Биылғы жарыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, ата-бабалар рухына тағзым ету мен ерлікке құрмет білдіруді мақсат етеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жарыстың негізгі идеясы – қазақ халқының батырлық тарихын жаңғырту. Марафонға шабандоздар Бақанас көпірінен шығып, Қонаев қаласындағы "Қарлығаш" шағын ауданында мәреге жетеді. Бағыт тарихи және табиғи көрікті жерлерді қамтиды.
Тарихи деректерде жауға қарсы шапқан тұлпарлар жайлы жиі айтылады. Батыр Бауыржан Момышұлының ақбоз аты туралы естелігі осының дәлелі: "Мен ат баптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер мен білсем бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі ақбоз екен".
Биылғы бәйгеге шетелдік 7 команда (Ресей, Оңтүстік Африка, Мажарстан, Иран, Қырғызстан және т.б.) және Қазақстанның 13 командасы қатысады.
Жарыс аясында этноауылдар, фотозоналар мен интерактивті алаңдар құрылып, шара халықаралық мәдени байланысты нығайту алаңына айналады.