Қытай қазақ етінің экспортына қойған шектеуін алып тастады

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
3400

Соңғы 6 айда ішкі нарықтағы еттің бағасы 6,1%-ға өсті.

Қытай қазақ етінің экспортына қойған шектеуін алып тастады

Біздің ел 2020 жылға дейін етті мал шаруашылығының өндірісін 650 мың, ал ет экспортын жылына 100 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева айтқандай, жоғарыдағы межені бағындыру үшін үкімет қолдан келгеннің барлығын жасайды.

Биылғы көрсеткішке келетін болсақ, жыл басынан бері 5,3 мың тонна ет экпортталған. Ал өткен жылы сыртқа жөнелтілген ет бұдан әлдеқайда көп болған. Мұның сырын вице-министр тауық етінің экспорты 1,5%-ға кемігендігімен түсіндіреді.

Белгілі болғандай, тауық етінің экспорты қысқарғанымен, қой етінің экспорты 53 мың тоннаға жеткен. Бұл былтырғымен салыстырғанда 4 есе көп көрсеткіш.

Осыдан біраз бұрын жасаған мәлімдемесінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов біздің ел ҚХР, Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, БАӘ және Кувейт мемлекеттерінің талабына сай келетін шара қабылдап, экспорттың жол картасын әзірленгенін жеткізді.

Бұл ретте біз Қытайға экспортталатын етке ерекше тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Себебі 2013 жылдан бері Қытай "ветеринарлық талапқа сай емес" деп Қазақстанның етін қабылдамай қойды. Таяуда мәселе оңынан оңғарылды. Қытай еліміздің 9 облысына қойған шектеуін алып тастады. Нәтижесінде жыл соңына дейін Қазақстаннан Қытайға сиыр мен қой еті экспортталатын болды.

"Біз экологиялық таза ет тасымалдау мәселесін қарастырып жатырмыз. Алдағы уақытта жылына 60 мың тоннаға дейін сиыр және 300 мың тоннаға дейін қой етін Қытайға тасымалдаймыз. Бұл сандар отандық ет өңдеуші кәсіпорындардан алынды. Олар тиісті тексерістен өткеннен кейін Қытайға ет экспорттай алатын кәсіпорындардың тізіміне енеді", – деді осыған қатысты пікір білдіргенде ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде бұрыннан жұмыс істеп тұрған экспорттық арналарды кеңейтіп, жаңа әрі тың әлеует қалыптастыру мақсатында экспорт орталығы құрылды. Оған сатып алушыларды іздеу, өнімді жеткізу бойынша сауда желілерімен келісімшарт жасау, сауданы қаржыландыру, экспорттық келісімшарттарды сақтандыру және логистикаға арналған экспорттық грант ұсыну міндеті жүктелді. Қазіргі  ет экспорты осы орталық аясында атқарылып жатыр.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қытай тарапынан үлкен сұраныс туып тұр. Соған сәйкес сиыр етінің өндірісін 2, құс етін 3, балық өнімін 10, алма өндірісін 5 есеге дейін  ұлғайтуға болады.

Күні кеше Батыс Қазақстан облысынан Иранға ет экспортталды. Осының алдында ғана "Батыс Марка Ламб" ЖШС Иран ислам мемлекетіне жыл соңына дейін 1500 тонна тоңазытылған марқа етін экспорттау жөнінде келісімшартқа қол қойған болатын. Уәде бойынша батысқазақстандықтар  Иранға осымен екінші рет марқа етін жөнелтті.

Айта кетейік, "Батыс Марка Ламб" ЖШС тәулігіне 1400 бас марқа сояды. Осыдан 2 жыл бұрын іске қосылған кәсіпорында қазір 80-нен астам адам жұмыс істейді. Былтыр кәсіпорын Ресей Федерациясына 180 тонна марқа етін экспорттаса, биыл қосымша 50 тонна марқа етін жеткізуді жоспарлап отыр.

"Біз экологиялық таза өнім өндіреміз. Сондықтан Иран елінде біздің өнім жоғары бағаланады. Иран кәсіпкерлерінің өз талаптары бар. Оларға марқа еті керек, әрі еркек мал болуы қажет. Біз олардың талабын толық қанағаттандырып отырмыз", – дейді "БатысМаркаЛамб" ЖШС директоры Руслан Темірболат.

Айтпақшы біз өзгелерді жарылқап жатқанда, ішкі нарықтағы еттің бағасы 6,1%-ға шарықтап кетті. Соңғы 6 айда Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа мүше-мемлекеттердің бірде-бірінде баға дәл біздегідей құбылған жоқ. Салыстыратын болсақ, Арменияда еттің бағасы 3,7, Қырғызстанда 3,2, Ресейде 0,1%-ға ғана көтерілді.

Тұтынушының қалтасын қағатын баға Астанада анықталған. Мұнда сиыр етінің бір келісі 1641 теңгені құрап, еліміздегі орташа көрсеткіштен 17,2%-ға алшақтаған. Қой етінің 1 келісі 1 750 теңгеден саудаланып, орташа көрсеткіштен 26,3% ауытқыған. Ал жылқы етінің 1 келісі 1785 теңге деп   белгіленіп, орташа көрсеткіштен 14,9%-ға қымбат болған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться