Абай облысындағы өрт: Бородулиха ауданында ТЖ режимі жарияланады

1226

Бүгінгі таңда орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. 

Абай облысындағы өрт: Бородулиха ауданында ТЖ режимі жарияланады Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Үкімет отырысында Абай облысының әкімі мен құзырлы орган өкілдері  өңірдегі өртке қатысты баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz

"Үкімет отырысын Абай облысындағы өртке байланысты күрделі жағдайдан бастаймыз. Өрт Семей орманы резерватының аумағына өтіп, елдімекендерге қауіп төндірді. Алдымен облыс әкімдігін, одан кейін уәкілетті органдарды тыңдаймыз", - деді Әлихан Смайылов.

Абай облысының басшысы Нұрлан Ұранхаевтың айтуынша, орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда. 

"Жедел штаб құрылды. Жағдай ерекше бақылауда. Өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізілуде. Орман алқабындағы өртті сөндіруге желдің екпіні және су-батпақты жерлер кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалысын қиындатуда. Өрт шалған аумақтың ауданы 3,5 мың гектарды құрайды. Орман өртін сөндіруге 201 бірлік техника, 8 тікұшақ, 1 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамның 852 адамы жұмылдырылды. Бүгін Бородулиха ауданы бойынша төтенше жағдай режимі жарияланады", - деді өңір әкімі. 

Нұрлан Ұранхаев елдімекендерге келер қауіп жоқ деп сендірді. Соған қарамастан сақтық шаралары мақсатында 277 адам өздігінен туыстарының үйлеріне эвакуацияланғанын жеткізді. 

"Тонау фактілерін алдын алу мақсатында эвакуациялау орнында 20 полиция қызметкері кезекшілік етуде. Бородулиха ауылында 331 орынға шұғыл эвакуация жағдайына 3 эвакуациялық пункт дайындалды. Орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда және бақылауда", - деп қорытындылады Нұрлан Ұранхаев.

Төтенше жағдайлар министрінің м.а. Ибрагим Күлшімбаевтың сөзінше, қазіргі уақытта республикалық және облыстық деңгейде жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Өрт орнында ведомство атынан жетекшілік ететін вице-министр бар, деді ол.

"Бастапқы кезеңде өртті жою үшін орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен, 434 адамнан, 109 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 1 өрт сөндіру поезынан тұратын азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары топтамасы құрылды. Жедел жағдайдың нашарлауына байланысты, сіздің тапсырмаңыз бойынша Әлихан Асханұлы кеше Роман Васильевичтің төрағалығымен республикалық жедел штабтың отырысы өтті, онда мемлекеттік органдарға тиісті міндеттер қойылды. Экология министрлігіне өрт сөндіру жетекшісі ретінде көмектесу үшін Төтенше жағдайлар және Қорғаныс министрліктерінің күштері мен құралдары қосымша жіберілді", - деді ТЖМ өкілі.

Ибрагим Күлшімбаев өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Экология және табиғи ресурстар министрліктері, Қазақстан темір жолы, жергілікті атқарушы органдар және облыстың коммуналдық қызметтерінің күштері мен құралдары жұмылдырылғанын жеткізді.

"10 тікұшақ жұмылдырылды, оның ішінде 5-і – ТЖМ, 3-і – ҚМ, 2 бірлік ЭТРМ, 4 әуе кемесі бүгін таңертең өрт орнына келді. Өртті сөндіру үшін 10 тікұшақтың 8-і су ағызу құрылғысымен, 2-і барлау және десанттарды жеткізу үшін. Жағдай бақылауда, өртті оқшаулау және жою бойынша барлық шаралар қабылдануда", - деді Төтенше жағдайлар министрінің м.а. Ибрагим Күлшімбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу