73 мың отбасы мемлекетке 156 млн теңге қайтарды

5708

Тұрмысы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген көмек көрсетіледі. 

73 мың отбасы мемлекетке 156 млн теңге қайтарды

Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған 73 мың отбасы мемлекетке 156 млн теңге қайтарғанын жариялады.

"2018 жылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін табысқа қойылатын өлшемшартты алғаш рет ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40%-нан 50%-на дейін көтеріп өзгерткен болатынбыз. Осы жылдың 1 сәуірінен бастап кедейшілік шегі 50%-дан 70%-ға дейін өсті. Сондай-ақ табысы төмен отбасының әрбір баласына атаулы әлеуметтік көмек нақты 20 789 теңге мөлшерінде белгіленді. Шартсыз ақшалай көмекті тағайындау мерзімі 3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды. Соңғы 9 айда 2 млн 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке 206 млрд теңге қарастырылды", – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің мәлімдеуінше, жекелеген азаматтар атаулы әлеуметтік көмектің кеңейтілген мүмкіндігін теріс пайдаланған.

Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде 73 мыңнан астам отбасы табыстарын жасырып, атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алған. Мұны жергілікті атқарушы органдар анықтаған. Нәтижесінде мемлекетке 156 млн теңге қайтарылды", – деді Біржан Нұрымбетов.

"Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін заңға қайшы әрекетке бару мұқтаждық емес, масылдық екенін тілге тиек еткен премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев: "Өкінішке қарай, табыстарын жасырып, атаулы әлеуметтік көмек алған отбасылар көбейіп кетті", – деді.

Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, Алматы, Семей, Өскемен, Қарағанды, Жезқазған қалаларының тұрғындарымен болған кездесуде олар атаулы әлеуметтік көмекті тұрмысы төмен отбасыларға төлеуді сұраған.

"Жоғарыдағыларды ескере отырып, атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетігінің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа заң жобасын ұсынып отырмыз. Аз қамтылған, көпбалалы отбасы әр уақытта мемлекеттің қамқорлығында болады", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Белгілі болғандай, атаулы көмек тағайындау барысында тұрмысы төмен отбасылардың балаларына кепілдендірілген мемлекеттік көмек көрсетіледі.

"Балалар тегін ыстық тамақпен, гигиеналық заттармен, оқу құралдарымен  қамтамасыз етіледі. Бұған қоса,тегін жол жүру құқығына ие болады және оларға мектеп формасы тегін беріледі", – деді үкімет отырыснда министр Біржан Нұрымбетов.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу