан кемінде үш айлық берешекті өтеуді талап етіп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты 1bol.kz спорт порталына сілтеме жасап.

Команда мүшелері клуб басшылығы мен "Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры" корпоративтік қорына ұжымдық өтініш жолдаған. Құжатта жиналған қарыздың мөлшері ойыншылар үшін қолайсыз деңгейге жеткені айтылған.

Футболшылар берешек өтелгенге дейін Қазақстан Премьер-лигасының қалған матчтарына қатыспайтындарын ескерткен.

Инсайдер Эльдар Аманбаевтың мәліметінше, клубтың футболшылар алдындағы қарызы шамамен 700 миллион теңгеге жеткен. Алайда "Астана" басшылығы бұл соманы ресми түрде растаған жоқ. Клуб берешектің бар екенін мойындағанымен, оның нақты көлемі мен қашан өтелетінін ашып айтпады.

"Астана" өзінің ресми мәлімдемесінде негізгі құрамдағы бірқатар ойыншы алдындағы жекелеген келісімшарттық міндеттемелердің орындалмағанын және футболшылардан ұжымдық өтініш түскенін растады.

"Клуб басшылығы футболшылардың ұстанымына түсіністікпен қарайды. Қалыптасқан қаржылық қиындықтарға қарамастан, футболшылар мен жаттықтырушылар штабы ұзақ уақыт бойы өздерінің кәсіби міндеттерін толық орындап, жаттығу үдерісіне және ресми матчтарға қатысып, алаңда "Астана" ФК мен Қазақстан астанасының намысын абыроймен қорғап келеді.

Клуб команда мүшелерінің сабырлылығын, жауапкершілігі мен кәсібилігін жоғары бағалайды. Қалыптасқан жағдай футболшылардың Клубқа, оның жанкүйерлеріне және спорттық мақсаттарына деген адалдығына күмән келтірмейді", – делінген мәлімдемеде.

Қазір басшылық құрылтайшымен бірге қаржылық жағдайды тұрақтандыру және қарызды өтеу жолдарын қарастырып жатыр. Дегенмен клуб берешекті жабудың нақты кестесін жариялаған жоқ. Қаржы дағдарысының неден туындағаны да ресми мәлімдемеде көрсетілмеді.

Сонымен қатар "Астана" Қазақстан чемпионатынан шықпайтынын және 2026 жылғы маусымды толық аяқтайтынын хабарлады. Негізгі құрам алаңға шығудан бас тартқан жағдайда командаға жастар, резерв және клуб сапында ойнауға құқығы бар басқа футболшылар тартылуы мүмкін.

Бұл жағдай елордалық клуб үшін маусымның ең жауапты кезеңінде туындап отыр. "Астана" 23 матчтан кейін 45 ұпай жинап, ҚПЛ кестесінде үшінші орында келеді. Команда көш басындағы "Ордабасыдан" 10, екінші орындағы "Қайраттан" 9 ұпайға қалып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу